Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Оралман» көркем фильмі Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдары академиясының барлық мүшесі қатысқан жабық дауыс беру қорытындысы бойынша үздік фильм деп танылды. Одан бөлек, фильмнің режиссері Сәбит Құрманбеков үздік режиссер, ал басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда үздік актер атанды. Сондай-ақ «Үздік сценарий» аталымы бойынша фильмнің сценарий авторлары Нұрлан Санжар мен Сәбит Құрманбеков марапатталды. «Үздік суретші» жүлдесі фильмнің қоюшы суретшісі Рустам Одинаевқа табысталса, «Үздік композитор» жүлдесі «Оралман» фильмінің музыкасын жазған Айдос Сағатовқа бұйырды.
Кинематография саласындағы ұлттық «Тұлпар» жүлдесін отандық кинематографты қолдау, мәдени ерекшелікті және ұлттық киноиндустрия негізін сақтау, жергілікті және халықаралық жұртшылық арасында қазақстандық үздік жұмыстарды насихаттау мақсатында құрылған болатын. Аталмыш жүлде – кинематографияның және отандық киноның дамуына үлес қосқан жетістіктері үшін кино саласы мамандарына берілетін кәсіби марапат.
Биыл «Тұлпар» жүлдесінде 2017 жылдың 1 қазаны мен 2018 жылдың 30 қыркүйегі аралығында көрермен назарына ұсынылған, сонымен қатар прокатқа шығуға жоспарланған қазақстандық көркем, деректі және анимациялық фильмдер іріктеуден өтті.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскер жендеттерінің қысымынан туған жерін тастап, Ауғанстанға қоныс аударуға мәжбүр болған қазақ отбасының арада өткен сандаған жылдық үзілістен кейінгі елге оралу тарихы мен талайлы тағдыры баяндалатын фильм өзінің мазмұндық мәні мен көркемдік деңгейінің жоғарылығын әр уақытта дәлелдеп келеді. Атап айтар болсақ, кинотуынды бұған дейін Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ картина Италияда өткен ХХ халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» аталымында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Одан бөлек, Германияда өткен 66-шы халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталса, ақпан айында Непалда өткен 22-ші халықаралық кинофестивальде «Шетелдің үздік фильмі» жүлдесін қанжығасына байлаған болатын. Ал осы жылдың сәуір айында Бішкекте өткен «Ақ Ілбіріс» ұлттық киножүлдесінің қос бірдей марапатына қол жеткізді: фильм «Орталық Азияның үздік фильмі» жүлдесімен, ал картинада басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда «Орталық Азияның үздік актері» жүлдесімен марапатталды.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»