Экономика • 25 Қыркүйек, 2018

«Тәтті» үшін тартыс

995 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елімізде күзге салым қант­қа қатысты дүрбелең болып тұруы жыл сайынғы әдеттегі жағдайға айнал­ған­дай. Әдетте бұл дүрбелеңді көбінесе тосап қайнатуға құмар тұтынушы қауым бас­тап жататын. Бұл жолы өндірушілер мен жеткі­зу­шілер тарапынан туындады. Жуықта кейбір отандық сайттарда «Raimbek» компа­ниясы өкілдерінің Қазақ­стан нарығында қант тап­шы­лығы болуы мүмкін екен­дігі туралы мәлімде­месі жарияланды. Бұл мәлім­демеге Ұлттық экономи­ка министрлігі тиісті жауа­бын да беріп үлгерді. Онда Қазақстанда қант тапшы­лығы туындайтындай қауіп жоқ екендігі айтылды.

«Тәтті» үшін тартыс

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бо­йынша, елімізде жыл басынан бері 138 мың тонна қант өн­діріліп, 121 мың тоннасы им­портталған. Облыстардың, Ас­тана мен Алматы қалалары әкім­дік­терінің деректері бойынша, тұрақтандыру қорларында қазір қанттың жеткілікті қоры сақталған. 2018 жылғы өнім жинау жүзеге асырылып жатқанын атап айтсақ, бұл да қант өндіру үшін шикізаттың мол болуына ықпал етпек. Сондықтан өнім тапшылығы және оның баға­сының өсуі туралы айтуға негіз жоқ. Қазақстан қантты им­порт­тауға және өндіруге қажет шикізатқа ешқандай тыйым ен­гізген жоқ. 2010 жылы Ке­ден одағы құрылған сәттен бас­тап, барлық ЕАЭО-ға мүше ел­дерге қатысты, үшінші елдер­ден импортталатын ақ қант­тың тоннасына 340 АҚШ доллары көлемінде Бірыңғай ке­ден­дік тариф қолданылады. Одақ елдерінің арасындағы өза­ра сауда аясындағы қант айна­лымына баж салығы салын­байды. Қазақстандағы қант өндірушілер, оның ішінде «Raim­bek» компаниясы да 2010 жыл­дан бері ЕАЭО аясындағы ке­ден­дік баж салығынсыз қант және оны өндіру үшін шикі­зат тасымалдауда уақытша жеңіл­дікті преференцияларды пайда­ланып келді. Ағымдағы жылғы 27 шілдеде Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ЕАЭО ұлттық міндеттемелерді им­плементациялау аясындағы ұсынысы негізіндегі Үкіметтің қаулысымен аталған жеңілдікті преференциялар жойылды» деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

Сонымен «бақсақ, бақа екен» дегендей бұл жолғы шудың гәбі басқа болып шықты. Ол – қанттың дүрбелеңі емес, оны өн­дірушілер мен жеткізушілерге берілетін жеңілдік үшін тартыс екен.

Дегенмен қант туралы әңгі­менің астарына тағы бір үңілуге тура келеді. Егер еліміздің Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері секілді мүдделі тараптар бұл мәселеге жіті қарап, алдағы уақыттары оның шешімін дұрыстап белгілемесе, мәселе мұнымен тынбауы мүмкін. Се­бе­бі, осы кикілжіңнің өзі бұдан 15-20 жыл бұрын басталған қант тапшылығы секілді созылма­лы сырқаттан Қазақстанның әлі де толық айығып кете алмай отырғанын көрсететіндей. Мәсе­лен, алысқа бармай-ақ екі-үш жыл бұрын болған бір оқиғаны қаперге тағы бір салып өтейік. 

2016 жылдың жазында өңір­лерде қанттың 1 килосының баға­сы 240 теңгеден 400 теңгеге дейін қымбаттап, тұтынушылар арасында нағыз дүрбе­лең пайда болған еді. Ол жолы да мәселе­ге байланысты Ұлттық экономика министрлігіне түсініктеме беру­ге тура келген. Жергілікті билік өкілдері мен халық болса осы оқиғаға орай көп жағ­дай­да дүкендер мен алыпсатар­ларды кінәлаумен шектелген. «Халықтың жаппай жеміс-жи­дектен тосап қайнататын уақы­тын пайдаланып, пайда табу мақсатында қант бағасын әдейі­леп көтеріп отыр» дескен. Мұның арты дереу дүкендерге тек­серу­лер ұйымдастырып, заңға сәйкес әкім­шілік жазалау шараларын қол­дануға ұласқан.

Егер елімізде қант жеткі­лікті болса, оны орынсыз қым­бат­­татудың қандай негізі бар деген сұрақ сол жолы туындап еді. Әдетте еркін нарықта тауар­лардың бағасы сұраныс пен ұсыныстың арасында алшақ­тықтың пайда болуынан көтері­ле­тіндігін білеміз. Демек, бұл жерде бас­ты мәселе қант өндірісіне қатысты деп ойлаған едік.

Осы тұжырымның дұрыстығын Еуразиялық экономикалық комиссия­ның статистикалық деректері анықтап берді. Деректер бойынша 2015 жылдың қорытындысында Ресейде 34 417 мың тонна, Беларусь елінде 3 300 мың тонна, Қырғызстанда 183 мың тонна қант қызылшасы өндірілгенде, Қазақстанда бар болғаны 174 мың тонна өндіріліпті. Соның салдарынан қант қызылшасының әр адамға шаққандағы үлесі Беларусь елінде 348, Ресейде 235, Қырғызстанда 30 килодан айналғанда, Қазақстанда бар болғаны 10 килодан келген. Сонда ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік негізде дамыған Ресей мен Белоруссияны былай қойғанда бізден жері де, халқы да, жаңа технологияларды сатып алудағы мүмкіндіктері де аз қырғыз бауырларымыздан қалып кеткендігіміз анық көрінді.

Отандық рынокта қант жеткілікті болуы үшін бұл кемінде бір адамға жылына 27 килодан айналуы керек. Бұл, әрине медициналық норма емес, елімізде жылма-жыл жан басына шаққанда тұтынылып келе жатқан қант мөлшері, яғни қантты халықтың қажет ету деңгейі. Ал 1 кило қант өндіру үшін кемінде 5-6 кило жоғары сапалы қант қызылшасы қажет. Сонда Қазақстан өзін қантпен жеткілікті қамтамасыз етемін десе, жылына 2 210 мың тонна қант қызылшасын өндіруі тиіс екен. Ал отандық зауыттардың көпшілігі еліміздің сапалы да денсаулыққа зияны жоқ шикізатын пайдаланудың орнына алыстағы Бразилия секілді елдердің арзан тұратын қант құрақтарын тұтынуға көшкен. Қант құрағын экспорттаушы елдер өнімдерінің бағасын күрт қымбаттатқан кезде осы шикізаттан қант дайындайтын отандық зауыттар бірден тақырға отырып, өздері шығаратын қанттың бағасын күрт қымбаттатуға мәжбүр болған. Онымен де қоймай қызылша егушілер тиісті шикізат көлемімен қамтамасыз ете алмай отыр деп шу шығарған. Қызылша өсірушілер оларды шикізатпен қалай қамтамасыз етпек, олар әзірлеген тәтті түбірді зауыттар сатып алмаса, сөйтіп еліміздегі қызылша өндірісін мүлде тұралатып тастаса. Осы келеңсіздіктің ақыры тұтынушыларға тиіп, оқиға қарапайым халықтың зардап шегуімен аяқталған.

Дегенмен, Үкімет сол жолы бұл тығырықтан шығудың амалын тауып, қызылша өндірушілерге едәуір жеңілдіктер жасаған еді. Екі-үш жылда еліміздегі қызылша өндірісінің көлемі еселеп дамып, жағдай оңалған­дай болған. Енді міне, ай мен күннің аманында қант үшін тартыс қайтадан туындап отыр. Бірақ Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері атап көрсеткендей, бұл жолғы шудың бір шеті қантты сыртан әкелетін жеткізушілер­ге үстіміздегі жылдың 27 шілдесінен бастап қанттың 1 тоннасы үшін 340 АҚШ доллары көлемінде кедендік баж салығының белгіленуі де себеп болып отырған секілді. Ал бұл Еуразиялық экономикалық одақтағы ортақ келісімге сәйкес туындап отырған талап. Оның үстіне еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық ауылшаруашы­лық өнімдерін өндірушілерді қол­дай отырып, ел рыногының импорт­қа тәуелділігін азайту мақсатында бірқатар батыл қадамдарға баруды жөн деп шешті. «Кедендік баждарды енгізу – бұл ірі экспорттаушылар үшін ұнамды емес, бірақ нәтижесінде ішкі өндірістің қарқынды дамуына, ішкі нарықта отандық кәсіпорындар­дың қайта өңделген тауарларының ұлғаюы­­на әкелетін қажетті шара. Ауызсу оңай болмайды, бірақ оны ең алдымен мемлекеттің азық-түліктік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін бірлесе іске асыруымыз қажет. Себебі, бұл модель шикізат өндіруден қантты іске асыруға дейінгі салааралық және шаруа­шы­лықаралық байланысты дамыту­ды көздейді. Бұл қызылша – қант өнім­дері құнының төмен­деуіне және тұтынушылық сұра­нысты қанағат­тандыруға, бүкіл ауыл­шаруа­шылық тауар өндірушілер тізбегі­нің дамуына оң әсер етеді. Соны­мен қатар импорттық қант құнының өсуі, тереңдетіп қайта өңдеу ісімен шұ­ғыл­данатын қант алмастырушы өнді­ріс­тің дамуына әкелетінін ескеру қажет» делінген бұл жөнінде Ауыл шаруашы­лығы министрлігі тарат­қан мәліметте.

Осы мәселелерден түсінгеніміз, Ауыл шаруашылығы министрлігі ендігі кезекте қант зауыттары мен қантты сырттан жеткізуші компанияларға жасайтын қолдауын тоқтатып, тіпті кейбір жағдайларда кедендік баж салығын күшейте отырып, отандық ішкі өндіріс­ті дамытуға екпін түсірмек. Бұл мәселе­нің тосап қайнату мерзімі басталатын кезде қолға алынуы ішкі рыноктағы қант бағасының қымбаттауына әкел­мей ме? Министрлік өкілдерінің бұл сауалға да беретін жауабы бар екен: «Бүгінде, қантты тұтынуы жоғарылаған маусымның алыпсатарлық көңіл күйін, сонымен қатар қазан айында басталатын қант қызылшасының жаңа өнімін жинастыруға дайындықтың басталғанын да қоса ескеруіміз керек. Осындай жағдайға байланысты қант бағасының шамалы қымбаттауы мүмкін. Дегенмен, бағалар маусымдық ауытқу шегінде болады деп түсінеміз.

Оның үстіне, саланың негізгі көр­сеткіштері аса қатты тапшылықтың жоқ екенін, мемлекетте қант қорының сарқылмағанын көрсетеді. 2018 жылдың қаңтар-маусым айларындағы статистика мәліметтеріне қарағанда, ақ қанттың өндірісі 138,6 мың тоннаны, экспорт – 50,7 мың тоннаны, импорт – 121 мың тоннаны құрады. Нәтижесінде алты ай ішіндегі тұтыну көлемі 209 мың тонна деңгейінде қалыптасты. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 32 мың тоннаға аз. Қазір өңірлік тұрақтандыру қорларында тұрғындарға сатылуға арналған қант қоры жеткілікті. Мұның сыртында, қантты көтерме саудалаушылар және сауда желілері қоймаларында қанттың біраз қорын ұстайтындығы белгілі.

Осы жағдайды ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі тұтыну­шыларды қант төңірегінде болуы мүмкін қолдан жасалған дүрбелеңге берілмеуге шақырады. Өйткені оған жол беру – әрқашан бағаның жоғарылауына әкеледі» дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері.

Сонымен, бұл жолы пайда бол­ған қантқа қатысты дүрбелеңге тұтыну­шылардың қатысы жоқ. Әзірге әңгіме мемлекеттік органдар, қант зауыттары мен жеткізушілер арасында жүріп жатыр. Біз де оның әсері қарапайым тұтынушыға жетпеуін тілейміз. Бұл үшін тұтынушылар тарапынан сабыр да керек секілді. Сонда істің соңы халық үшін қайырлы болатындығына қызылша және қант өндірісі саласындағы жеңілдіктерді қайта реттеуге кіріскен Ауыл шаруашылығы министрлігі уәде беріп отыр.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»