Медицина • 08 Қыркүйек, 2018

«Қазақстан бүгін және болашақта» тақырыбында өткен пікір-сайыс жеңімпаздары анықталды

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Қазақстан бүгін және болашақта» тақырыбында пікір-сайыс өткізілді. Аймақтық деңгейде өткен сайыс мемлекеттік қызметшілер және студенттердің басын қосты.

«Қазақстан бүгін және болашақта» тақырыбында өткен пікір-сайыс жеңімпаздары анықталды

Дебатқа барлығы 24 мемлекеттік қызметші қатысып, 12 командаға бөлінді. Дебат британдық форматта өткізілді. Оның ережесіне сәйкес 2 жақтаушы және 2 даттаушы команда қатысады. Әр командада 2 спикер ойнайды, олардың әрқайсысының міндеті әділқазыны өз сөздеріне сендіру болып табылады. Командалар раундтар кезінде сөз сөйлеулеріне қарай 1-ден 4-ке дейін рейтингтер алады (1 – ең жоғары, 4 – ең төмен).

Дебат сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, атап көрсеткенде факторлы-балдық шкала бойынша әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жаңа жүйесі бойынша пилоттық жобаны енгізу жөніндегі тақырыптарда өрбіді. Командалар келесі критерийлер бойынша бағаланды: пікір білдірудің дебат тақырыбына сәйкес келуі, қисындылық (мазмұны, сөйлеу құрылымы), сөйлеу сауаттылығы мен мәдениеті, ақпараттың шынайылығы, сөйлеу техникасы, эмоциялық әрекет деңгейі, сөйлеу әдебі және дұрыстығы, дебат тәртібін сақтауы.

Өткізілген 4 раундтың қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің намысын қорғаған Талғат Сақтағанов және Еркебұлан Қайролин жеңімпаз деп танылды. Ал Еркебұлан Жәнібек және Ерғали Әнесов бастаған команда екінші орынға шықты. Ал Айдынғали Дүйсенбаев және Айгүл Жүсіптің командасы жүлделі үшінші орынды иеленді.

Сонымен қатар, Бейнеу ауданы әкімі аппаратының атынан қатысқан Елжас Шұңғалов және Рахымжан Жұмағазиев дебаттың ең белсенді қатысушылары деп танылды.  

Барлық жеңімпаз және жүлдегер командалар алғыс хатпен марапатталды. Ал намысты қолдан бермей, жеңімпаз атанған мемлекеттік қызметшілер Талғат Сақтағанов және Еркебұлан Қайролин Астанада өтетін республикалық дебатта Маңғыстаудың намысын қорғайтын болады.

«Мемлекеттік қызметшілердің бұл дебатқа қатысуы олардың тиімді қызмет етуіне, өз ұстанымдарын дәлелдей білуіне, креативтілікке, сондай-ақ, кез-келген жағдайда маңызды ақпараттарды еркін жеткізе алуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, ұлттық деңгейдегі пікір-сайыс мемлекеттік қызметшілерге ел алдында қойылған мақсаттарға жету жолында да үлкен мүмкіндік береді», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Байгебаев.