Білім • 26 Қыркүйек, 2018

Нағашыбек Қапалбекұлының жаңа кітаптары оқырманға жол тартты

918 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық кітапханада «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», сонымен қатар түрік тілінде жарық көрген  «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағының таныстырылымы өтті.

Нағашыбек Қапалбекұлының жаңа кітаптары оқырманға жол тартты

Ойлы оқырманға жол тартқан төрт кітаптың да орны бөлек. Жазушының «Суықтөбенің ұлары» атты әңгімелер жинағында берілген өмірлік тарихы бар, танымдық мазмұнға бай «Құт пен жұрт», «Ақ шымылдық», «Сүлде», «Суықтөбенің ұлары», «Үрей» және басқа да тың әңгімелері бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін ортаға салып оқырманды ой тереңіне тартады. Ал орыс тілінде шыққан «Кәшке батыр» атты кітабынан Кәшке батыр, Андас датқа, Сұраншы батырлардың өмірі жайлы құнды деректерді кездестіруге болады.  Аңыз-әңгімелерде қатталып тарихтан алынған оқиғалар қаламгердің  ойымен астасып көркем көрініс тапқан. Сондай-ақ орыс тілінде шыққан «Таудан түскен тұман» жинағына да жазушының шоқтығы биік үш повесі мен бір топ әңгімелері енген. Бауырлас Түрік елінің зиялыларының ыстық ықыласына бөленген «Құс қанаты» жинағының да мән-маңызы тереңде. Анкарада жарық көрген жинақты оқырманға ұсынған жазушы Якуп Омероғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Bengü» (Бенгү) баспасы.

Салтанатты шараға Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлының құттықтау хатын оқып, Нағашыбек Қапалбекұлына түркі мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін Анкарадағы Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының арнайы сыйлығын табыстады.

Ғалымдар жазушының көпшілік қауымға  ұсынылған шығармаларында  кездесетін тың теңеулер, тарихи деректер жоғары оқу орындары студенттерінің білімін шыңдауға да қосымша ретінде пайдалануға болатын таптырмас құрал екенін айтады..

«Қазақтың бай әдеби тілінің қоры, қолданыстары, сөз тіркестері, жеке сөзге, жеке сөйлемдерге мағына сыйғызатын суреткерлік қасиеті Нағашыбек шығармашылығын даралап тұр. Оның шығармаларында соғыстан кейінгі қазақ отбасыларындағы ауыр хәл, жетімдік, жесірлік сынды тағы басқа сол кездердегі психологиялық ахуалды қазақы ортаның тілімен, қарапайым адамдардың көзімен бейнелеп суреттейді. Әдебиетте оқырман кейіпкерге айналу деген бар. Нағашыбек шығармаларынан да әр оқырман өз тағдырын көреді» дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов.

Нағашыбек Қапалбекұлы – көптеген зерттеулер, тарихи-танымдық жинақтар шығарған, ел, жер, тарихын жете білетін шежіреші – қайраткер ретінде де жұртшылыққа жақсы танымал қаламгер. Өмір бойы жазуды жанына серік еткен оның қаламынан өрілген 46 кітаптың жартысынан астамы тарихи тақырыптарға арналған. Автордың туындылары көп жағдайда қазақтың шежіресіне, әдет-ғұрпы мен таным-түсінігіне негізделеді. Сондай-ақ Сүйінбай, Абай, Жамбыл сияқты тарихи тұлғаларды танытудағы үлесі зор.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ