Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2018

Алматыда «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті

749 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өткізді.

 

Алматыда «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында және аталмыш басқарманың 2018 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген бұл жиынға мемлекеттік мекемелердің басшылары, ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам мен өнер қайраткерлері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, БАҚ өкілдері, қала тұрғындары, студенттер мен жастар және мектеп оқушылары қатысты.

Мерекелік шараны Алматы қаласы әкімнің орынбасары Арман Қырықбаев ашып, кезінде қазақ мектептерінің және ана тіліміздің тағдыры қыл үстінде тұрғаны туралы айта келе, соңғы уақытта осы бағытта қандай ауқымды шаруалар атқарылғаны жайында кеңінен әңгімеледі. Одан кейін осы саланы дамытуға үлес қосып жүрген бір топ азамат Алматы қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жиынның ресми бөлігі аяқталағаннан көрермендер назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.

Расында да қазіргі кезде осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды шаруалар аз емес. Мәселен, қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында Алматы қаласындағы этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі», «Абай оқулары», «Пушкин оқулары», «Тіл шебері», «Тіл дарын», «Тіл парасат» атты байқаулар үздіксіз ұйымдастырылуда. Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Көркемсөз оқу шеберлері», «Тіл мерейі», «Ана тілім – ардағым», «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты қалалық байқаулар өткізу дәстүрге айналған.

Аталған қалалық конкурстар мен іс-шараларға жыл басынан бері 400-ден аса адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыпта  70-тен аса материал жарияланды. Іс-шараларды өткізу барысында 150-ден аса адам уақытша жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.

Алматы қаласында мемлекеттік қызметшілерге қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылған. Жаңа технологиямен жабдықталған оқу кабинеттері жұмыс істейді. Олардың барлығы іс жүргізуге қажетті құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлгілері мен екі тілді электронды сөздіктермен, қазақ тілі орфографиясы мен орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасау және тілдерді оқытуда жиі қолданылатын 30-дан астам электронды бағдарламалармен қамтамасыз етілген.

Биылғы 2018 жылы 817 тыңдаушы қазақ тілі курсына қатысып  жатса, 350 мемлекеттік қызметші ағылшын тілін үйреніп жүр. Бұған қоса 148 этнос өкілі қазақ тілін, 175 этнос өкілі өз ана тілдерін үйренуде. Бұл жұмысқа 9 қазақ тілінің, 5 ағылшын тілінің, 2 этнос тілінің оқытушысы және 2 әдіскер тартылып отыр.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ