Үкімет • 26 Қыркүйек, 2018

Түйткілді мәселелердің түйіні тарқайды

466 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір елімізде егін жинау науқаны қызған шақ. Алтын астықты дер шағында жинап алудың маңызы зор. Осыған байланыс­ты Үкімет басшысы кешегі селекторлық отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігіне жұмысты жеделдетіп, тиісті шараларды қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ қант тапшылығына қатысты түйткілдің де түйінін тарқатуға тырысты. «Тәтті» төңірегіндегі ахуал Премьер-Министрге баяндалды. Ал жиында күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша жергілікті полиция қызметінің жұмысын жетілдіру, өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жайы талқыланды.

Түйткілді мәселелердің түйіні тарқайды

Жиын-терімді жеделдету керек

«Жауын-шашын егін жинау науқанына біраз кедергі кел­тіріп отыр. Соған қарамастан өңір­лерде қарқынды жұмыс жүр­гізілуде. Бүгінгі таңда егістік алқаптарының 73 проценті бас­ты­рылып, 14 миллион тоннадан астам астық жиналды. Оның ішінде Қостанай облысы 85 проценттен асып, былтырғы деңгейге жақындап қалды. СҚО-да 70,8 про­цент астық бастырылды», деді Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев. Оның айтуынша, егін бас­тыру жұмыстарында артта келе жатқан өңірлер де бар. Мә­се­лен, Ақмола облысы астық алқа­бының – 60, Қарағанды облысы – 57, Павлодар облысы 58 процентін ғана бастырып үл­герген. «Алдыңғы аптаға ауа райының болжамы жақсы, осыны пайдаланып екі-үш облыстың әкімдері қосымша шараларды қолға алуы керек. Жалпы, шығымы жаман емес, түсімі гектарына 13 центнерден айналуда. Алда орылатын алқаптар түсімі жоғары болуы тиіс. Сондықтан көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар», деді Ө.Шөкеев. 

Сондай-ақ ол еліміздің бір­қатар астықты өңіріне қосымша 50 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінетінін мәлімдеді. «Өткенде әкімдіктер ауа райына байланысты мәселе көтерген болатын. Олар бидайдың ылғал­дылығын төмендету үшін қо­сым­ша арзандатылған дизель отынын бөлуді сұрады. Жалпы, қазір кестеге сәйкес биылғы егін жинау науқанына 394,4 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бағасы бір литріне – 164 теңге», деді Ө.Шөкеев. Айтуынша, аталған көлемнің 73 проценті зауыттардан жөнелтіліп, 89 процентінің қаражаты төленген. «Энергетика министрлігімен бірлесіп, келісе отырып, тағы да қосымша 50 мың тонна дизель бөлу мүмкіндігін тауып отырмыз. Оның ішінде Ақмола облысына – 14 мың, Шығыс Қазақстан облысына – 5 мың, Қарағанды облысына – 2 мың, Қостанай облысына – 13 мың, Павлодар облысына – 2 мың, Солтүстік Қазақстан облысына – 14 мың тонна беріледі. Бағасы 1 литріне – 191 теңге. Ол қазіргі нарықтағы бағадан 9 пайызға арзан», деді министр.

Жауапкершілік әкімдерге жүктелді

Ө.Шөкеев қант мәселесіне қатысты да біраз жайтты баяндады. Оның хабарлауынша, еліміздің барлық облыстары 10 мың тоннадан астам қант сатып алуға мүмкіндіктері бар. «Қант мәселесі бойынша Ресей, Беларусь, Қыр­ғыз­станның Еура­зиялық эконо­микалық одақ­тағы қант өндіру­шілерімен ми­нистрлікте кездесу ұйым­дас­­тырдық. Оған біздің кон­ди­терлік фабрикалардың, шырын өндіретін компаниялардың жә­не әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациялардың өкілдері қатысты. Нәтижесінде, Еуразиялық эко­но­микалық одақтағы қант өнді­ру­шілердің барлығы біздің талап­тармен келісіп, қаншалықты сұра­ныс болса, соны қамтамасыз етуге келісті. Бағасы Ресейдің қазіргі нарықтағы бағасынан жоғары болмайды. Яғни, 1 килосы – 35 рубль. Оның сыртында ресейлік жә­не басқа да өңірлердегі қант өнді­рушілер біздің кондитерлік фабрикаларға бағаны төмендету үшін тендер ұйымдастыруды ұсынды. Біздің ойымызша, ұйымдасқан тендер болатын болса, онда баға біраз төмендеуі мүмкін», деді министр. 

Сонымен қатар ол алдағы уақытта қант тапшылығын бол­дырмау үшін қазірден бас­тап әкімдіктердегі тұ­рақ­тандыру қорларына аталған өнім­ді сатып алу қажеттігін баса айтты. «Егер келешекте қант­тың бағасы өзгеретін болса, оған әкім­діктер төтеп беру үшін тұрақ­тандыру қорлары арқылы ық­пал жасауға мүмкіндіктері бо­луы керек. Жалпы, келісім бо­йынша облыстардың 10878 тон­на қант алуға мүмкіндіктері бар. Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациялардың мұндай көлемде қант алуға мүмкіндіктері, шоттарында тиісті қаражаты бар», деді Ө.Шөкеев. 

Осы ретте Үкімет басшысы Ба­қыт­жан Сағынтаев облыс әкім­деріне тұрақтандыру қорлары­на қанттың қажетті көлемін сатып алуды тапсырды. «Өңір­лер­дегі әріптестер, өздеріңіз­дің қорларыңызға қажетті деңгейде ақшаларыңызды бөліп, қанттың қажетті көлемін жинап алуларыңызды сұраймын. Ертеңгі күні қант жоқ деген шу көтеріліп кетпесін. Қант жеткілікті, жұ­мыстың барлығы өздеріңізде», деді Үкімет басшысы.

Қылмыс қатары азайды

Елімізде қылмыс түрлерінің басым бөлігі бойынша көр­сет­кіштер төмендеген. Бұл жөнінде жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қа­был­данып жатқан шаралар мен жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы баяндаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қа­сымов мәлімдеді.

«Аса ауыр, ауыр қылмыс түр­лері, сондай-ақ орташа және аса ауыр емес қылмыстар саны азайды. Олардың ішінде: тонау, ұрлау, бұзақылық, зорлық-зомбылық және басқа да қылмыстар бар. Бұрын сотталғандардың, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандар қылмысының төмендеуі бай­қал­ды», деген Қ.Қасымов осы және басқа да жақсы өзгерістердің құқ­ық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қам­та­масыз ету бойынша ІІМ-нің өңірлік әкімдіктермен бірлесе атқарған жұмыстарының нәти­жесі екенін айтты. Жалпы саны 25 мың болатын жергілікті полицияға учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілік бойынша ұсталған адамдарға белгілі тұрақты жері жоқ адамдарға арналған арнайы мекемелер біріктірілген. Негізінен Ұлт жоспарының 30-қадамын іске асыру мақсатында құрылған жер­гілікті полиция қызметі өз жұмы­сын 2016 жылғы 1 қаңтарда бас­таған болатын. Ал биылғы жыл­дың 12 шілдесінде органдар қыз­меттерін жетілдіруге бағытталған заңдардың бірі қабылданды. 

Қ.Қасымов жергілікті полиция құрылған кезден бастап оның материалдық базасы автокөлікпен, байланыс құралдарымен, ком­пьютерлік техникамен айтар­лықтай күшейтілгенін атап өтті. Сонымен қатар жол-пат­руль­дік полицияның кадрлық жағ­дайын жақсарту үшін шаралар қабылдануда, сержанттық лауа­зымдарды офицерлік лауа­зым­дарға ауыстыру шаралары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазір үш мыңнан астам лауазым офицерлікке ауыстырылған. Бірақ бірқатар өңірлерде бұл жұмыстар толық атқарылмаған. Ішкі істер министрі өңірлер басшыларының назарын осы мәселеге аудара отырып, аталған мәселені шешу тек полиция қызметкерлерінің жалақысының өсуіне ғана ықпалын тигізіп қана қоймай, кадрлардың сапалық құрамын жақсартатынын атап өтті. 

Тапсырмалар тиянақталды

Мәселені талқылау қоры­тын­дысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев Ішкі істер ми­нистрі Қ.Қасымовтың назарын жүргізілген заңнамалық өзге­рістерге аударды. Қоғам жуыр­да қабылданған заңнан көп нәрсе күтіп отырғанын айтып өтті. Премьер-Министр сонымен қатар кадрлық мәселелерді шешуге көңіл бөлді. Бұл учаскелік инспекторларға және жергілікті полиция қызметінің жеке құра­мына, атап айтқанда, сержант қыз­меттерін офицерлік қызмет­терге кезең-кезеңмен ауысты­ру­ға қатысты. Сонымен қатар «мек­теп­тегі» инспекторлар тәжірибесін дамыту мәселесіне аса байыпты қарау қажет. Аталған бағытта Б.Сағынтаев инс­пекторлары бар және жоқ мектептер бойынша жасөспірімдер қылмысы статистикасын зерделеу қажеттігін атап өтті. Премьер-Министр әкімдерге өңірлерде орын алып жатқан мәселелерді қарай отырып, Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың арнайы отырыстарын өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін едәуір нығайтуға ықпал ететін шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан өзге, Ішкі істер министрлігінің ақпараттық тұрғыдан ашық болуы қажеттігіне назар аударды.

Өңірлік бағдарлама өзектендірілді

Қолданыстағы салалық бағ­дар­ламаларды оңтайландыру мақ­с­атында 2014 жылы Өңірлерді дамы­тудың 2020 жылға дейінгі бірың­ғай бағдарламасы қабыл­дан­ған болатын. Бірыңғай бағдар­ламаға «Аймақтарды дамыту», «Моноқалаларды дамыту», «Ақбұлақ», «Тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылықты жаңғыр­ту», «Қолжетімді баспана-2020», сондай-ақ шағын қалаларды дамыту бағдарламасының жобасы енгізілген еді. Кеше Үкімет отырысында осы бағдарламаны іске асыру мен өзектендіру барысы қаралды. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары жүзеге асырылып жатқандығын хабарлады. Сондай-ақ министр қолданыстағы Өңірлерді дамытудың 2020 жыл­ға дейінгі үкіметтік бағдар­ла­ма­сының міндеттерін, нысаналы индикаторларын, нәтижелер көр­сеткіштерін және іс-шараларын өзектендірумен Мемлекеттік бағдарлама мәртебесінде бекіту бойынша жұмыстар жүргізілгенін айтты. Өзектендірілген Мем­ле­кеттік бағдарлама аясын­да ба­ғыттар тұрғысынан функ­цио­налдық қалалық аудандарды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық инфрақұрылымын да­мыту міндеттерін шешу ұсы­нылған.

Жиында сондай-ақ өңірлерде іске асырылып жатқан жұ­мыс­тар туралы Павлодар облы­сы­ның әкімі Б.Бақауов, Жам­был облысының әкімі А.Мыр­зах­ме­тов және Шығыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Д.Ахметов есеп бер­ді. Талқылау қорытындысында Өңір­лерді дамытудың 2020 жыл­ға дейінгі мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сының жаңа жобасы мақұлданды. 

Цифрландыру өнімді өсіреді

Жиында талқыланған тағы бір мәселе – агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру жайы. Бұл тақырыпта Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев егжей-тегжейлі баяндады. Түйіндей айтсақ, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жос­пар­ланған іс-шаралар есебінен іш­кі өнімнің жалпы өсімі 3 трлн-нан астам теңгені құрайды. Он­да агроөнеркәсіп кешенін цифр­ландырудың әсері 30 процент немесе шамамен 1 трлн-нан теңге бол­мақ. Ал С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­верситетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев өз кезегінде оқу орны АӨК-ті цифрландыру бойынша екі бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Біріншісі – жер ресурстарын пайдалануға мониторинг жасау, екіншісі – өндіріске дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізу.  Сондай-ақ отырыс барысында Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетовтің, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақаловтың баяндамалары тыңдалды.

Қорытындысында, Премьер-Министр Б.Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне дәл­ме-дәл егіншілік элемент­терін енгізуді және мал шаруа­шылығы бойынша смарт-ферма­ларды енгізу жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. 

Динара БІТІК, 

«Егемен Қазақстан»