Қазір әйелдер бизнесін дамыту мемлекеттік бағдарламалар арқылы да, халықаралық қаржы институттарының арнасы арқылы да іске асырылып жатыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, «Бизнестің жол картасы-2020» аясында биыл әйелдер кәсіпкерлігіндегі 244 жобаға немесе жалпы жобалардың 34 процентіне субсидия беріліпті. Әйелдер кәсіпкерлігіне шағын несие беру бағдарламасын 2010 жылдан бері «Даму» қоры жүзеге асырып келеді. Бүгінге дейін 1,5 мыңнан астам заемшыға 14 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Мұның бәрі осыдан 20 жыл бұрын Президент жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ілкімді бастамаларымен жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесі деуге болады. Бұл ретте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі де ауқымды шаруа атқарып жүр.
«Негізінен әйелдер кәсіпкерлігінің әлеуетін әлеуметтік маңызы бар салаларға бағыттау керек», дейді аталған Кеңестің төрайымы Лаззат Рамазанова. Өйткені БҰҰ деректеріне сәйкес, мемлекеттің тұрақтылығы әйелдердің экономикалық, әлеуметтік және саяси құқықтарына тікелей байланысты екен. Оған көптеген зерттеулер дәлел. Мәселен, Бостон Консалтинг групп зерттеуі көрсеткендей, әйелдер құрған компаниялар ер-азаматтар басқаратын компанияларға қарағанда, табысты көбірек табады екен. Өйткені кәсіпкерлікпен айналысу әр адамның жеке мүмкіндігі мен қарым-қабілетіне, көшбасшылық қасиетіне тікелей байланысты.
«Қазақстанда гендерлік теңгерімнің рөлі ең жоғары деңгейде бағаланған, нақты міндеттер мен көрсеткіштер Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында белгіленген. Аталған құжат бағыттарының бірі – кәсіпкерлік қызметке қажетті ресурстардың барлық түрлеріне ерлер мен әйелдердің бірдей қол жеткiзуiн қамтамасыз ету. Бұл шаралар гендерлік аспектіде мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің талдауы мен ШОБ субъектілерін мемлекеттік қолдау, әйелдер кәсіпкерлігіндегі әкімшілік кедергілерді қысқартуды қамтиды. Сондай-ақ «Атамекен» кеңес беруші органдардың арасынан бірінші болып өз алаңында Іскер әйелдер кеңесін құрды», деді Кеңес төрайымы.
Екі жыл ішінде Іскер әйелдер кеңесі қанатын кеңге жайып, 16 өңірлік кеңес және 170 аудан орталығында кеңестер құрылған. Оларды қазір белсенді қыз-келіншектер басқарып отыр.
«Қазақстанның барлық өңіріндегі белсенді әрі табысты іскер әйелдердің басын қостық деп сеніммен айтуға болады. «Атамекен» кәсіпке енді аяқ басқан және белсенді жұмыс істеп жатқан кәсіпкер әйелдерге Іскер әйелдер кеңесі арқылы түрлі қолдау көрсетуде. Биыл 3 стратегиялық бағытты қамтыған дамудың жаңа деңгейін белгіледік», дейді Л.Рамазанова. Оның бірінші бағыты – қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Екінші бағыт – әйелдер кәсіпкерлігінің білім беру бағдарламаларын іске қосу және шағын несие беру арқылы жүзеге асырылатын бизнес жобаларды қолдау. Үшінші бағыт – әйелдердің кооперациялық кәсіпкерлігін дамыту. Бұл ұзақмерзімді әрі стратегиялық бағыт. Осылайша, елімізде әйелдер әлеуетін бизнес ортаға тартуға күш салынбақ.
Жалпы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда қазір 34 әйел – Парламент депутаты. Яғни «халық қалаулыларының» жалпы санының 22 процентін «қыздар қауымы» құрайды. Сондай-ақ корпоративтік секторда басшы әйелдердің өкілеттігі 34 процентке жуық. Іскер әйелдер қатары да қарқынды көбейіп келеді. Мәселен, биылдың өзінде 1,2 млн жеке кәсіпкер тіркелсе, оның 560,9 мыңына әйелдер жетекшілік ететіні анықталған.
Ерікеннен еңбектеніп жүрген жоқ
Жоғарыда атап өткеніміздей, кейбір деректер бойынша Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі жағынан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Әрине, мұндай көрсеткіш гендерлік саясат тұрғысынан алғанда мақтануға болатындай жетістік шығар. Алайда «таяқтың екі ұшы болатынын» да естен шығара алмаймыз. Себебі еңбек нарығындағы ауыртпалықты аруларға артып қоюға әсте болмайтыны тағы бар. Онсыз да отбасындағы шаруа, бала тәрбиесі, тұрмыстағы күйбең тіршіліктің бел ортасында жүретін әйелдер қауымына Қазақстан экономикасын қарыштату миссиясын міндеттей алмаспыз. Тек, теңдікті тіке ұстап, қоғамнан қағажу көрмей, ерлерден ерекшеленбей, еңбекке араласса деген ниет. Ендеше, жұмыс істейтін әйелдердің үлесі жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрғанымыздың өзі бір жағынан жақсылыққа баланса, енді бір жағынан бұл қаншалықты орынды деген де ой туғызады. Еңбек етіп жүрген әйелдің еркін де ескерген жөн. Қазір ешкім еріккеннен жұмыс істемейтіні анық. Көпшілігінде – кірістің аздығы, күнкөрістің қамы. Әсіресе, елімізде әйелдер үшін декреттік демалыс үш жылға созылғанымен, балаға төленетін әлеуметтік төлем бір жылға ғана жалғасатынын білеміз. Ал бұл ретте, амал жоқ, бала бір жасқа толысымен-ақ әйелдер жұмысқа шығуға «асығады».
Бұрын, сондай-ақ әйел жұмыссыз болса, декреттік демалысты күйеуіне рәсімдеуге мүмкіндігі бар болатын, қазір оның да мүмкіндігі шектелген. Егер күйеуіне рәсімделсе, ол да жұмыстан босатылып үйде отыруы керек. Бұл отбасы бюджеті үшін тиімсіз болғандықтан, жас баласы бар аналардың өзі жұмысқа ұмтылады.
Оған қоса, еңбек өтілі аз, жұмыс тәжірибесі жоқ мамандарға жұмыс табу қиын. Сол себептен де әйелдер қауымы бала-шағасының «шаруасына» шырмалып жүрсе де, жұмыстан қол үзбеуге мәжбүр.
Бұған соңғы жылдары әйелдердің зейнетке шығу жасының да ұлғайып келе жатқанын қосыңыз. Ендеше, «таяқтың екі ұшы» деп отырғанымыз осы. «Жұмыс істейтін әйелдер қатары көбейді» дегенді желеу еткеннен гөрі, олардың қандай іспен, қанша жалақыға, қандай жағдайда жұмыс істеп жүргендерін де есепке алған жөн.
Олай болса, көп айтылатын гендерлік саясаттың да бір міндеті сол – әйелдердің түйткілді мәселелерін шешіп, тұрмыстық ауыртпалығын азайтуға ықпал ету. Әйтпесе, әйел теңдігі оның қаншасының еңбекке араласуымен ғана өлшенбесе керек. Іскерлік пен жұмысбастылықты шатастыруға болмайды.
Әйгілі Наполеон «Өркениетті әрі білімді ұрпақтың қалыптасқанын қаласаңыздар, бірінші аналарға білім беріңдер» деген екен. Ал қазіргі заманда білім өмірлік тәжірибемен, қоғамдағы белсенділікпен де келетінін ескерсек, ешкімнің қоғам дамуынан қалыс қалуына болмайды. М.Әуезовтің «ұлт болам десең бесігіңді түзе» дегені де, сол бесікті тербететін әйелдер рөлімен тікелей байланысты. Ендеше, қай қоғамда да әйелдің арқалаған жүгі жеңіл емес. Бұл тұрғыда әйелдер іскерлігін ілгерілетудің, ханымдарды кәсіпкерлікке бейімдеудің жөні бөлек екені рас. Оған әрдайым қолдау қажет.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»