Спорт • 26 Қыркүйек, 2018

Рухы мықты отандастар елге оралды

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«BLIND RACE ASTANA – PARIS» құр­лықаралық веломарафонына қаты­сушылар Қазақстанға оралды. «Спортта шекара жоқ» деген ұранмен өткен бұл іс-шараға көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін спортшылар қатысты. Олар еріктілермен бірге Астанадан Парижге дейінгі 5 мың шақырым жолды велосипедпен жүріп өтті. 

Рухы мықты отандастар елге оралды

Бұл жобаның жүзеге асуына «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсеткен еді. Соған орай кеше вело­марафон қатысушылары пар­тия Төрағасының бірін­ші орынбасары Мәулен Әшім­баев­пен кездесті. Бес мың шақырым жол, 6 мемлекет және 30 қала. Осын­шама қашықтықты бағын­дыр­ған веломарафоншылар Қазақ­стан, Ресей, Беларусь, Поль­ша, Германия, Франция елде­рін басып өтті.

Бұл жоба өзінің қатысу­шы­ларымен ерекше. Себебі олар осындай батыл қадам арқылы қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасын өзгертуді және өз бойларындағы күдік пен күмәнді жеңуді алдарына басты мақсат етіп қойған. Веломарафон барысында қаты­сушылар күніне 100-200 ша­қырым жол жүріп отырған. За­ғип жандар негізінен екікісілік велосипедте стокердің (артқы орындықта отырып жүргізетін велосипедші) міндетін атқар­ған. Ал пилоттың рөлін ерікті­лер ат­қарды. Соған байланыс­ты оларға негізінен жолды бағ­дар­лау, велосипедті басқару сияқ­ты міндеттер жүктелсе, басты күш стокерлерге түскен. Сондық­тан мүмкіндігі шектеулі жандар­дың бұл әрекетін батылдыққа балауға толық негіз бар.

М.Әшімбаев спортшыларды марафонның сәтті аяқ­талуымен құттықтап, бұл бас­тама елімізді әлемге таны­туға, Қазақстанда паралим­пиа­далық спорт түрлерінің дамуына және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлесін қосатын игі іс екенін айтты.

– Қатарынан 3 жыл бойы өткізіліп келе жатқан вело­ма­рафонға биыл «Нұр Отан» партиясы да қолдау көрсетіп, оның табысты жүзеге асырылуына атсалысты. Соның нәтижесінде жоба құрлықаралық деңгейге көте­ріліп, қатысушылар Еуропа­ның 6 мемлекеті мен 30 қала­сын басып өтті. Осы жолда­ғы сіздердің қажыр-қайрат­тарыңыз, өмірге деген құштар­лық­тарыңыз бен жеңіске деген құл­шыныстарыңыз, төзімді­лік­теріңіз бен табандылықтарыңыз және ерік-жігеріңіз – барша халыққа, әсіресе жастарға үлгі болатын өнегелі іс. Халық өздеріңіздей рухы мықты жан­дарды қашанда құрмет тұ­тып, мақтан етеді. Алдағы уа­қытта да партия осындай игі бас­та­маларға қолдау көрсету ісін жал­ғастыра береді, – деді М.Әшім­баев.

Сондай-ақ ол партия қыз­метін жаңғырту аясында қайта жанданған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасына да тоқталып өтті.

– Бүгінде партия мүм­кін­дігі шектеулі жандарға қол­дау көрсету мақсатында «Кедер­гісіз келешек» жобасын жүйе­лі жүзеге асырып келеді. Бұл жоба партия қызметін жаң­ғырту аясында жанданып, жаңаша қарқын алды. Соның нәтижесінде нақты басым­дықтар анықталды. Яғни, мүм­кіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалып­тастыру, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету, жұ­мысқа орналасуларына қол­дау көрсету және осы салаға қатыс­ты заңнамаларды одан әрі жетіл­діруге айрықша көңіл бөліп отырмыз. Сондай-ақ партия еліміздегі саяси өмірге белсене араласып, мәслихат, Мәжіліс сайлауларына қатыс­қысы келетін мүмкіндігі шек­теулі жандарға да қолдау көр­се­туге дайын, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Веломарафонның ұйым­дас­тырушысы, «Спортта шекара жоқ» жобасының жетекшісі Бақтияр Базарбековтің ай­туынша, бұл шараның мақсаты – саламатты өмір салтын және табиғи таза көлік түрі саналатын велосипедті насихаттау, сондай-ақ экотуризмді дамы­тып, мүм­кіндігі шектеулі жан­дардың спортпен шұғыл­дануына жағдай жасау.

Осы ретте бұл – аталған топ­тың үшінші ірі велошеруі екенін атап өткен жөн. Алғашқы екеуі Алматы – Астана және Алматы – Ыстықкөл бағыттары бо­йынша өткен еді. Веломарафон кезінде команда құрамы 17 адамнан тұрды. Оның ішінде 6 стокер (көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін жандар), 6 пилот (велотандемде жол нұсқаушы еріктілер) және 5 ерікті (оператор, жүргізуші, ас­паз, медицина қызметкері) бол­ды. Олар 5 екі кісілік және 2 бір кісілік велосипедпен жүріп отыр­ды.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»