Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2018

Түркістан-түркі халықтарының рухани орталығы

1265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысындағы 2 миллионға жуық тұрғынның 16 пайызы өзбек этносының өкілдері. Облыс аумағында 14 мектеп өзбек тілінде білім берсе, 130-дан астам мектепте өзбек тіліндегі оқу сыныптары бар. Одан бөлек, облыстық өзбек драма театры мен бірқатар басылымдар жұмыс істейді.

Түркістан-түркі халықтарының рухани орталығы

Өзбек халқының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күніне арналған «Түркістан-түркі халықтарының рухани орталығы» атты мерекелік шара Түркістан қаласындағы Есім хан алаңында өтті.

Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігі ұйымдастырған мерекелік іс-шараға Парламент депутаттары, Өзбекстан Республикасынан арнайы келген делегация өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Мерекелік шара қонақтардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуімен басталып, өзбек этномәдени бірлестігінің қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдары және ақын-жазушылардың таңдаулы туындыларының көрмесін тамашалаумен жалғасты.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев көпшілік алдында сөйлеген сөзінде елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, татулық пен тұрақтылықты сақтаудың маңызына тоқталды. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге керек. Бірлігіміз болса, біз бір-бірімізді сыйлаймыз. Бұған дейін осылай болған, бұдан кейін де солай болуға тиіс» деген болатын. Бірліктің қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды міндет екенін ұғынуға міндеттіміз», - деді облыс әкімі.

Жиында ел бірлігін нығайтуға қазақстандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерінің «Достық» қауымдастығының «Қоғам белсендісі» төсбелгісімен марапатталды.

Мерекелік шара отандық және өзбекстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы