Трамп және Мунның арасындағы келіссөз 25 қыркүйекте таңертең болады. Келіссөз барысында Мун Чже Ин 3-ші Корей саммитінің нәтижесін Трампқа өзі тікелей түсіндіріп, Корей түбегін ядролық қарудан арылтудың келіссөз мәселесін жеделдету үшін нақты шараларды талқылайды деп күтілуде.
Бұған дейін Мун Чже Иннің өзі Пхеньян сапарынан кейін ресми түрде мәлімдеме жасады. Онда ол: «Ким төрағамен арада болған әңгіменің ішінде келісім мен құжатқа кірмеген бейресми мазмұндар да бар. Егер алда-жалда президент Трамппен келіссөз жүргізуге қол жеткізсек, сол кезде АҚШ тарапына әлгі мазмұндарды бүге-шүгесіне дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз» деп хабарлады. Мун Чже Иннің бұл сөзіне мән беріп қарасақ, Ким Чен Ын төрағаның Трампқа бейресми өтініші мен айтары бар.
Пхеньянға жасаған сапарынан кейін Мун Чже Ин тілшілердің алдында сөйлегенде айтқан бір сөзінде Солтүстік Кореяның басшысы өзі өтініш білдірген бір шаруаның шетін шығарды. Ким Чен Ын «АҚШ пен Солтүстік Корея арасында дәнекерлік жасауымызға өтініш білдірді», деп жеткізді. Иә, бұған дейін де Мун мырза дәнекерлік жасап Трамп пен Кимді жолықтырды. Алдағы уақытта да АҚШ пен Солтүстіктің екінші саммитін өткізуге және ядролық қарудан арылу процесін жеделдету үшін дәнекерлік дипломатиялық міндетін атқарады. Өткен айларда басталған АҚШ пен Солтүстік Кореяның үзіліп қалған келіссөздерін қайта жандандырып, үзілген дипломатия желісін қайта жалғап, іске қоспақ. Бұл егер оның қолынан келсе, онда оның тағы да мәртебесі өседі. Мун үкіметінің ұстанып отырған дәнекерлік дипломатиясы туралы қоғам ішінде түрлі пікірлер бар. Бір топ оның дәнекерлік дипломатиясы нәтижелі болмайды десе, келесі топ АҚШ пен Солтүстік Кореяны бір үстел басына отырғызып, тарихи оқиға жасады, қазірдің өзінде үлкен жетістікке жетіп отыр, әлі де көп жемісті жұмыстар істейді деген уәждерін алға тартады. Егер оның жүргізіп отырған дәнекерлік дипломатиясы ойдағыдай жүзеге асса, ол қандай нәтиже береді деген сауалдар туындайды. Мун өзінің дәнекерлік дипломатиясы арқылы АҚШ пен Солтүстік Кореяны көндіріп, бірін ядролық қарусыз елге айналдырса, бірін оған уәде еткен экономикалық көмек пен сауда, халықаралық деңгейде қауіпсіздік, халықаралық сахнадағы имиджін қалпына келтіруге және достық орнатуға тартады.
Қазіргі таңда Мунның ел ішінде беделі өсе бастады. Пхеньян сапарына дейін ел ішінде беделі 30 процентке күрт түсіп, саясаттанушылар қатты алаңдаушылық танытты. Қазіргі таңда Пхеньян сапарынан кейін бедел көрсеткіші 60 процентке жетті. Бұл көрсеткішке билік партиясы Минчжудан – «Демократиялық партиясын» серпілтіп, саяси ортада қайтадан белсенділігін арттырды деген пікірлер айтылды.
Одан өзге бұл сапарда Оңтүстік Корея президенті тағы бір мәселені талқыламақ. Ол АҚШ пен Оңтүстік Корея арасындағы еркін сауда байланысын жасау туралы болмақ. Өткендегі сауда соғысының бір ұшқыны осы Оңтүстік Корея саудасын да шарпып өтті. Әсіресе бірқатар оңтүстіккореялық компания зиян шекті. Сондықтан Мун мырза Пхеньян келіссөзінің оң нәтижесін жеткізе отырып, өзінің бұйымтайы ретінде «екі ел арасында еркін сауда» туралы сөйлесіп, сауда байланысына бірқатар өзгерістер енгізіп жеңілдіктер алуға, АҚШ-тың Оңтүстік Корея саудасына деген позициясын жұмсартып, ел саудасының ахуалын жақсартып алу туралы Трамптың келісімін алуға талпынады. Бірақ Оңтүстік Корея қоғамында бірқатар халықаралық сауда сарапшылары Мунның бұл әрекетінің жетістікке жеткізер-жеткізбесі беймәлім деп бағалап отыр.
Сонымен қатар Мун Чже Иннің АҚШ-қа сапарының алдында бұл сапардың негізгі мақсатының бірі туралы ел үкіметі тарапынан тағы бір ресми түсініктеме берілді. Оңтүстік Кореяда Чонхвадэ – «Көк орда» деп аталатын «Көк шатырлы үйдегі» қауіпсіздік мәселесі бойынша 2-ші дәрежелі қызметкер Нам Гуан Пеннің айтуынша, Президент Мун Чже Ин алдағы сапарда «Корей түбегін ядролық қарудан арылту үшін Солтүстік Корея мен Америка келіссөзінің беласу сәтін әзірлеу және Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея, Солтүстік Корея мен АҚШ байланысының аяқ алысын жеделдетуге қол жеткізу үшін нақты ынтымақтастық жолын тереңірек талқылап, сөйлеседі».
Қазір Оңтүстік Кореяда жалпыұлттық «Чусок» мерекесі. Биыл Чусок қыркүйек айының 23 күнінен 26 күніне дейін аталып өтеді. Осыған орай көпшілік корейлер ертерек қамданып, өткен аптаның жұма күнінен бастап демалысқа кетті. Корей салт-дәстүр мен ұлттық танымында «Чусок» мерекесі – мол өнімнің мерекесі. Бұрын корейлер отырықшылық өмір сүріп, күз мезгілінде астық мен күріш піскен мезетте одан өнім жинап алған. Өнімді жинауды аяқтаған кезде мол өнімді ауыл-ауыл болып атап өту үшін мереке ұйымдастырған. Шығыс еліндегі осы бір мереке қаһарлы қыс алдында тойланатын, жазды шығарып салып, күзді қарсы алатын береке мерекесі болып саналады. Конфуций ілімін ұстанатын елде бұрынғы замандары патшадан бастап қарапайым халыққа дейін мереке күні ата-бабаларының басына барып тағзым еткен. Қазір де сол мерекелік салт-дәстүр қалпын бұзбай сақталып келеді. Аталған мереке кезінде елдің аузынан түспейтін әңгіме «Пхеньян саммиті мен АҚШ сапары, алдағы уақытта болмақ АҚШ пен Солтүстік Корея келіссөздері, Ким төрағаның Сеулге сапары, Ким төрағаның сөздері мен қылықтары, Ким Чен Ынның зайыбы Ли Соль Чжу туралы» болады деп корей баспасөздері зерттеу жүргізді.
Қалай десек те, «Чусок» мерекесі қарсаңында Мун Чже Ин мен Ким Чен Ын билігінің екі елге жасаған тамаша сый-сияпаты – саммитті сәтті өткізуі және ядролық қарудан арылуға деген ниеті мен қадамдары. Ежелгі пәлсапаға үңілсек, ел ойлаған үдеден шығу және азаматтық іс жасау – шығыс түсінігінде үлкен орын алатын қасиеттің бірі.
Дастан АҚАШ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Корея,
Сеул қаласы