Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2018

Әкімдіктер жергілікті полиция құрамының сапасын арттыру қажет - Қ.Қасымов

433 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар мен жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады.

Әкімдіктер жергілікті полиция құрамының сапасын арттыру қажет - Қ.Қасымов

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бүгінгі Үкімет отырысында еліміздегі қылмыс түрлерінің басым бөлігінің көрсеткіштерінің төмендегенін атап өтті. 

«Аса ауыр, ауыр қылмыс түрлерінің, сондай-ақ орташа және аса ауыр емес қылмыстар саны азайды. Олардың ішінде: тонау, ұрлау, бұзақылық, зорлық-зомбылық және басқа да қылмыстар бар. Бұрын сотталғандардың, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандар қылмысының төмендеуі байқалды», — деген Қ. Қасымов осы және басқа да жақсы өзгерістердің құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ІІМ-нің өңірлік әкімдерімен бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі екенін айтты.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрі Қ. Қасымов әкімдіктер тарапынан қолдауды қажет ететін бір қатар мәселелерді атап өтті. Біріншісі — құқық бұзушылықтардың алдын алу. Әкімдіктер бұл қызметтің әлеуетін әзірге жеткілікті деңгейде пайдаланып жатқан жоқ. Ұрлықтың алдын алу жұмыстарына жергілікті органдар, ұйымдар мен мекемелер, қоғамдық құрылымдар және тұрғындар да атсалысуы қажет.

Екіншісі — жасөспірімдер қылмысының алдын алу.

«Мектептегі» инспекторлар тәжірибесін дамыту қажет. Қазіргі таңда мектептерде 2178 инспектор қызмет көрсетуде. Олар күнделікті мектептердің әкімшілігімен, ата-аналар комиттерімен жұмыс істейді. Қосымша тағы 1900 астам қызметкер қажет», — деп ішкі істер министрі, бұл жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, маскүнемдіктің, нашақорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.

Үшіншісі — қоғамдық тәртіпті сақтау. Қ. Қасымовтың баяндауынша, бүгінде қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнебақылау жүйелері көп рөл атқарады. Қазіргі уақытта шамамен 6 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның бәрі Жедел басқару орталықтарына тікелей қосылған. Олардың көмегімен 288 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 2074 қылмыс ашылды.

Өңірлерде «Қауіпсіз аула» жобасы ойдағыдай іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында 67 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Биыл олардың көмегімен үйлердің аулаларында 1,5 мыңнан астам қылмыс ашылған, 212 мыңнан астам тәртіп бұзушылық анықталған.

«Қабылданып жатқан шаралар жалпы көше қылмысын азайтып, ұсақ тәртіп бұзушылықтарды жылдам анықтауға жол ашуда. Бұл қоғамда «тәртіпсіздікке деген нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыруға ықпал етеді», — деп Қ. Қасымов, өңірлерде де заманауи бейнебақылау жүйелерін дамыту жөніндегі ұсынысын білдірді.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ҚР ІІМ әзірлеген бірыңғай техникалық саясатты ұстану қажет. Бұл үйлесімділікті және барлық енгізілетін жүйелерді бірыңғай республикалық желіге біріктіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Төртіншісі — жол қауіпсіздігі. Ішкі істер министрінің айтуынша, аталған бағытта ЖҚЕ бұзуды жазып алатын автоматты жүйелерді белсенді түрде енгізу қажет. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде 400 жол қиылыстарын және 300 желілік жол учаскелерін «Сергек» жүйесінің фото-бейнетіркеу камераларымен жабдықтау жұмыстары басталды. Жылдың басынан бері олар 260 мың әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді, бюджетке 740 млн теңгеден астам соммаға айыппұл өндіріп алынды. Соның нәтижесінде Астана қаласындағы ЖКО саны 20%-ға, қайтыс болғандар саны 50%-ға және жарақат алғандар саны 21%-ға азайды. Тиісінше, жол қозғалысын бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер саны қысқарды. Жақын арада осыған ұқсас жобаларды Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында іске асыру жоспарланған.