Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

Күллі адамзат арманы – ядролық қарусыздану

909 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2018 жылғы 6 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы мінберінен қазақстандық суретші, ядролық зұлматтан зардап шегуші, АТОМ жобасының құрметті елшісі – Кәріпбек Күйіковтің атом сынақтарының зардабы туралы жеткізген мұңын төрткүл дүние күңірене тыңдады. БҰҰ-ның бұл отырысы Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай өткізілген болатын.

Күллі адамзат арманы – ядролық қарусыздану

«Мен ядролық қару деген кеселден тірі қалғандар мен құрбан болғандар атынан сөз алғым келеді. Бүгін мен ядролық сынақтардың бар сұмдығы мен ауыртпалығын бастан кешірген Қазақстанның ащы зары туралы айтамын», деп бастаған ол, ядролық қару­дың бүкіл адамзатқа төндірген кеселі туралы әңгімелеп берді. 

Айта кету керек, АТОМ жобасы – Қазақстан Респуб­ли­к­асы­ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық ядролық қарусыздану және қо­ғамдық дипломатия сала­сын­дағы маңызды бастамасы. «АТОМ» сөзі – ағылшын тілінен аударғанда «Біздің мис­сиямыз – сынақтарды тоқ­тату» деген сөздердің бірінші әріптерінен құралған. 

Бұл бастаманы Мемлекет басшысы 2012 жылғы 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықара­лық күні өткізілген «Ядролық сынақ­тарға тыйым салудан – ядро­лық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференцияда жария еткен еді. 

Осы жобаның құрметті елшісі, ядролық сынақтардан зардап шеккен 1,5 мил­лион қазақстандықтардың бірі болып саналатын К.Күйіков бүкіл дүниежүзі халқын осы жылғы 29 тамыз күні 11 сағат 5 минутта 1 минуттік үн­сіз­дік жариялап, ядролық сы­нақ­тар­дың құрбандарын еске алуға шақырған болатын. Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің қызметкерлері де аталған бастамаға үн қосып, айтылған уақытта үнсіздік жариялады. 

Бұл орайда, 456 ядролық жарылыс жасалған Семей ядролық полигонының жабыл­ғанына биылғы тамызда 27 жыл толғанын ерекше айтуға тиіспіз. 

Президент Н.Ә.Назарбаев бұрынғы КСРО басшылы­ғының, елдің әскери жүйесінің қысымына қарамастан, өз халқының талап-тілегін орындау үшін 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ол: «қазақстандықтардың ядролық сынақтарға қарсы көңіл-күйі жойқын болғаны соншалық, біз Семей полигонын еліміз тәуелсіздік алғанға дейін, КСРО құламай тұрып-ақ жабуға қол жеткіздік», деп жаза отырып, қазақ халқының сынақ полигонын жабуға деген ерік-жігерін паш етті. 1992 жылы Мемлекет басшысы Лис­сабон хаттамасына қол қой­ды және республика қолда бар ядро­лық қаруын Ресей Феде­ра­циясына табыстады. Осы­лай­ша, Қазақстан басқа ел­дермен ынтымақтастық үшін ашық, бейбітсүйгіш мемлекет ретін­де әлемге танылды және осы­ның арқасында әлемдік дер­жа­валардың қолдауына ие болды.

Семей полигоны жабыл­ған тарихи оқиғадан кейін өр­кениетті әлем елдері жаһан­дық қарусызданудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 

 1995 жылы Қазақстанның қуаты жағынан дүниежүзі бойынша төртінші орынды иемденген ядролық арсеналдан бас тартуы оның әлемдегі бейбітшілікті және жаһан­дық қауіпсіздікті нығайту ісіне қосқан қомақты үлесі бол­ды. Ал 2009 жылғы желтоқ­сан­да еліміздің бастамасы бо­йынша БҰҰ Бас Ассамблея­сы 29 тамызды Ядролық сынақ­тарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жариялады.

2010 жылы Қазақстан­да­ғы сынақ алаңын аралаған сол кез­дегі БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «Мен Елбасы Н.Назарбаевқа Семей поли­гонын жабу туралы батыл шешім қабылдағаны үшін те­рең құрмет сезімімді біл­діре­мін», деп пікір айтқан еді.

2010 жылы сәуірде Ва­шинг­­­тон қаласында өткен Ядро­­лық қауіпсіздік жөнін­­дегі сам­митте АҚШ пре­зи­­денті Б.Обама Елбасы Н.Наза­р­баевты «әлемдік көш­­бас­­шы­лар үшін жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау және ядро­лық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету мәселесіндегі үлгі тұтар тұлға ретінде» атай оты­рып, оның осы саладағы қыз­метіне жоғары баға берген бола­тын. Осы форумда сөз сөй­ле­ген Бас хатшы Пан Ги Мун да Қазақстанның ядролық қару­сыздану саласындағы еңбегін ерекше атап, Семейге үміт символы деген атау берген еді. 

2011 жылы қазанда Астана және Семей қалаларында «Ядро­­лық қарусыз әлем үшін» атты халықаралық кон­фе­рен­­­ция­лар өтті. Аталған басқосу­ларға БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ЕАЭО, МАГАТЭ, т.б. халық­ара­лық ұйымдардың өкілдері, ядро­лық қарусыздану мен оны таратпау мәселесіне үлес қос­қан әлемдік деңгейдегі саяси қайраткерлер, халықаралық және отандық ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты. Конферен­ция қорытындысы бойынша «Ядролық қарусыз әлем үшін» деп аталатын Астана декларациясы қабылданды. Жиынға қатысушылар Қазақстан Пре­зиденті Н.Назарбаевтың ядро­лық қарусыздану саласындағы жаһандық процеске қосқан зор үлесін тани отырып, барша мем­лекеттерді қысқа мерзім ішінде ядролық қаруды то­лық жоюға бағытталған тиісті қадам­дар жасауға шақырды.

Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы көктемде Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте жария етіліп, БҰҰ ресми құжатына айналған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесті еліміздің ядролық қаруға қарсы ауқымды бастамаларының бірі болды. Бұл құжат халықаралық саяси топтар ішінде кең резонанс туғызып, сарапшылар оны жаһандық қауіпсіздік жолында өзара іс-қимыл жасаудың бірегей моделі деп атады.

Құжатта «Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ын­ты­мақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бү­гін­де бұл елес сағымға айналуы ықт­имал. Әлемге та­ғы да қа­тер төніп тұр және оның ауқы­мын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһан­дық соғыс!» деп атап көр­сетіледі. Н.Назарбаев ха­лық­­аралық қатынастардағы туын­дап жатқан жанжалдасу қатерін айта отырып, «Соғыс­тың тамырына балта шабу – адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті» екеніне аса мән береді. 

Президент әлемді ядролық және басқа да жаппай қырып жоятын қарудан азат етуге шақырады. Әңгіме ядролық арсеналдан бас тарту туралы ғана емес, қырып-жоятын қару­дың жаңа түрлерін жасау­ға арналған ғылыми жаңа­лық­тарды пайдалануға толық ты­йым салу жөнінде болып отыр. Бұл үшін БҰҰ қырып жоятын қаруды жасау және жетілдіру үшін пайдаланылуы мүмкін ғылыми жаңалықтардың тізі­лімін жүргізуді ұсынды. 

Оған қоса, манифесте жер шарында бейбітшіліктің ор­нығу аймақтарын ұлғай­ту, жаһандық қауіпсіздікке қа­тер төндіретін милитаризм­ді еңсеру қажеттігі баса айтылды. Н.Назарбаев әскери блоктарға БҰҰ туы астында Мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіп­сіздік жолындағы жаһан­дық коалициясын қарсы қою керек­тігін атап көрсетеді. 

Сондай-ақ құжатта соғыс­тар мен жанжалдардың түбе­гейлі себептерін жою үшін БҰҰ-ның 100 жылдығы мерей­тойы қарсаңында «Жаһан­дық Стратегиялық Баста­ма-2045» атты Жоспарды әзір­леу ұсынылды. Сөйтіп Ел­басының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесті дүниежүзін еліміздің ядролық қарусыздану саласындағы атқарған ілгерінді істері туралы хабардар етіп, ядролық қарудан азат әлем құру үшін келешекте қандай шаралардың атқарылуы тиіс екенін жіктеп берді. 

Жоғарыда айтылған, жер жүзінде бейбітшіліктің орнауына кепіл болатын Ядролық сы­нақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт осыдан 21 жыл бұрын қабылданып, бар­лық елдерге қол қою үшін б­еріл­­ген екен. Бүгінде Шартқа 183 ел қол қойған, 164 ел он­ы ра­ти­­фи­кациялаған. Яғни әлем­нің тоқсан пайыздан ас­там мем­лекеттері ядро­лық сынақ­тар­дың болмауын қалайды. Алайда шарт күшіне енуі үшін оны әлі 44 ел ратификациялауы керек.

БҰҰ мінберінен сөз сөйле­ген, ядролық зұлматтың кесірі­нен тәні мүгедек, жаны жаралы қазақ баласы – К.Күйіков: «Ядролық қарудың күллі құр­бандары атынан Мысыр, Үнді­стан, Иран, Израйль, Солтүс­тік Корея, Қытай, Пәкі­стан және АҚШ сияқты ел­дер­дің көш­басшылары мен заң шы­ғарушыларына өтініш білдіру­­ге рұқсат етіңіздер: Ядро­лық сынақ­тарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойып, ра­ти­­фикациялаңыздар, келешек ұрпағымыз үшін ядрлолық сынақтардың қауіп­ті болмайтынына кепілдік бері­ңіздер. Осының уақыты келді», деп батыл мәлімдеді. 

Ядролық сынақтардың сұм­ды­ғын басынан өткерген барша қазақстандықтардың, бейбіт өмір сүруді көксеген бар­лық өркениетті адамзаттың қалауы да осы! 

Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ, 

Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі