Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2018

«Алтай» клубы белді бәсекеде бақ сынайды

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2015 жылы құрылған шығысқазақстандық «Алтай» клубы FIVB-тың шақыртуымен wild card-қа ие болды. 

 «Алтай» клубы белді бәсекеде бақ сынайды

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов Өскеменде өткен баспасөз мәслихатында «Алтай» әлемдік бәсекеде бақ сынайтынын айтты. 

«Өскеменде клубтық Азия чемпионаты алғаш рет былтыр өткізіліп, сайыстың жоғары дәрежеде өтуіне зор баға берілген еді. Осыны ескере келе Халықаралық волейбол конфедерациясы (AVC) биыл да дүбірлі доданы қабылдауға сенім білдірген болатын. Чемпионат барысына Халықаралық волейбол федерациясының (FIVB) атқарушы комитеті кеңесінің мүшесі Став Якоби қатысқан еді. Құрлық додасы мәресіне жеткеннен кейін аймақ басшысы Даниал Ахметов аталмыш Федерацияға клубтық әйелдер командалары арасындағы Әлем чемпионатына «Алтайды» қатыстыруға ниет білдірді. Осы орайда, FIVB басшылығы Азия чемпионатының ойдағыдай өткізілуіне көңілі толып, облыс әкімінің ниетін құптады. Сондай-ақ беделді бәсекеде бақ сынауға wild card-ты табыстады», - деді Асқар Можанов.

2015 жылы құрылған «Алтай» клубы ел волейболы тарихында клубтық командалар арасындағы Әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысады. Әйелдер клубтары арасындағы бәсеке 1991 жылдан бастап қолға алынып, 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мұның алдында ауқымды жарысты Бразилия (1991, 1994 ж), Италия (1992ж), Катар (2010, 2012 ж), Швейцария (2013, 2015 ж), Филиппин (2016) және Жапония (2017) елдері қабылдаған екен. Осы жарыста Бразилия (1991, 1994, 2012 ж), Италия (1992 ж), Әзербайжан (2011 ж), Ресей (2014 ж) және Түркия (2010, 2015, 2017 ж) ала допшылары алтын медаль иемденген.

2018 жылғы клубтық әйелдер командалары арасындағы Әлем чемпионаты 2-10 желтоқсан аралығында Қытайдың Чжецзянь аймағында өтетін болады.