Атты әскер дивизиясының тағдыры

Ақмола қаласының тарихында кеңестік дәуірде бірқатар елеулі оқиғалардың болғаны белгілі. Оның қатарында қанқұйлы ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Ақмола жұртшылығының майданға бірнеше әскери құрамаларды жасақтап аттандыруын ерекше атап өтуге болады. Мысалы, 1941 жылы жаз айында Ақмолада құрылған 310-атқыштар дивизиясы Ленинград, Волхов майдандарына қатысып, асқан ерлікпен жеңісті Балтық теңізі жағалауында қарсы алды. Сол сияқты Петропавл-Қызылжар қаласында жасақталған 314-атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерлігін атап өтуге болады. Олардың қырық проценті Ақмола облысының азаматтарынан жасақталған болатын. Ал 1941 жылы күзде Ақмолада құрылған 387-атқыштар дивизиясы жауынгерлік жолдан өтіп, соғыс тарихында ерекше із қалдырды.

Егемен Қазақстан
24.09.2018 1514
2

1941 жылдың соңында Ақмолада құрылған 29-атқыштар дивизиясы атақты Сталинград шайқасында ерлік­пен соғысып, 72-гвардиялық ат­қыштар дивизиясы деген құрметті атақ­қа ие болды. Оның құрамы ылғи қазақ­тардан жасақталды. Дивизия құрамында 11 мың адам болған.

Бұлардың барлығы соғыс кезіндегі әскери жоспар бойынша жасақталған құрамалар. Соғыс кезіндегі жаппай әскери міндетті атқару заңы аясында Қазақстан бойынша барлығы 1 млн 370 мыңдай адам әскери сапқа тұрды. Олардың қатарында Ақмола өңірінің ұл-қыздары да соғысқа аттанды.

Жалпы, соғыс кезіндегі КСРО-ның адам ресурстары туралы айтқанда мы­на­ны ескерген жөн. 1941 жылы 22 мау­сымда соғыс басталғанда Кеңес Қарулы Күштерінің қатарындағы 6 млн 300 мың адамның 3 млн 300 мыңы КСРО-ның Еуропалық бөлігінде, шекараға жақын жерлерде орналасты. Қалған бір бөлігі Қиыр Шығыста болған, себебі Германияның одақтасы ретінде Жапония Маньжурияны басып алып, Кеңес Ода­ғына да зор қауіп тудырғаны белгілі. Кавказдың арғы бетінде Түркияның да Германияның жақын одақтасы ретінде КСРО-ға қаупі зор болды. Мұны бүгін кейбір зерттеушілер айтпауға тырысады. Ал Түркия саясатына бола Кавказ маңында Кеңес Одағы көп әскер күшін ұстауға, тіптен Кавказ майданын құруға мәжбүр болғаны белгілі.

Осы тұста соғыс басталғанда Герман әскерінің басым болғаны, олардың бүкіл Еуропаның ресурстарын пайдаланғаны бүгін ескеріле бермейді. Екіншіден, Герман әскерінің қатарында одақтастары Румыния, Италия, Венгрия әскерлері де ерекше ерлікпен соғысты. Тіптен чех және одан басқа еуропалық ұлттардан құрылған әскери легиондар да КСРО-ға қарсы соғысты. Олардың қатарында Түркістан легионының болғандығы мә­лім, олардағы адамдар реті келгенде Кеңес жағына, не Кеңес партизандары жағына топ-тобымен, бүтіндей құрамаларымен қашып кетіп отырған. Оған бүгінде Ресейдің ерекше әскери архивінде сақталған әрі зерттеушілер үшін қолжетімді болып табылатын Кеңес барлау органдарының қолына түскен неміс әскери штабтарының құжаттары айқын дәлел. 

Алғашқы екі жылда жау күшінің басым болғандығы соншалық, 1941 жылы – 1 млн 998 мың, 1942 – 1 млн 339 мың, 1943 – 487 мың, 1945 жылы 28 мың Кеңес әскері тұтқынға түседі. Жалпы, соғыс жылдары нақты ұлттық құрамы белгісіз 5 млн 300 мыңнан астам Кеңес жауынгерлері тұтқынға түсіп, 3 млн 300 мыңы тұтқында көз жұмды. 

Осындай жағдайда Кеңес командова­ниесі тылда ерекше қарқынмен әскери құрамалар жасақтауға мәжбүр болды. Жоғарыда айтып өткен Ақмолада құрылған әскери дивизиялар солардың бір көрінісі. Жау басып алған жерлерден әскерге адам шақыра алмайды. Сондықтан Кеңес әскери басшылығы өз күштерінің қатарын басқа ұлттық құрамалар арқылы да күшейткісі келді. 1941 жылы 13 қарашада шығыс респуб­ликаларында, атап айтқанда Қазақстан, Қырғыз, Өзбек, Тәжік, Түрікмен, Баш­құрт республикаларында ұлттық атты әскер және ұлттық атқыштар бригадаларын құруға бұйрық шығады.

Міне, сол бұйрыққа сәйкес, Қазақ­станда 2 атқыштар бригадасы, 3 ұлттық атты әскер дивизияларын құру шұғыл іске асырылды. Ақмолада 106-қазақ ұлт­тық атты әскер дивизиясы, Жамбыл қаласында 105-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы, Өскеменде 95-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы, Алматыда атақ­ты 100-қазақ атқыштар бригадасы, Ақтөбеде 101-қазақ атқыштар бригадасы жасақталды. Бұлардың бір ерек­шелігі – жауынгерлік құрамы тұтас қазақ­тардан құралды. Командалық құ­рамда қазақ, орыс, татар және басқа ұлт өкіл­дері аралас болды. Барлығы дер­лік Қазақстанның бюджеті есебі­нен жасақталды. Ат-тұрман, көлік, ша­руашылыққа, тұрмысқа қажетті зат­тардың бәрі республика есе­бінен жиналды. Жауынгерлік сапқа Қазақстанның жергілікті басшы органдары ең таң­даулы деген азаматтарын жіберді. 100 және 101-атқыштар бригадасының жауынгерлік жолы туралы айтылды да, жазылды да. 105-атты әскер дивизиясы Батыс майданына жіберіліп, кейін 6-әуе-десант дивизиясына айналды, құрамы басқа бөлімдерге де бөлінді. Ал 95-атты әскер дивизиясы кейіннен басқа бөлімдерді толықтыруға жіберіліп, біразы Харьков түбінде опат болып, тұтқынға түсті.

Ал Ақмолада құрылған 106-қазақ атты әскерінің тағдыры ерекше қасірет­ті болды. Бұл дивизияға Ақмола, Қара­ғанды, Көкшетау, Семей, Солтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті басшы органдары таңдап алған азаматтар жіберілген еді. Дивизия командирі болып майдангер, майор Михаил Панков тағайындалып, майданға барғаннан кейін басқа бөлімге ауыстырылады. Сол кездегі тәртіп бо­йынша дивизия сияқты үлкен құрамаға саяси жетекшілікке тәжі­рибелі, лауазымды қызметтегі адамдар тағайындалатын. Осыған сәйкес 106-дивизияның комиссары болып, бұрын әскери саяси қызметте болған, 1939 жылдан Қазақстанның жеңіл және тамақ өнеркәсібі халық комиссары, Ақмола облысының тумасы Нұрқан Сейітов тағайындалады. 106-атты әс­кер дивизиясының саяси бөлімінің бас­тығы қызметіне сол кездегі Ақмола облыс­тық партия комитетінің хатшысы Сағадат Құлмағанбетов басшылық етеді. Дивизия 1941 жылғы қарашаның 15-інен 1942 жылы наурыздың соңына дейін жасақталып бітті.

«Ал бұл кезде майдандағы жағдай қандай еді? 1941 жылы желтоқсанда жау Мәскеу түбінен қуылғаннан кейінгі, яғни 1942 жылғы көктем мен жазда стратегиялық ұрыс қимылдары қай ба­ғытта өрбиді?» деген сұрақтардың туындауы заңды. Кеңес әскери бас­шылығының осы мақсатпен 1942 жылы қаңтарда Калинин майданында Ржев түбінде жүргізген шабуыл операциясы сәтсіз аяқталды. Тура сол мезгілде Оң­түстік Батыс майданы Харьковтың оңтүстігінде Изюм-Лозовая-Барвенково бағытында шабуылға шығып, 190 шақырым жау шебін бұзып өтіп, 200 ша­қырым алға жылжыды. Осының нәтижесінде пайда болған «оперативтік қапшық» Оңтүстік батыс майданының қолбасшысы маршал Семен Тимошенко мен әскери кеңес мүшесі Никита Хру­щевты қатты мазалайды. Олардың ойын­ша сол «қапшықтан» Харьковтың солтүстігінен шабуыл жасалса, жау қо­лында қалған үлкен қаланы азат етуге болар еді-мыс. Міне, осы жос­парларын ол екеуі И. Сталинге баяндайды. Бірақ әскери мамандармен ақыл­дасқан Сталин ондай операцияға рұқсат бермейді. Тимошенко мен Хрущев үш рет өтініп қоймаған соң майдан деңгейіндегі операция ретінде өткізіңдер деп Сталин рұқсатын береді. Ал шығыс жақтан жау «қапшықтың» азуына тосқауыл жасамауы үшін оң­түстік майданның қолбасшысы генерал-полковник (болашақ маршал) Родион Малиновскийге қатаң тапсырма беріледі. Бірақ ол ешқандай әрекетке бармады. 1942 жылы 12 мамырда Красноград бағытында шабуылға шыққан Кеңес әскерін жау үш күннен соң шығыс жақтан қоршауға алады. Ақыры майдан шебі 190 шақырымға ашылған тұстан лап қойған Вильгельм Паулюс басқарған жау әскері, Сталин­градқа дейін жетті. Ал Харьков қор­шауында 242 мың Кеңес жауынгері тұтқынға түседі. Оның ішінде қазақтың 106-атты әскер дивизиясы да бар еді. Олардың бірқатары қаза болады.

1942 жылы 12 сәуірде Ақмоладан Харьков бағытына бірнеше эшелонмен жіберілген 106-дивизия Харьковтың оңтүстігіндегі Савинцы деген стансаға жет­кізілгені белгілі. Осы маңда оны­ 6-атты әскер полкі корпусын толық­тыру үшін атты әскер дивизиясына бөліп береді. 106-шы дивизияны қа­был­дап алғандағы актіде аз ғана винтовка болғандығын айтып, бүгінде сол жоғалған дивизияны біз таптық, Қазақстанда оны ешкім білмейді деушілер бар. Олардың бірі украин археологы Татьяна Крупко болса, екіншісі Харьковте тұратын, Макка Қаражанова деген қазақ қызы. 106-дивизия туралы қазақ тарихшылары А. Нүсіпбеков, Ғ. Әбішев, М. Қозыбаев, Т. Балақаев, П. Белан және басқалары бұрын-соңды жазып келгенімен, тұтқынға түскендер туралы жазуға тыйым салынған болатын.

Ал 106-дивизияны қарусыз май­данға салды деген деректің де жалған екендігін айтуға болады. Тылда жа­сақ­талған кез келген құрамаға тек қа­рауыл күзеті үшін ғана қару берілген. Дайындықтан өтіп, майданға барғанда ғана дивизияны қабылдап алған әскери құрама оның жауынгерлеріне тиісті қаруын ұстатып, ұрысқа енгізген. Оны тірі қалып, тұтқыннан оралған 106-дивизия жауынгерлері Ж.Тігербаев пен Қ.Маяқиннің сексенінші жылдардағы естеліктерінен де жақсы мәлім.

Осылайша Харьков түбіндегі Савинцы деген стансада 106-қазақ дивизиясының атты әскер құрамына жіберілгенін жо­ға­рыда айттық. Үш күн соғысып, қор­шауда қалған 4300 қазақ жауынгерінен жасақталған 106-дивизия көп ұзамай тұтқынға түсті. Оның командалық құрамы 400 адамнан (қазақ, орыс, татар, украин, т.б.) жасақталды, тірілері тұтқынға түседі. 

Тұтқындағылардың жағдайы тым ауыр еді. Аштық пен азаптан, аурудан көпшілігі қаза тапты. Олар Красноградтан Днепропетровскіге жаяу айдалды. Ақыры азаптың салдарынан Түркістан легионына кіруге мәжбүр болады. Олар Батыс елдері мен Кеңес өкіметі тарапынан да қысым көрді. Оған сол кездері жасырын түрде орын алған идеологиялық қарама-қайшылықтардың әсері себеп болды. Мысалы, немістер Түркістан легионының адамдары кеңес жағына және партизандарға қашып кете берген соң, 1943 жылдың басынан Еуропа елдері территориясында ұстап, күзетке, партизандарға қарсы жазалау шараларына пайдаланды.

1944 жылы 6 маусымда Екінші майдан ашылғанда вермахт Түркістан легио­нын АҚШ пен Англия әскеріне қарсы салды. Бірақ легионның быт-шыты шығып, тұтқынға түсті. Ал осы жылдың қаңтарда КСРО үкіметі репатриация туралы Бас басқарма құрды. Сол арқылы тұтқынға түскендерді, құлдыққа айдап әкеткендерді еліне қайтара бастады. 1945 жылдың соңында батыс елдерінен КСРО-ға қайтқандар қатарында: орыстар – 740 414, украиндар – 460 208, белорустар – 134 776, грузиндер – 25 541, армяндар – 20 657, татарлар – 32 178, өзбектер – 29 588, қазақтар – 24 448, түрікмендер – 3 791, тәжіктер – 4 258, қырғыздар – 4 299 болды әрі тізім осылай жалғасын тауып кете береді. Тұтқыннан қайтып оралғандар сотқа тартылды. Олардың қатарында комиссар Нұрхан Сейітовпен қатар бірен-саран 106-дивизия жауынгерлері де бар болатын. Одақтаспыз деген АҚШ пен Ұлыбритания кеңес азаматтарын тұтқыннан қайтаруда өздерінің барлау қызметтеріне агент болуға қолхат алып қайтарды. Тұтқыннан оралғандар кеңес тарапынан бәрібір жазаға тартылды.

1947 жылы сәуірде Алматыда Түр­кіс­тан Комитеті мен Түркістан легионының басшы қызметкерлеріне жа­бық сот ұйымдастырылды. НКВД-ның басшылығы құрамында қазақ, қыр­ғыз, өзбек, түрікмен, тәжік азамат­тары бар 49 адамға бірнеше күн жабық сот өткізіп, 18 сәуірде үкім шығарды. Сот орындығында отыр­ған Түркістан Комитетінің «Милли Түркістан» газетінің бас редакторы тіл маманы Хакім Тыныбековке 25 жыл, 106-қазақ дивизиясының комиссары Нұрхан Сейітовке 25 жыл, скрипкашы, Түркістан легионының үгіт-насихат ротасының музыканты Әйткеш Толғанбаевқа 25 жыл, ақын Хамза Аб­дуллинге 10 жыл үкім кесті. Ол кезде Кеңес Одағында өлім жазасы жойылған болатын. Сондықтан сотталғандардың бәрі ұзақ мерзімге лагерьге айдалды. Енді олардың әрі қарайғы тағдыры қалай болды десек, Хакім Тыныбеков 1954 жылы Магаданда, 106-ның комиссары Нұрхан Сейітов Магаданда жүйке ауруы клиникасына түсіп, 1956 жылы ақпанда қайтыс болды. 1955 жылы 16 қыркүйекте жарияланған амнистия туралы заң бойынша тұтқында болғандар үйлеріне қайтты. 

Лагерьден оралғандардың өмірлері бәрібір өксікпен өтті. Оларды кезінде бұйрық беріп, сәтсіз соғыс операциясына айдап салған Семен Тимошенко, Никита Хрущев, Родион Малиновский сол 242 мың адамды тұтқынға бергені, майдан шебін Сталинградқа дейін жібергені үшін жазаланбады. Тек Малиновский ғана армия қолбасшысы қызметіне жіберілді. Кейін 1957-1967 жылдары КСРО Қорғаныс министрі болды. 

Міне, соғыстың қазақ даласына әкелген нәубетінің бір парасы осындай ауыр тағдырмен аяқталды. Осы орайда Ақмола, қазіргі Астана қаласының бір көшесіне 106-қазақ атты әскер диви­зиясының есімін беру туралы ұсы­нысымыз майдан даласында опат болған жауынгерлердің ерлігіне тағзым етуде жасалған игі шараның бірі болар еді.

Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ, 

тарих ғылымдарының кандидаты,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері

АЛМАТЫ

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

19.10.2018

Президент «Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммитінде кездесулер өткізді

19.10.2018

Владимир Путин: Өзбекстан Ресейдің сенімді серіктесі

19.10.2018

Сенатор Рысқали Әбдікеров Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды

19.10.2018

Атырауда мамандандырылған ХҚКО құрылысы аяқталуы жақын

19.10.2018

Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына - 120 жыл

19.10.2018

Павлодар-Семей тасжолында көліктер өртеніп, бір адам мерт болды

19.10.2018

TWESCO дүниежүзілік мәдениет форумына қатысты

19.10.2018

Ресей қорғаныс министрлігінің апатқа ұшыраған Л-39 ұшағының құлаған жері белгілі болды

19.10.2018

Түркі кеңесінің Экономика министрлерiнiң 8-шi кездесуi 2018 жылдың 17 қазанында Бішкекте өттi

19.10.2018

Багам аралдарында Бағытбергеновтың бағы жанды

19.10.2018

Ұлттық банк халықтың құқығын бұзған банктерді атады

19.10.2018

Ресей, Қазақстан, Өзбекстан жаңа ғарыш жобасын бастамақ

19.10.2018

Нәтижесі көңілімізден шығады

19.10.2018

Робот техникасынан өткен халықаралық чемпионатта қарағандылықтар жүлдемен оралды

19.10.2018

«Өзен» фильмі «Азиялық Оскардан» үмітті

19.10.2018

Танымал ақын Абдрахман Асылбеков өмірден озды

19.10.2018

Айкерім Мұқағалидың ауылына барады

19.10.2018

Парламент Сенатының депутаты Атбасарға барды

19.10.2018

Ең төменгі жалақыны ұлғайту үшін үш жылда 288,9 млрд теңге қарастырылған - Қаржы министрі

19.10.2018

Ақтау-Баку бағытындағы жүк кемесінің экипаж мүшелері уланды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Мирас Асан, «Егемен Қазақстан»

Ádep pen ádet

Jýyrda Almaty qalasyna jolymyz túsip, taǵylymy mol tamasha toıǵa qatystyq. Taý shatqalyna aqshańqan shatyr tigip, qudalaryn taǵatsyzdana kútip turǵan almatylyqtardyń ónegeli isine kóz toıyp, kóńil marqaıady. Biz toıly aýylǵa qudalar kelmeı turyp barǵan edik. Qyzyq ıelerimen burynnan tanyspyz. Arǵy túbi Arqanyń qazaqtary. Ultymyzdyń qadym zamandardan beri kele jatqan salt-dástúri, tartý-taralǵysy, jón-joralǵysy yqylym josynymen úılestirilgen toıdyń erekshe bolatyny sezilip tur.

Құрманәлі Қалмахан,

О́zge elde sultan bolǵansha...

Áı, qaıdam... О́zge elde sultan bolý qazir qıyn-aý. Sebebi óz eliniń Sultandary turǵanda shetten kelgen «bótenderdi» kim jaqtyra qoıar dersiz?! Soǵan qaramastan túrli sebeptermen shetel aýyp, «jumaq» araldaryn izdeýge bel býǵandar qarasy azaımaı tur.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Urpaq azsa – ultqa qater

J.Aımaýytov pen M.Áýezov keıbir qazaq mineziniń minin, sol mindi kórip ósken balanyń jamandyqqa salynatynyn 1917 jyly «Alash» gazetinde jarıalaǵan maqalasynda: «Ultym», – dep oqyp shyqqandar halyq arasyna kelse, qaraıa bastaıdy» dep, artynan: «Saıyp kelgende, qazaqta qalyp turǵan ózgeshe minezder: tili aıtqandy qoly qylmaıtyn – turaqsyzdyq, uıymsyzdyq, basynan aspaıtyn – ózimshildik, ezdik» depti. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Megapolıster múmkindigi

Elbasy «Qazaqstandyqtardyń ál-aýqatynyń ósýi: tabys pen turmys sapasyn arttyrý» atty jańa Joldaýynda elimizdiń aýmaqtyq damýyna jańa tásilder engizýdi qamtamasyz etý qajet ekendigin aıta kele: «Búginde jetekshi elderdiń ekonomıkasy kóbine jahandyq qalalar nemese megapolıster arqyly tanylady.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Izgilikke shaqyrý iriliktiń belgisi

Bıylǵy 10-11 qazan kúnderi Astanada ótken Álemdik jáne dástúrli dinder kóshbasshylarynyń dástúrli siezi óziniń halyqaralyq aýqymdaǵy asa mańyzdy únqatysý alańy ekenin taǵy bir ret dáleldedi.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу