Тарих • 25 Қыркүйек, 2018

Халел Хаббасовтың інісі болғаны үшін әкем көп қуғын көрді

1065 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның орынбасары, Семейде жарық көрген «Абай» журналының қаржылай демеушісі, «Сарыарқа» газетінің шығарушы редакторы, Алашорда үкіметінің атынан Сталинмен Қазақ автономиясы жөнінде келіссөз жүргізген алаш ардақтысы Халел Ғаббасовтың немере інісінің бар екені, оның Үржар ауданында тұратыны туралы жақында әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың туған жері – Ақбұлақта өткен мерейтойы кезінде естідім. Қазақтың әншілік өнерін ең алғаш әлемге танытқан тұлғаның 130 жылдығында құттықтау сөз сөйлеген этнограф, әдебиет зерттеушісі, шежіреші, жазушы Ақселеу Сейдімбековтің туған інісі Асылхан ағамыз Ақбұлақ ауылында Әміре ғана емес, Халел Ғаббасовтың да дүниеге келгенін айтып, қайраткердің жақын туысы, немере інісі Берікбол Баязитов Үржардың Қарақол ауылында тұрып жатқанын, ол кісіні белгілі ғалым, алаштанушы Дихан Қамзабекұлының іздеп тапқанын жеткізген-ді. Сол жерде бірден Асылхан Сейдімбековке жолығып, Қарақолдағы асылдың сынығының телефонын жазып алдым.

Халел Хаббасовтың інісі болғаны үшін әкем көп қуғын көрді

Арада 10-15 күн өткеннен кейін текті әулеттің тұяғымен кездесуге Үржарға аттандым. Аягөзден асып, Таскескенге тақағанда көлігіміз бұзылды. Қарақолға дейін 30-40 шақырымдай жер. Апара қоятын дайын көлік жоқ. Осылайша амал құрып тұрғанда: «Күт. Қазір өзім барып алып кетемін», деді ақсақал. Қырсықты көрмейсіз бе, бері шыққанда ол кісінің де көлігі дұрыс тартпай, Шолпан ауылының тұсына тоқтапты. Шолпаннан Қарақолға дейін 20 шақырымдай жер. Содан не керек, Шолпанға дейін «Газельге» отырып жеттім. Өңі сары, қимылы ширақ, жүрісі сергек Берікбол ақсақал Шолпанның қауын-қарбыз сататын балаларының жанында күтіп тұр екен. Көлікке отырып, ойдым-ойдымы шыққан жолмен Қарақолды бетке алдық. Әңгіме көлік ішінде басталып кетті.

 
 

«Керек қылсаң сені күйеуім де ұстап береді»

– Білуімізше, Сіздің атаңыз Баязит пен Халел Ғаббасовтың әкесі Ахметжан ағайынды екен.

– Иә, менің атам мен Халелдің әкесі бірге туысады. Менің әкем бір әкеден жалғыз. Халел де солай. Халел аға атылғаннан кейін менің әкемді «туысысың» деп әуелі Қарқаралының, кейін Қарағандының түрмесіне қамайды. Әкем Әбілхасен Қарағандыдағы түрмеде жармалық ақын Төлеу Көбдіковпен бірге жатыпты. «Әй, Көкен (жұрт Көкен деп те атаған – А.Қ), сенің ағаңды атты. Енді сені де қоймайды. Одан да Қытайға қашқаның жөн. Қазақтар өтіп жатыр ғой. Кешірмейді бұлар. Мықтылардың тұқымын құртпай қоймайды», – деп ақыл айтыпты көпті көрген Көбдіков. Ол кезде әкем 22 жаста екен. Содан түрмедегі қариялар бар ақыл-кеңестерін айтып, әкемді қашырады ғой. «Көп шөмеле үй салдық. Сол шөмеле ішіне жасырып, алдын ала дайындады. Нанның үгіндісін жинатты. Бір ай ма, бір жарым ай ма, сухари жасап, талқан қып үгітіп, жинадық. Сіріңке жоқ ол кезде. Шақпақ. «Қисыны келсе, сонымен тұтат. Тобылғы мен қарағанның қуын пайдалан, түтін шықпайды, соны ғана жақ» деді ақсақалдар» деп айтушы еді әкем. Қысқасы, түрмедегі қариялар бәрін үйретеді. Қарағандыдан Семейге жету керек қой. Сөйтіп жолға шықтым дейді. Ұзын белбеу жасап берді дейді.  «Егер жолда көлік кездессе мінесің, бірақ одан не екі-үш шақырым озып барып жат, не кейін қалып жат. Іздеушілер көліктің маңайын іздейді. Басыңды көтеріп қарама, шалқаңнан жатып, көзіңнің қиығымен қара», – деген қариялардың кеңесін естен шығармай жалғыз өзі Семейге қарай жаяу тартады. Ешкімнің көзіне түспес үшін күндіз демалып, негізінен түнде жүреді. Бір күні жолда келе жатып, ботасы өлген түйені кездестіріп, оны сауып, шұбатын ішіп, жүрек жалғайды. «Шалдар берген белдіктен бас жіп жасап, әлгі түйемен талай жер жүрдім» дейді әкем. 

– Сонда әкеңіз қай жылы қашқан? 

– 1931 жылдың аяғында, 32-нің басында қашқан ғой. Ол кез елді ашаршылық жайлаған қиын уақыт.

– Содан әкеңіз түйемен келе жатыр.

– Иә, күндіз тұсап қоя береді, түнде мінеді. Шалдар айтқандай екі шақырым жерге барып жатады. Несін айтасың, бір күні түйенің тұсауы босап кетіп, жаяу қалады. Азық-түлік жоқ, қатты ашығады. Тасбақа ілбіңмен Ақбұлақтың маңайына келеді. Дегелең кезінде біздің ата-бабаларымызға жайлау болған жер ғой. Сол Дегелеңге жетіп, бір қыстаққа барады. «Кешке таяу уақыт болу керек. Әбден ашыққаннан көзім де жөнді көрмейді. Бір қарасам, ит бірдеңе сүйретіп келеді. Өлген малдың еті екен. Қолымда пышағым бар. Соның лоқ еттерін кесіп алып, тұздап, тобылғының қуын жағып, пісіріп жегенде көзім шырадай жанды», – дейтін әкем. Ашаршылық уақыты ғой. Елдің бәрі қырылып жатыр. Содан не керек, әкем сол маңайда тұратын апайының үйіне барады. Апайына барса: «Сенің хабарың келді. Іздеп жатыр. Ешкімге көрінбе. Керек қылсаң сені күйеуім де ұстап береді», – деп кішкене азық-түлігін беріп, жолға шығарып салады. Ұзын-сөздің қысқасы, әкем бір жарым ай жол жүріп, шаршап-шалдығып, азып-тозып, Семейге жетеді. Біраз күн Семейде жұмыс істеп, аз-маз тиын-тебен табады да, Қытайға жол тартады. Жол-жөнекей неше түрлі бейнет көріп, Қытайға жетеді. Бұрындары Қытайға әкемнің нағашылары өткен екен. Әкем бара сала соларды іздейді. Шешесі қайтыс болған екен. Нағашыларын тауып алады. Мына қызықты қараңыз, Әсет Найманбаев сол ауылда екен. Ауылдың аты – Қаракемер. Содан қойшы, әкем сол жақта үйленеді. Ертеректе Қытайға өткен ауқатты, Ке­рей Терлікбай деген кісінің жалғыз қы­зын алады. Сөйтіп өмір сүріп жатады. Консул арқылы КСРО-ның азаматы де­ген төлқұжат алады. Ол кезде Совет үкі­меті мен Қытайдың қарым-қатынасы жақ­сы. Бір күні хабар келе ме, әлде әлгі консул айта ма, кім біледі, әкемді ұстап әкетеді.
 
Әкем үш жыл Қытай түрмесінде болды

– Бұл қай жылдар шамасы?

– 33-34-ші жылдар. Қытайдың түрмесінде үш жыл жатады. Түрмеде көрмегенді көреді. Тырнағының астына ине өткізеді. Шегенің үстіне тұрғызады. Шеге аяғына кірш-кірш кіргенде саулап қана ағады екен. «Айт, шындықты. Сен шпионсың» деп ұрып-соғып, азаптап көбеңе ине жібергенде адам шыдай алмай зәр сындырып жібереді екен. Біз не көрмедік?», – деп қамыға еске алып отыратын Қытай түрмесіндегі күндерін. Қанша қинаса да: «Халел Ғаббасовтың інісі екенім рас. Бірақ мен шпион емеспін» деп айтқанынан танбайды. Ақыры «Сен шпион емес, адал екенсің» деп үш жылдан кейін әкемді түрмеден босатады. Ерте босатуына себеп, әкем түрмеде керемет жұмыс істепті. Қара жұмыс қой. Түрменің бүкіл жұмысын адал атқарыпты. Өзі қолынан келмейтіні жоқ, ісмер адам. Олар жақсы көрген кісілеріне «хау, хау» дейді екен. Әкемнің айтуы. Жұмысты жақсы істегенін бағалағаны ма, біраз уақыттан кейін әкемді түрмеге тамақ тарататын адам қылып қояды. Сөйтіп Қытай түрмесінен шығып, 1955 жылы ел жаққа қарай өтеді. Ол кезде мен 16 жаста болдым.

– Өзіңіз Қытайда тудыңыз ғой.

– Иә. Мен 1939 жылы (құжат бойынша – 1940) Қытайдың Шыңжан өлкесі Шағантоғай ауданында тудым. 

– Рет-ретімен айтсаңыз. Әкеңіз Қытай түрмесінен шықты. Әрі қарай не болды?

– Еее, бір күні әкемді консул шақырыпты. Біздің арғы атамыз Мақы қажыдан тарайтын Мәскеудің ауылшаруашылық академиясын бітірген, ұзақ жылдар Қазақ КСР Ғылым академиясында жұмыс істеген, Шөл игеру институтының директоры қызметін атқарған Араб Ғаббасов деген ағамыз болған. Сол кісі консулға хабарласып: «сол жаққа (Қытайға – А.Қ) менің Әбілхасен деген інім өтіп еді. Сұрастырып, білші» дейді. Әкем консулға барады. «Өй, сен мұнда неғып жүрсің? Ағаң Алматыда тұрады, Сара деген орыс әйелі бар. Араб ағаңмен пойызда танысып едім. Елге қайтпайсың ба?», – дейді консул әкеме. «Қалай қайтам? Қайтсам, атып тастайды», – дейді әбден шошынып қалған әкем. «Болды, атпайды. Елге қайт», дейді консул. Сөйтіп 1955 жылы виза жасатып, елге өтеді. 

–1955 жылы Үржарға көшіп келдіңіздер.

– Жоқ. Қырғызстанға жіберді бізді. 

– Неге?

– «Бұл жақта тұруға болмайды» деп, Ош облысының Молотов ауданына жіберді. Қытайдан келгендерге арнап үй салып қойыпты. Көп адамды пойызға тиеп, сонда жіберді.

– Ақсақал, сөзіңіз аузы­ңыз­да. Әуелі Қытай жағын бітіріп алсақ.

– Әкем түрмеден шыққаннан кейін балалы-шағалы болды. Үлкен ағайым, інім сол жақта көз жұмды. Қытайда ауқатты тұрдық. Әкем саудамен айналыс­ты. Жер сатып алдық. Арбамыз болды. Бес жұмысшы ұстадық кәдімгідей. Атқа жегетін, шөп шабатын машина сатып алдық. Шөп шаптық, егін ордық. Қой көбейді, сиыр көбейді, жылқы көбейді. Соның бәрін саттық та елге оралдық қой. Шекарадан алты қанат ақ үйді алып өттік. Содан Қырғызстанға бардық. Бірақ ол жақта бір жыл да тұрғамыз жоқ. Алматыға көштік. Әкемнің ағасы Араб «Алматыға көшіп кел» деп көп ақша берді. Ақша бергеннен кейін әкем Араб Ғаббасовтың Фрунзеде (қазіргі Бішкек) министрлікте жұмыс істейтін жолдасына жолықты. Қытайдан келгендерге заң шықты ма, рұқсат бар ма, соны біл деп жіберген болу керек әкемді. «Ешқандай да заң жоқ. Жүгіңді жинап ал да көше бер» депті. 

– Содан Алматыға көшіп келдіңіздер.

– Алматыға емес, Аягөзге көшіп келдік. Аягөзде әкемнің апайы тұрады екен. «Төртінші квартал» дейді. Ыңғай тобықтылар. «Арғын сай» дейді екен өздері. Сол «Арғын сайына» кеп тұрдық. Біраз уақыт өткеннен кейін әкем: «қалалы жер бізге қол болмайды. Жер көрем» деп маңайды аралап кетті. Ақыры Аягөзге іргелес Үржар ауданының Қарақол ауы­лына тұрақтадық қой. 

– Бұл қай жыл?

– 1956 жыл. 

– Бәрі есіңізде екен.

– Бәрі есімде. Халықтың жағдайы өте нашар болды. Екінші фермада мал бақтық. Оқу оқығам жоқ. Оқуға мұрша болмады. Шығып кеттім. Қытайда ең әуелі діни оқу оқыдым. Молда болу үшін. Әкем сондай оқуға берген ғой. Өзі молда болған адам. Бірақ оны тастатты да, мектепке берді. Қытайдан 5 класс бітірдім. Келгеннен кейін Қарақолда бір жыл оқыдым. Орысша білмеймін. Содан үш жыл қой бақтым. Сөйтіп жүргенде бір күні үйімізге Мұқсын Әмірғалин деген колхоз бастығы келді. Әкем қой сойыпты. «Берікбол не істеп жүр?» деді  директор. «Қой бағып жүр. Оқымай қойды», – деді әкем. «Әй, табаныңнан жарылған қойшы боп кетесің. Техникаға ие бол. Ертең маған кел. Саған жолдама берем. Аягөзде автомектеп бар. Стипендияңды да төлеймін», – деді. Аягөзге барып, алты ай оқыдым. Алып кеттім. Орысша да үйреніп алдым.

Қысқасы, Берікбол ақсақал Аягөзде оқығаннан кейін ауылда шопыр болып еңбек етеді. Кенисберг қаласында әскери борышын өтеп келгеннен соң қайта көлік тізгіндейді. 1995 жылдан бастап Қарақол ауылында имам қызметін атқарады. 2005 жылы қажылыққа барады. 2007 жылы балаларымен бірлесіп, ауылға мешіт салдырады. Осындағы ескі мектепті жөндеп, 300 орындық қатымханаға айналдырады. Асылдың сынығы, тектінің тұяғы Берікбол Баязитовтың өнегеге толы өмірі, ауылдастарына жасаған жақсылығы өз алдына бөлек әңгіме. 

Халел аға саятшыл кісі болыпты

Ақсақалмен көлікте басталған әңгіме Қарақолға жеткеннен соң қарияның ауласында жалғасты. Берікбол қажы қысы-жазы қымызды үзбей ішеді екен. «Сергектігінің себебі осы болар» деп түйдім іштей. 

– Әкем 1976 жылы осы ауылда қайтыс болды. Шешем де осында жерленген. 

– Ақсақал, 1955 жылы елге келгеннен кейін «Алашорданың жақынысыңдар» деп қудалаған жоқ па?

– Жоқ. «Халелдің туысқа­нымыз» деп біз де айтқамыз жоқ. Әкем де «Әй, балам. Ешкімге Халелдің туысқанымын деп айтушы болма» деген соң жұмған аузымызды ашпадық қой. Ашық айтып жүргеніме міне үш-төрт жылдың жүзі болды-ау деймін.

– Сіздің әкеңіз Әбілхасен Халел Ғаббасовтың әкесі Ах­мет­жан­ның  қолында тәр­бие­ленген екен. Алаштың ар­дақ­ты ұлы туралы не айтушы еді әкеңіз?

– Менің әкем үш жасқа толғанда Баязит атам қайтыс болып, Халелдің әкесі Ахметжан­ның бауырында өседі. Ахметжан «жастай жетім қалды ғой» деп менің әкемді ерекше жақсы көріп, киімнің тәуірін әкеме береді екен. Ол кісі бала тәрбиесіне өте қатал болыпты. Бірде оқу­дан демалысқа келген Халел әп­кесінің тойына қатысқысы келіп, қайтамын деген күннен кешігіп қалыпты. Аңшылықтан келген әкесі бұған қатты ашуланып: «Саған оқу керек пе, той керек пе? Сені келешекте елдің бетке ұстар азаматының бірі болады деп оқытып жүрмін», – деп сол күні пәуескеге мінгізіп, Халелді Семейге аттандырып жіберіпті. 

Әкем Ахметжанға ерекше риза болып, жиі айтып отыратын. «Халел өте адал еді. Туысқанға да бұрмайтын турашыл еді», – дейтін әкем. Халел ағам да әкесі Ахметжан сияқты өте саятшыл, сері кісі болыпты. «Ерейменнің Ақ қасқасы» деген тазыны Қарқаралыдан пәуескемен алдырыпты. Тазының жүйріктігі соншалықты, Борлықақтың көлінен екі сағатта екі қасқыр алыпты. Сағатқа қарап отырған ғой. Халел ағамыз Мұхтар Әуезовке де көп көмектесіпті. Ташкентте қаржысы болмай қысылғанда 200 сом мөлшерінде ақша беріпті. Кейін «Мұхтар Әуезовке неге бердің? Сендердің астыртын ұйымдарың бар» деп тексергенде: «Оқуға ақшасы жетпегеннен кейін беріп едім» депті. Көп азаматтарға көмектескен ғой. Баламыз ғой, жас кезде бұған көп мән бермедік. Ол кісінің шешесі – Тобықты. Әйелі де – Тобықты. Тобықтыларға да көп жақсылық жасапты. Әкем айтып отыратын. Әйелінің аты – Рәмия. Үш бала ма, төрт бала ма көрген ғой. Менің көргенім – Қадыр. 

– Қадыр дейсіз бе?

– Қадыр – Халел Ғаббасовтың ұлы. Ол кісіні 1957 жылы Алматыда көрдім. Әкем мені арнайы алып барды. Бухгалтер болып жұмыс істейді екен. Соғысқа қатысып, бір қолынан жараланып қайтыпты. Сұлу татар әйелі бар екен. «Сұлулықтың не керегі бар? Қазақ қызына үйлен. Бала көр. Артыңда ұрпақ қалсын. Сен әлі жассың» деп ұрысты әкем Қадырға. Бірақ әйелін қимады ғой деймін, қазақ қызына үйленбеді. Сөйтіп ұрпақсыз кетті ол кісі. Екі күн үйінде жаттық. Үйде Халел ағаның үш кәстөм-шалбары ілулі тұр екен. «Соның ішінен біреуін таңда да ки. Менің әкем, сенің ағаң ғой», – деді. Сол кәстөмді көп жыл кидім. Сақтай алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін. 

– Қадыр ағаңызбен жолық­қан­да әкесі туралы айтты ма?

– Негізінен соғыс туралы айтты. Әкесі жайында ашылып сөйлемеді. Араб аға көп білетін еді. Бірақ жұмған аузын ашқан жоқ.

Арабтан да ұрпақ қалмады

– Араб Ғаббасов жөнінде не білесіз? Ол кісі қуғын-сүргін көрмеген бе?

– Соншалықты қатты қуғын-сүргін көрмеген. Көрмеген себебі, орысша оқыған. Әйелі де орыс болған. Ол кісіні ылғи сағат бірде немесе екіде тергеуге шақырады екен. Үш жыл сүйрепті. Бірақ бір ілік таба алмапты. Бұрынырақта алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Халел аға туралы кітап жазайын деп едім. Деректерін беріңіз» деп Араб ағаға барыпты. Үкіметтің құрығы ұзын. Қатты қорыққан ғой. Жалпы, ол кісі көп ешкіммен араласпаған, тұйық адам болған. 

– Академиктен ұрпақ қалды ма?

– Қалмады. 

– Өкінішті. Халел Ғаббасов­тан да ұрпақ қалмады ғой?

– Ол кісіден де ұрпақ қалмады. Баязит әулетінен мен ғана қалдым. Менен ұрпақ тарады. Бес ұл, бір қызым бар. Немерелер өсіп келеді. Жалпы, осы уақытқа дейін «Халел Ғаббасов – татар» деген сөздер де айтылғаны белгілі. Халел ағамыз кейінгі ұрпақтарына зардабы тимесін деді ме, тергеушілерге берген жауабында: «Арғы ата-тегім – татар, ұста болған. Осыдан 200 жыл бұрын Шаған болысына көшіп келген. Ғаббасовтарды Тобықты руына қарайтын адамдар төлеңгіт есебінде кірме етіп алған. Төлеңгіт – бұл қоғамдық жік, сұлтандар мен төрелердің қызметшісі ретінде қалыптасқан. Менің ата-бабам сондай кірме дәрежесінде өмір сүрді» деген ғой. Бұл туралы Алмасбек Әбсадық пен Асылхан Сейдімбек жазды. Шын мәнінде, Халел Ғаббасов  татар да, тобықты да емес, Орта жүз ішіндегі Тарақты, оның ішінде – Әлі. Біздің ата-бабаларымыздың қонысы – Абыралы атырабы, нақтырақ айтсақ, Ақбұлақ, Дегелең, Қызылту аумағы. Халелді татар дейтін себебі, үлкен шешелері – татар. Мақа қажының шешесі – татар. Үржарда Тұрсын Жұрт­баевпен кездесіп, осыны айт­қанымда: «Мұны ешкім айтпап еді» деп таңғалып еді. 

– Сөз басында әкеңіз Әбіл­хасеннің Қытайда Қаракемер ауылында Әсет Найманбаевпен бір ауылда тұрғанын айтып қал­дыңыз. Шәкәрімнің ұлы Зият та сол ауылда тұрған дей­ді. Осы рас па?

– Зият Қытайға өтердің алдында Шәкәрім оған: «Мына жерде өзен бар, одан әрі Шағантоғай деген қала бар. Онда Тобықтыдан қыз алған Қабдолда деген кісі тұрады. Соларды барып панала» деп бәрін жазып, карта сызып берген ғой. Қабдолда – әкемнің жақын туысы. Зият сол кісінің үйінде екі жыл тұрады. Мен өзім Зиятты көргем жоқ. Әкемнің айтқаны.
Шәкәрімнің ұлы Ахаттың Қаден деген әйелі болған. Қаден – Алашорданың демеушілерінің бірі Ике Әділовтің қызы. 1958 жылы әкеммен бірге Ахаттың үйіне бардық. Ахат үйде болмады. Қаден тәте Ахаттың әкесінің кітабын әкелуге кеткенін айтқан еді. Икенің Хайрия деген екінші қызы болған. Екеуі апалы-сіңілілі. Хайрияны Алашорданың демеушісі, Алашорда үкіметіне кеңселерін берген атақты бай Қаражан Үкібаевтың баласы алыпты. «Қаражанға бір қызымды, Шәкәрім қажының баласына бір қызымды берсем деп едім. Екеуі де айтқаныма барған екен. Енді бақытты болатын шығар», – деп айтып отырады екен Ике жарықтық кейін Қытайға өткенде. Қаден мен Хайрия бізге жиен болады. Өйткені Икенің алғаны Халел Ғаббасовтың әпкесі.  

Өкініштісі сол, Ахаттан ұрпақ қал­мады. Қаражанның баласынан ұрпақ қалды. Мен Хайрияны да, Қаденді де көрдім. Бірақ дұрыс араласқанымыз жоқ.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы, 

Қарақол ауылы