Өнер • 25 Қыркүйек, 2018

Үш жасымнан ән айта бастадым

363 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біраз уақыт бұрын мәлім болғандай, «Хабар» агенттігі «Junior Eurovision – 2018» халықаралық ән байқауына қатысу үшін үміткерлер арасында республикалық іріктеу өткізген болатын. Осыған орай қыркүйек айының алғашқы аптасында іріктеудің бірінші кезеңінен өткен он финалистің есімі анықталғаны белгілі. Соңғы кезенде «Аялаған Астана − 2015», «Голос. Дiти», «Надежды Европы», «BraVo», т.б. отандық және халықаралық байқаулардың жүлдегері Данэлия Төлешова да бағын сынап, 946 дауыспен үздік шықты. Ендігі кезекте Данэлия биыл Минскіде өтетін «Junior Eurovision – 2018» байқауында еліміздің атынан ән шырқайды. Төмендегі шағын сұхбатында Данэлия іріктеу кезеңі барысындағы сәттерімен бөліскен еді.

Үш жасымнан ән айта бастадым

– Данэлия, жеңіске жетуің­мен құттық­таймыз. «Junior Eurovision – 2018» ұлттық ірік­теу кезеңіне дайын­дық өте қысқа мерзімде өткені белгілі. Өзің дайындық барысын қалай өткіздің?

– Әрине, уақыт өте тығыз болды. Оқу жылы да басталып кетті. Мектептен ұзақ уақытқа қол үзіп қала алмайтындығым анық еді. Бірақ тым қысқа мерзімге қарамастан, сабағыма да, ән айтуға да үлгердім. Финалға шық­­қан басқа да балалар осындай уақыттың тығыздығын сезіне оты­­рып дайындалды. Мені­мен бірге іріктеу кезеңіне қатысқан балалардың барлығы талантты. Аз ғана уақыттың ішінде бір-бірімізге бауыр басып, өте жақын достардай болып кеттік.

– Данэлия, осыған дейін де әуезі жағынан, мәтіні тұрғы­сынан да күрделі әндерді таңдап жүр­сің. Бұл жолы да солай болды. Неліктен «Өзіңе сен!» әнін таңдадың? 

– Бұл ән менің жан дүниеме өте жақын сезілді. Ішкі рухани әлеміммен үйлесім тапқан әнді қандай күрделі болсын, мен жеңіл орындап шықтым. Әрине, көрерменнің алдына шыққанда қатты толқығаным рас. Ал «Өзіңе сен!» әні кез келген жасөспірімнің бойында болатын сенімсіздік әрекеттерді жеңіп, қандай да бір күш-қуат беретіні сөзсіз. Ал ондай кезде сенімділік те айқын, арманыңа да нық қадам басасың. Әнді жазу барысында менің пікірім, ойларым, ұсыныстарым назарға алынды.

– Білуімше, әннің сөзін Ка­милла Даирова, әуезін Иван Ло­пухов жазды емес пе? Осын­дай шығармашыл жандарды қалай кездестірдің?

– Қазақ тіліндегі мәтіннің авторы Камилла Даировамен ұстазым арқылы таныссам, ал ағылшын тіліндегі мәтінді жазған Артем Кузьменков және композитор Иван Лопухпен Украинда «Голос.Дiти» байқауында таныс­қан едім. Авторлар ма­ған шабыт беріп, ерекше бір шығар­машылық сәттер сыйлады. 

– Әнді айтуға қанша уақыт дайындалдың? 

– Ұстазым, Наталия Чурако­вамен екі апта бойы тынымсыз дайындықта бол­дық. Әрине, әнді меңгеру оңай болған жоқ, дегенмен тың­дармандарға ұнады деп ойлаймын. 

– Данэлия ән өнеріне деген құштарлық сенің бойыңда қалай пайда болды? 

– Отбасында әкем фортепианода ойнайды, ал мен ол орындаған әндерді ұйып тың­даймын.Үш жасымнан ән айт­қанды ұнаттым десем де бо­лады. Үйде інім және сің­лім­мен шағын концерттер ұйым­дастыратынбыз.

– Енді, міне, кішкентай Данэлия үлкен байқаулардың жеңім­пазы болып жүр. Алда қандай жоспарларың бар?

– Менің жоспарым, оқу және ән айту шеберлігімді шыңдай түсу. Мектепті өте жақсы бағаға аяқтасам, әрі қарай уақыт көр­сете жатар деп ойлаймын.

– Он жасыңда «Голос. Дiти» байқауына қатысып, ерекше әндеріңді көпшілік ұйып тың­дады. Дмитрий Мона­тиктің шы­­ғар­машылық ұжы­мы да сенің орындауыңа тәнті болды. Қазіргі кезде осы ұжым­мен шы­­ғар­машылық байланыс­тар бар ма? 

– Дима Monatik өз саласының кәсіпқойы. Байқау барысында ол біздермен күніне бірнеше сағат бойы дайындалатын. Мен көп нәрсе үйрендім. Байқаудан кейін концерттерге де бірге шықтық. Ал қазіргі кезде байланысымыз үзілген жоқ, жиі хабарласып тұрамыз. 

– Күні кеше өткен іріктеу кезеңінен кейін көрермендер «Данэлия – «Жұлдыз!» деп се­нің мәр­тебеңді көтеріп жатты. «Жұлдыз» ұғымын қалай тү­сінесің, ол қандай болуы керек? 

– Маған сенім артқан тыңдар­мандарға үлкен рахмет. Ал жұлдыз болу кәсіби тұрғыдан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қарапайымдылық пен еңбек­қорлық та қажет. Мен үшін жұлдыздар – Димаш Құдай­берген, Дженнифер Лопес, Monatik сияқты еңбекқор жандар. 

– Шетелдерге байқауларға барғанда Қазақстан туралы сұ­раса қалай жауап берер едің? 

– Мен Қазақстаныммен мақта­нар едім. Елімізде қаншама талантты балалар бар. Олар да әлемге танылса деп армандаймын. Сонымен қатар жер жүзіндегі ең көрікті қала – Алматыны мақтан етер едім! 

– Әңгімеңе рақмет. Сенен зор үміт күтеміз. Халықаралық байқаудан тек жеңіспен ора­луыңа тілектеспін.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»