25 Қыркүйек, 2018

Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңестегі төрағалық Тәжікстанға өтті

823 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мүше-мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің арнайы кездесуі өтті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңестегі төрағалық Тәжікстанға өтті

Кездесу барысында Қытай Халық Республикасынан (2014-2018 жж.) Тәжікстан Республикасына (2018-2020 жж.) АӨСШК төрағалығын тапсыру рәсімі өтті. Хабиболла Мирзоев Хатшылықтың жаңа Атқарушы директоры болып тағайындалды. Оның кандидатурасын барлық АӨСШК-ге мүше 27 мемлекет бірауыздан қолдады.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытай Халық Республикасына және АӨСШК үдерісінің дамуына қосқан үлесі үшін миссиясын аяқтаған Атқарушы директор Гун Цзяньвэйге алғысын білдірді. Ол қытай төрағалығы кезінде Азиядағы тұрақты қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған Кеңесті дамытудың жаңа және маңызды кезеңі басталғанын еске салды. АӨСШК Жастар және іскерлік кеңестері құрылды, АӨСШК-нің қауіпсіздік тұжырымдамасын кеңінен талқылау және таратуға арналған жаңа арна болған Үкіметтік емес форум өз қызметін бастады. СІМ басшысы Қытайдың төрағалығы кезінде Кеңестің құрамына 27-ші мүше-мемлекет ретінде Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының кіруі арқылы (2018 жылғы 20 маусым) АӨСШК-ті кеңейту мәселесіне арнайы тоқтап өтті.

Министр кездесуге қатысушылардың Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңестің негізінде Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымын құру туралы бастамасына ерекше назар аударды және бұл мәселені сараптамалық деңгейде әрі қарай талқылауға шақырды.

АӨСШК 1992 жылы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылды. АӨСШК Азиядағы қауіпсіздік мәселелері бойынша консенсус негізінде диалог, кеңес беру, шешім қабылдау және шараларды жүзеге асыру үшін мемлекетаралық форум болып табылады. Қазіргі уақытта Азиядағы 27 мемлекет АӨСШК мүшесі, ал 8 ел және 5 ұйым бақылаушы болып табылады.