25 Қыркүйек, 2018

Қостанайдағы Марал ишан мешіті жөндеуден өтеді

1051 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайдағы Марал ишан мешіті жөндеуден өтеді

Қостанайдағы Марал ишан атындағы ақ мешіт облыстағы мәдени мұра, сакральды орындардың бірі болып саналады. Салынғанына 125 жыл болған мешіт қазір тозып, жөндеуді қажет етіп тұр. Қостанай қаласында осыдан бір жарым жыл бұрын 3 мың адам сиятын жаңа мешіттің пайдалануға берілуіне байланысты әрі жөндеуді қажет еткендіктен ескі мешіт жұмысын тоқтатқан болатын. Қостанай қаласында қазір екі жаңа мешіт жұмыс істеп тұр. Бұл туралы жұртшылық тарапынан да, кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында да «Марал ишан атындағы мешіт ғимараты енді діни орын болмайды екен» деген қаңқу әңгімелер шыға бастаған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аппараттың кеңейтілген мәжілісінде мешітке байланысты жағдайдың анық-қанығын айтты.

«Қостанайдағы Марал ишан атындағы ескі мешіт жөндеуді қажет етеді. Біз осы уақытқа дейін оған жөндеу жүргізе алмадық, себебі ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты болды. Діни басқарма оны бір жыл бойына Қостанай облысының коммуналдық меншігіне берді, жұмыс үдерісі осы уақытқа дейін созылды. Енді оған қаржы тауып, жөндеу жұмысын бастаймыз. Алдымен жөндеу-сметалық құжаттары дайындалады. Келесі жылдың аяғына дейін жөндеу жұмыстары аяқталып, ғимарат жаңарады. Бірақ оны келешекте қандай мақсатқа пайдалану кереігін біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісе отырып шешетін боламыз» деді Архимед Бегежанұлы.

Облыс әкімі әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарына мешітті жөндеу жұмыстарының «жол картасын» жасап, қандай жұмыстар жүргізілетінін бүге-шігесіне дейін анықтауды, оны жүргізу жоспарын жасауды тапсырды. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай