Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2018

Семей ядролық сынақ полигонының жағдайы ғылыми басқосуда талқыланды

631 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының 10 мың шаршы шақырымы толығымен зерттеліп болғаны туралы Курчатовтағы  «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі»  VIII Халықаралық ғылыми конференциясында талқыланды.

Семей ядролық сынақ полигонының жағдайы ғылыми басқосуда талқыланды

Бұл конференция аса маңызды ғылыми басқосу болғандықтан Курчатов қаласында екі жылда бір рет қана  өткізіледі. Алғашқы конференция 2010 жылы басталған болатын. Биылғы жылғы конференция ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының 60 жылдығына және ҚР ҰЯО РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалының 25 жылдығына арналып отыр.

ҚР Ұлттық Ядролық Орталығының Бас директоры, ғалым Эрлан Батырбековтың айтуынша,  VIII халықаралық конференция жұмысына Ресей, Жапония, Франция, Қытай, Белорусь, Украина, Германия, Чехия, Венгрия және тағы басқа әлемнің оннан астам елінен келген 100-ге жуық ғалымдар мен мамандар қатысуда. Конференцияға 150-ден астам баяндама ұсынылып, олар екі ғылыми секцияның пленарлық және секциялық отырыстарында тыңдалды. Баяндамалар радиациялық экология және медицина, радиациялық қауіпті объектілер мен аумақтардағы радиоэкологиялық қауіп-қатерді азайту технологиясы, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, сол сияқты радиоэкологиядағы физика-химиялық әдістер мен дозиметрия саласындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған.

Ал ядролық зерттеу қондырғылары ғылыми секциясында атом энергетикасының қауіпсіздігі және таратпау проблемалары жөніндегі, сондай-ақ заманауи энергетиканың перспективалық функционалдық материалдары, радиациялық материалтану және қатты дене физикасы мәселелері жөніндегі зерттеулер ғылыми талқылану ортасына салынды.  Конференция жұмысы үш күнге созылды. Бағдарлама шеңберінде Семей сынақ полигоны мұражайына, «Тәжірибе алаңы» объектісіне және «Атом көліне» экскурсиялар ұйымдастырылып, сондай-ақ ҚР ҰЯО зерттеу базасында да болып қайтты.   

ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалы мен ҚР ҰЯО РМК «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалдары өздерінің мерейтойларына ерекше дайындықпен келген екен. Мәселен, Атом энергиясы институты БН-350 жоғары жылдамдықтағы нейтрондар реакторын шығаруға белсене үлес қосқан. Бұл қазақстандық Токамак КТМ үшін аса маңызды. Термоядролық радиоактивті қалдықтарды жоюға көмектеседі. Ал Радиациялық қауіпсіздік және экология институтындағы оқу-ақпараттық Орталығының жетешісі Юрий Стрильчуктің айтуынша, 2021 жылы Семей полигонының ластанған жерлерін олар толықтай аяқтауға тырысуда. 

Біз кешенді тексеру арқылы ауылшаруашылығына жарамды жерлерді толық қайтарамыз,-деді Юрий Стрильчук,-ал бірақ 2 мың шаршы шақырымдағы жерлер мүлде жарамыз, қауіпті болғандықтан, ол жерлерді пайдалануға қазірден бастап тиым салмақпыз. Себебі осы қауіпті жерлерде ядролық қарулар сыналғандықтан, радиациялық фон өте жоғары. Десек те, радиоактивтіліктері шамалы деп анықталған жерлер де бар. Бұл тұстарда радионуклид мөлшері Қазақстанда белгіленген қалпынан аспайды. Бір сөзбен айтқанда, полигон жерінің жарамдысын ауылшаруашылығына қайтарып, біраз жерінен пайдалы қазбалар қазып алуға болады.

Полигон – бұл Қазақстан ғалымдарына ұзақ жылдар бойы қоршаған ортаның радиацоиялық зерттелуіне ықпал ететін тәжірибе алаңы екендігін де ұмытпаған жөн.Осы айтылған мәселелерге орай, ядролық зерттеу қондырғылары, радиациялық қауіпсіздік, атом қаруын таратпау және атом энергетикасын бейбіт түрде пайдалану туралы да талқылынды.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Курчатов қаласы