Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2018

Алтай – брендтік атау

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын газетімізде Зырян ауданының атын Алтай деп атау туралы ұсыныстар айтылып жатқанын жазған едік. Осы мәселе облыс әкімі Даниал Ахметовтің Зырян ауданына жасаған жұмыс сапары барысында тағы да талқыға салынды.

Алтай – брендтік атау

Нақтырақ айтсақ, аймақ бас­шы­сының аудандық мәслихат депу­таттарымен, жергілікті қауым­дастық өкілдерімен кездесуінде сөз болды. Аудандық мәслихат депутаты Лариса Гречушникова 27 тамызда Зырян ауданының әкі­мі Нұржан Тоқсейітовке жер­гілікті қауымдастық өкілдері ауданды дамыту және қала мен аудан атын өзгерту жөнінде ұсыныс жібергенін айтады. «Бұл ұсынысты депутаттар корпусы қолдап отыр. Қазір кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдық пікірлер зерттелуде, 28 қыркүйекте «Горняк» мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтеді», – дейді ол.

Депутаттар жаңа атау ау­данның жаңа брендін қалып­тас­тырып, инвестиция тартуға, экономиканы дамытуға тың серпін беретініне сенімді. «Бородино» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бөкежанов Зырян ау­данының табиғаты тамаша бол­ғанымен, әзірге туризмді өркен­детуге толық жағдай жасалмай отырғанын, жаңа атау осы саланың аяғынан қаз тұруына септесетінін атап өтті. «Жастар да бұл идеяны құптап отыр. Біз Алтай қаласында, Алтай ауданында тұрғымыз келеді», дейді аудандық жастар ресурстық ор­та­лығының жетекшісі Майина Ли­совцова.

Облыс әкімі Даниал Ахметов кездесуде аудандық депутаттар мен жастардың тарапынан айтылған ұсынысты қолдайтынын жеткізді. «Зырянды Алтай деп атау барлық жағынан да келіп тұр. Зырянның тұрған жері Алтай екені рас. Алтай – сан түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Сол себепті, біз қандай киелі жерде тұрып жатқанымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл – ең алдымен тарихымызға тағзым. Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болары сөзсіз. Неге десеңіз, Алтай – брендтіқ атау. Бұл өңірге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді», деді аймақ басшысы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Зырян ауданы