Медицина • 24 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстанда лифтілер жүйесі жаңартуды қажет етеді

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2013 жылы Кеден Одағы комиссиясы қабылданған “Лифтілердің қауіпсіздігі туралы” техникалық регламентке сәйкес қызмет көрсету мерзімі өтіп кеткен жедел сатыларды 2020 жылға дейін жаңасына ауыстыру міндеті тұр.

Солтүстік Қазақстанда лифтілер жүйесі жаңартуды қажет етеді

Бүгінде өңірдегі өнеркәсіптік нысандарда 74 лифт тіркеуге алынса, олардың 14-і жаңаланған. Қалғандары ескірген, тозығы жеткен, пайдалану уақыты өтіп кеткен. Араларында қолданылу мерзімі ширек ғасырдан асқан қондырғылар да бар. Жүргізілген мониторингтің нәтижесі бойынша 8 кәсіпкерліктегі лифттердің техникалық талаптарға сай еместігі анықталған. Бұл олқылықтар екі айдың ішінде түзетілмесе кіші кәсіпкерліктерге – 30, орта кәсіп иелеріне – 50, ал ірі бизнес нысандарына – 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. “Тимирязев элеваторы” серіктестігі қондырғыны ауыстырудың жобалық құжат дайындап, рәсімдеу шараларын аяқтапты. Өнеркәсіптік лифтілердің 14-і облыс орталығында,  60-ы аудандарда  орналасқан.

Көпқабатты тұрғын үйлердегі жеделсатылардың жайы да сын көтермейді.  338 лифтінің басым бөлігі  өткен ғасырдың 80-ші жылдары орнатылыпты. Қолданылу мерзімінің аяқталуына орай  осыдан 10 жыл бұрын жаңартылуы тиіс болғанымен, әлі күнге дейін пайдаланылып келеді. Әбден есірген мұндай қондырғылардың саны–178.

Бүгінге дейін лифтілерді жаңарту “Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту” бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, 2011 жылы – 5, 2012 жылы – 14, 2015 жылы – 15 жеделсаты жаңасына ауыстырылған. Өкінішке орай, соңғы 3 жылда бұл салада ешқандай  ілгерілеудің жоқтығы аңғарылады. Бір лифттің бағасы – 8 миллион,  орнатуы – 3-4 миллион. Мұндай қаражатқа тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтерінің шамасы жете бермейді», дейді өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі департаменттің инспекторы Мақсұт Мүсәйіпов.

Тиісті орындар қолданылу мерзімі өтіп кеткен қондырғылар 2020 жылға дейін  ауыстырылмаса, қолдануға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы