Өнер • 26 Қыркүйек, 2018

«Астана Опера» сахнасында «Астана – Әлем дауысы» халықаралық фестивалі ашылады

431 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

5 қазан күні «Астана Опера» Камералық залында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезін өткізу аясында «Астана – Әлем дауысы» халықаралық фестивалінің салтанатты ашылуы өтеді.

«Астана Опера» сахнасында «Астана – Әлем дауысы» халықаралық фестивалі ашылады

Концерт ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жағыру» бағдарламасының аясында тарихи-мәдени мұраларды сақтау, дамыту және насихаттау мақсатында өтеді. Кеш Елорданың 20 жылдығына орайластырылған.

Бағдарлама отандық және әлемдік хор мектептері хас шеберлерінің үздік туындыларынан, заманауи өңдеудегі халық әндерінен құралған. Концертте Абайдың «Көзімнің қарасы», Ақан серінің «Қараторғай», Е.Астатуровтың өңдеуіндегі П.Чайковскийдің «Щелкунчик mix», Zequinha de Abreu «Tico-tico no fuba», Tom Jobim «Garota de Ipanema» және көптеген туындылар орындалады.

Дарынды өнерпаздардан құралған Камералық хор Қазақстан мен одан тыс аймақтарда  бірнеше рет  гастрольдік сапарға шыққан. 2004 жылы негізі қаланған хор ұжымы бірнеше мәрте халықаралық байқаулардың  марапаттарын иеленген, олардың қатарында «World Choir Games» қос Алтын медалі (Латвия, 2014); «Шабыт-2014» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің Бас жүлдесі (Астана); «Жұбанов көктемі-2012» халықаралық байқауының Бас жүлдесі (Ақтөбе); «Хайнувка» ХХХ халықаралық рухани музыка фестивалінің Бас жүлдесі  (Польша, Белосток, 2011); Бейжіңдегі Бүкіләлемдік хор форумының екі Алтын кубогы (Қытай, 2011); «Астана – ән қанатында» Бас жүлдесі (Астана, 2008) және т.б. бар.

Ұжымның көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова өзінің ұстазы КСРО Халық әртісі, қазақстандық хор дирижері Анатолий Молодовтың дәстүрін лайықты түрде жалғастыра отырып, әрдайым хор музыкасын орындауда жоғары шығармашылық деңгейді бағындырады.