Кино • 24 Қыркүйек, 2018

«Таланның» тұсауы кесілді

588 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы «Сары-Арқа» кинотеатрында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Талан» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

«Таланның» тұсауы кесілді

Елорданың кезекті бір ке­шін нағыз кино атмосферасы­на бөлеген айтулы шараға фильм режиссері Болат Қалым­бетов, туынды авторы Жү­сіпбек Қорғасбек, басты рөл­дегі актерлер – Асан Мәжит, Ерік Жол­жақсынов, Шынар Жа­ныс­бекова, Ержан Нұрымбет және Дулат Исабеков, Исрайыл Сапар­бай бастаған әдебиет пен өнер әлемі­нің көрнекті тұлғалары қатысты.

«Талан» – Болат Қалым­бе­товтің «Сардардан» кейінгі 13 жыл­дық үзілістен соң жарыққа шыққан жаңа туындысы. Жа­зушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша түсірілген режиссердің көрерменін ұзақ күттірген бұл фильмінде жиырмасыншы ғасыр­дың 30-40-шы жылдардағы ел тарихында орын алған оқиға­лар қарапайым адамдардың өмірі арқылы баяндалады. 

– Кезінде Болат екеуміз фильм­нің атауын ұзақ ойландық. Со­дан тағдырдың бір терең тамырын іздедік те, таланды тауып, жаңа туындыны осылай атадық. Жалпы, бұл – Болаттың киносы ғой. Бірақ мен бүгінгі туынды туралы «Аяғанға арналған кино» деген мақала жазғым келеді. Кітаптан шығармамды көріп, фильмнің алғашқы жобасын ойлаған Ая­ған Шәжімбай деген досым болатын. Менің повесім бойынша түсірілген өздеріңіз жақсы білетін «Жансебіл» фильмінің режиссері. «Қасқыр-адам» Ая­ған­ның өнерге айналдырсам деген екінші көркем киносы болатын. Бірақ үлгермеді. Енді, міне арада көп жыл өткеннен кейін Болат соны жаңаша тірілтті. Өзінің қолтаңбасы көрініп тұр. Мүлдем басқа, жаңа кино жасады. Қазір «код» деген сөз сәнге айналып кетті ғой. Мен сол кодты шығармашылық адам ретінде режиссер жұмысынан көрдім. Көрерменін тарих тереңіне бой­латып, ойлантатын адам, адам­ның тағдыры жайлы жақсы бір фильм өмірге келді ғой деп ойлаймын, – деді туынды авторы, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек көрсетілімнен кейінгі әсерімен бөлісіп. 

«Талан» фильмінің әлемдік тұсаукесері Иранның Тегеран қаласында ұйымдастырылған 36-шы халықаралық Фаджр кино­фестивалінің «Шығыс пано­рама­сы» конкурстық бағдар­ламасы шеңберінде өткен болатын. Сонымен қатар аталған туынды жақында ғана Астанада өткен XIV халықаралық «Еу­разия» кинофестивалінің «Еу­разия» жүрегінен» бағдар­ламасында көрсетілді. 

– «Талан» сөзі – тағдыр дегенді білдіреді. Сондықтан да бұл фильмде мен сол замандағы адамның бейнесін және ел басына төнген нәубет арқылы халықтың тағдырын көрсеткім келді, – дейді картинаның режиссері Болат Қалымбетов.

Естеріңізге сала кетейік, адам тағдыры сөз болатын «Та­­лан» көркем фильмі 2018 жыл­дың 20 қыркүйегінен бас­тап жал­пыхалықтық прокатқа шықты.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»
 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше