Спорт • 24 Қыркүйек, 2018

Үш дзюдошымыз да алғашқы айналымда ұтылды

363 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бакуде дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін екі салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынуда. Өкінішке қарай, жарыс жолына шыққан жерлестеріміздің үшеуі де тұсаукесер кездесулерінде ұтылып, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. 

Үш дзюдошымыз да алғашқы айналымда ұтылды

Ерлер арасындағы 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев (90 кило) венгриялық Кристиан Тотпен айқасты. 2014 жылы Челябискідегі әлем чемпионаты мен 2016 жылы Қазандағы Еуропа біріншілігінің күміс медальін иеленген балуанға құрлықтық деңгейдегі додаларда жүлде алып жүрген қандасымыздың әлі жетпеді. Негізгі және қосымша уақытта екеуі де бір-бірінінің осал тұсын таба алған жоқ. Десек те Исламға үшінші мәрте ескерту жасаған төреші оны жарыс жолынан шығарып тастады. 

Әйелдер арасында 70 кило салмақта белдескен Аэлита Щербакова мен Ажар Салықованың екеуі де Испаниядан келген дзюдошылармен шеберлік байқасты. Алайда жерлестеріміздің жолы болмады. Аэлита Мария Бернабеуге ұтылса, Ажар Сара Родригеске есе жіберді.

Сонымен, бүгін қазақстандық балуандар үшін жарыс аяқталды. Ертең 100 кило салмақ дәрежесінде Виктор Демьяненко бақ сынайды. Оның алғашқы айналымдағы қарсыласы – БАӘ-нің өкілі Иван Ремаренко. 78 келі салмақта күресетін Зарина Раифова Гвинея спортшысы Мамадама Сюлламен сайысқа түседі.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»