Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2018

«Тараз періштелері» Италияда

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараздық сәнгер Айдархан Қалиев әлемнің бірқатар мемлекеттерінде өзінің коллекцияларын көрсету арқылы халықаралық деңгейде танылды.

«Тараз періштелері» Италияда

Жуырда еліміздің атынан алғаш рет қатысқан белгілі сәнгердің «Көктем-жаз – 2019» атты маусымдық коллекциясы Италияның Милан қаласында өтіп жатқан «Milan Fashion Week» сән апталығының ресми бағдарламасында көрсетілді.

Тараз қаласы туралы айтылғанда, әуелі әйгілі шығыс ақындарының ежелгі Тараз аруларына арнаған ғазалдары ойға оралады. Шайырлардың жүрегін тербеген арулар туралы аңыз Тараз топырағында әлі күнге дейін айтылады. Сол себептен де Айдархан Қалиев өз көрсетілімін «Тараз періштелері» деп атапты. Мұнда шығармашылық көрсетілімнің символы періште болып белгіленген. «Шығыс сұлуларының құпияға толы келбеті мен бейнесі періштені еске салмай қоймайды», дейді сәнгердің өзі.

Негізінен Миланда көрсетілген сән үлгілері шығыстық стильде дайындалған. Сонымен қатар, сәнгер қолөнер шеберлері безендірген жылтыр маталарды пайдаланған. Жалпы, шығыс ұғымында қыз баласы нәзіктік пен пәктіктің символы ретінде бейнеленсе, әйел бейнесі асыл жар, аяулы ананың символы іспеттес. Сондықтан да сәнгер сән үлгілеріне ақ түсті қолданған.

Бүгінде үлкен жетістікке жеткен Айдархан Қалиевтің коллекциялары биылғы жылғы 8-11 қазан аралығында тұңғыш рет Тараз қаласында өтетін «Taraz – Aspara fashion week» сән апталығының ашылу салтанатында көпшіліктің назарына ұсынылады. Кезінде ұлы Жібек жолының орталығы болған Тараз қаласында өтетін сән апталығына Италия, Үндістан, Голландия, Ресей, Қытай, Франция сияқты 18 мемлекеттен қонақтар келетін болады. Сонымен қатар, құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Әйелдер комитетінің төрайымы Танзила Нарбаева да болады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, сән апталығында танымал сәнгерлердің көрсетілімдерінен басқа, 30 халықаралық дизайнердің киімдері ұсынылады. Сонымен қатар, «Aspara Fashion Week» аясында халықаралық дизайншылар конкурсы өтеді. Төрт күнге созылатын шараның алғашқы күні тараздықтар Париж және Италия дизайнерлерінің киімдерін тамашалай алады. Ал екінші күні өзбекстандық 6 дизайнердің өнері көпшілік назарына ұсынылса, үшінші күнгі көрсетілімді Италия және Франция дизайнерлері аяқтайды деп күтілуде. Жамбыл облыстық туризм басқармасының мәліметінше, аталған сән апталығына үш мыңға жуық турист тартылады. Нәтижесінде әлемнің көптеген елінен келген қонақтар Тараз тарихымен танысып, тағылымды ой түйіп қайтады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар