Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2018

Елордада «Astana Media Week» апталығы басталды

556 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарына арналған «Astana Media Week» апталығы өз жұмысын бастады.

Елордада «Astana Media Week» апталығы басталды

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

Жиынды Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық медиа саласын дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Осымен екінші рет өтіп отырған Astana Media Week елімізде ғана емес, аймақта да медиа нарықты қалыптастыруға және одан ары дамытуға серпін береді деп сенемін. Өйткені елордамыздың төрінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен бөлек, шетелдік әріптестер де өз ойларын ортаға салады. Бұл шараның негізгі мақсаты - отандық медиа нарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты»,  деді Д.Абаев апталықтың салтанатты ашылу рәсімінде.

Министр құттықтау сөзінен кейін «Контент-Маркет» деп аталатын көрме холын аралады. Мұнда қазақстандық және шетелдік телеарналар мен продакшн компаниялардың өнімдері таныстырылды.

Аталған шараға отандық және шетелдік медиаиндустрияның 60 топ-менеджері мен 50-ден аса продакшн компаниялар қатысып жатыр.  Жиын барысында медиа саласында кездесетін проблемалар талқыланып, түрлі ұсыныс-пікірлер айтылады. 

«Astana Media Week» медиа-апталығы 3 күнге созылады. Әр күні медиа саласындағы серіктестік қатынастар мен халықаралық ынтымақтастықтың дамуына елеулі үлес қосатын түрлі бағыттағы шаралар жоспарланған. Бүгінгі шараға республикалық және өңірлік телеарналар, еліміздің барлық өңірлеріндегі продакшн-компаниялар, жетекші вендингтік компаниялар қатысты. Жаңа телебағдарламалардың, реалити-шоулардың, мультфильмдердің, көркем фильмдер мен деректі фильмдердің тұсаукесері ретінде питчинг жүргізіледі. Қазақстан медиасының бірінші басшыларымен тет-а-тет кездесу барысында продакшн-студиялар өздерінің айрықша бейне контенттерін ұсынады. Мұндай форматтағы тиімді қатынас медиа нарықтың заманауи дамуының ең өзекті мәселелерінің түйінін табады деп жоспарлануда. 

Медиааптаның екінші күнінде жаңа конвергентті формаларға өту кезіндегі қиындықтар мен мүмкіндіктерді талқылау мақсатында Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының өңірлік Форумын өткізеді. Сондай-ақ отандық масс-медиа қызметіне қатысты заңнама саласындағы реформалар талқыланады.

Ал үшінші күні «Select Communication Group» компаниясының ұйымдастыруымен Astana Digital форумы өтеді. Бұл күні сандық маркетинг құралдары, криптовалюта нарығы секілді тақырыптарда халықаралық деңгейдегі спикерлер сөз сөйлейді.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

 «Егемен Қазақстан»