– Айшолпан, өзіңізді елордамыздың төрінен көргенімізге қуаныштымыз. Бұл Қазақстанға алғашқы сапарыңыз екен. Көңіл күйіңіз қалай? Әсеріңізбен бөліссеңіз.
– Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әлемнің көптеген жерін аралап, талай елді көріп жүрсем де, Қазақстанға – туған Отаныма жолым түспеген екен. Бұл – менің жүрек түкпірінде сақтап, іштей тілеп жүрген үлкен арманым болатын. Қазақстанға келсем, ондағы адамдардың өмір сүру дағдысы, тарихи мекендері, табиғаты әсем жерлерімен таныссам деген арманым бүгін орындалып, өзімді шексіз бақытты сезініп отырмын. Астанадай әсем қаланы көріп, көрікті жерлерін аралап, әлі де әсерімнен арыла алар емеспін.
– Әдетте, саятшылық, оның ішінде бүркіт салу өнерімен көбінесе ер адамдар айналысып, бұл машық қыз баласына жат, таңсықтау саналады. Ал өзіңіз бүркітшілікке қалай келдіңіз? Құсқа деген қызығушылығыңызды не оятты?
– Жалпы, құстың қасиеті деген өте күшті ғой. Әулетімізде құс баптау өнері – ата-бабамыздан жалғасып, әкеден балаға мирас болып келе жатқан қасиетті кәсіп, өрелі өнер. Біздің үйде әкем де, ағам да бүркіт ұстады. Ағам әскерге кетті де, ата-анамнан рұқсат алып, ағамның бүркітіне бас-көз болдым. Содан бастап құс салып, аң аулау өнеріне қызығушылығым оянып, әкеммен аңға шыға бастадым. Кейін 13 жасымда 18 метр құздағы бүркіттің ұясына түсіп балапан алып, өзім баптадым. Екі қанатында ноқаттай ғана ақ дағы болғандықтан, атын «Аққанат» деп атадым. Аққанат қазір төрт жаста. Жалпы, бүркіттер төрт айда бір жасайды. Адамның жасымен есептегенде, 30 жыл өмір сүреді. 1 жаста – балапан, 2 жасында – тірнек, 3 жасында – тастүлек, ал жасы төртке толғанда ана құс деп аталады. Демек, қазір Аққанат ана құс атанды.
– Жалпы, құсты қалай танисыздар? Кез келген бүркіт жақсы баптаумен қыран болып шыға ма, әлде олардың да ерекше түрлері бола ма?
– «Саятшы бапшыл болса – бүркіттің бағы» деген қазақта жақсы бір сөз бар ғой. Осы сөздің мәні зор. Балапан кезінде құстың бәрі бірдей. Кейбіреулер бүркітті балапан кезінен қатал ұстап, қатаң тәртіп қояды. Меніңше, ол дұрыс емес. Ондай тәртіптегі бүркіт қысымға шыдамай, иесінен түбі әйтеуір бір қашып тынады. Құспен түсінісіп, тіл табыса, тіпті сырласа да алу керек. Бұл – үлкен өнер. Құстың тілі жоқ дегенімізбен, олар өте сезімтал. Бүркіттің бағы тікелей баптаушысына байланысты.
– Ал сіздің бүркіт баптаудағы жетістігіңіздің сыры қандай?
– Аққанатыммен досымдай сырласамын. Аялаймын. Құсты қорқытып немесе шектен тыс ашықтырып тәрбиелеу жақсы нәтиже бермейді. Құс иесіне неғұрлым жақынырақ бауыр басса, соғұрлым алғыр келеді. Ал құсбегілік сайысқа барардың алдында, әрине ол еркіндік біраз шектеледі. Ең әуелі құсты өзіңе жақсылап үйретіп, тамақтан да біраз шектеу қажет болады. Иесін жақсы сезетін, оның дыбысын жатқа танитын бүркіт шақыру кезінде қателеспейді.
– Бүркіт баптауға күніне қанша сағат уақыт бөлесіз?
– Мектепте оқитындықтан, дүйсенбіден жұмаға дейін интернатта сабақта боламын. Ол уақытта Аққанатты әкем мен ағам бағады. Сіңлім де қазір бүркітшілікке қызығып жүр. Демалыс күндері өзім қараймын. Жалпы, Аққанат күніне 500 грамм көлемінде қоян, түлкі, қасқыр сияқты аңдардың шикі етімен қоректенеді.
– Байөлкеде сізге дейін бүркітші қыздар болды ма? Кімге қарап бой түзедіңіз?
– Жоқ, болмады. Әулетіміздегі, жалпы сол аймақтағы қыздардың арасынан шыққан жалғыз бүркітшімін. Кейін менің өнерім көпке тарап, ел ішіндегі танымалдылығым арта бастағаннан кейін, жетістіктерімді көре келе 2-3 жылдан соң қыздар арасынан да жақсы бүркітшілер шыға бастады. Тіпті мен оқитын мектеп-интернаттағы балалар да қызығып, ақыл кеңестерін сұрап жатады.
– Ең алғашқы жеңісіңіз жайлы айтып беріңізші?
– Ең алғашқы жарыс, әрине есімде. Ол сәтті ұмыту мүмкін емес. Жасы менен әлдеқайда үлкен ер адамдармен бірге жарысқа түсу оңай болмады. Ол кезде мен небәрі 13 жаста болатынмын. Жеңемін деп тіпті де ойлаған жоқпын. Қатысудың өзін қанағат тұттым. Басында қатты қобалжу болды. Бірақ, кейін дәл жарысқа келген сәтте өзімді жинап алдым да, алдыма мақсат қойып үлгердім. «Ер адам істеген нәрсені неге қыз бала жасай алмауы керек!?» деп намысқа тырысып, өзіме өзім жеңемін деп іштей серт бердім. Сөйтіп, тілегімді Алла қабыл етіп, 78 бүркітшінің ішінде қолға шақыруды 5 секундта, шырғаға салуды 6 секундта атқарып, рекорд бұздым.
– Саятшылық маусымдағы олжаңыз көп пе?
– Әрине, қыс айларында бүркіт саламыз. Үйде екі бүркіт бар. Біреуі – әкемдікі, екіншісі – менің Аққанатым. Алғаш қар түскеннен бастап ақпанның соңына дейін аң аулаймыз. Осы уақыт аралығында, яғни өткен қыста Аққанат 14 түлкі, 2 қасқыр алып, қанжығамыз майланды.
– Сіздің есіміңіздің әлемге танылуына ең алғаш израильдік фотограф Ашер Свиденский суреттерінің ықпалы зор болды. Біз де өзіңізді солай білдік. Бұл кісімен қалай танысқан едіңіз?
– Ашер мырза бірде Байөлкедегі бүркітшілер тойына арнайы келіп, суретке түсіреді. Бірақ ол кезде фотографтың нысанасына кілең ер адамдар ілігеді. Жұмысын тәмамдап, еліне қарай бет алған қонақ ұшағына кешігіп қалады. Сөйтіп, уақыты кеңіп, шығармашылық жұмысын одан әрі жалғастыруға жақсы мүмкіндік алады. Біздің үйге келіп, мені де біраз суретке түсіріп әкеткен болатын. Кейін Ашер Свиденскидің фотосуреттерін көрген АҚШ режиссері Отто Белл Байөлкеге келіп, 2016 жылы «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) атты деректі фильмін түсірді. Сол фильм жарыққа шыққаннан кейін Байөлкені, ондағы қазақтардың өмірін әлем танып, Баян-Өлгейге қарай туристер ағыла бастады. 2017 жылы Отто Беллдің аталған туындысы үшін Азия мен әлемнің дамуына үлес қосқан тұлғаларға берілетін АҚШ-тың айтулы марапаттарының бірі – «Азияның батыр қызы» («Asia Game Changer Awards») деген құрметті атаққа ие болдым.
– Бүркіт баптауды қолға алған кезде, осындай танымалдылыққа қол жеткізем деп ойладыңыз ба?
– Ешқашан. Тіпті армандап та көрмеген екенмін. Аллаға шүкіршілік етемін.
– Міне, мектебіңізді тәмамдай салысымен елдегі ағалар өзіңізді Отаныңыз – Қазақстанға оқуға шақырып жатыр. Бұл ұсынысты қабылдауға дайынсыз ба?
– Қазір ойланып жатырмыз. Әкем рұқсатын берсе, Астанаға келіп оқуға әзірмін. Әрине, қимастық болады ғой. Бірақ дәл қазір менің мақсатым – жоғары білім алып, білікті маман атану. Әсіресе, тіл үйренгім келеді. АҚШ-тың Гарвард университетінен шақыру келді. Сонда білім алу үшін де ағылшын тілін оқуға күш салып, жақсы маман атанғым келеді. Экология немесе туризм саласын тереңдетіп оқысам деген мақсатым бар.
– Ал Қазақстанға келгенде бүркітшілік өнерге қатысты жүзеге асырсам деген ой-мақсат, жоспарларыңыз бар ма?
– Мақсатымды әлі қойып үлгермедім. Алдағы уақытта ойлана, ақылдаса келе өз жоспарларымды нақтылаймын ғой деп ойлаймын.
– Қандай арманыңыз бар?
– Алла жазса, өз атымнан мектеп салу. Қазір «Aisholpan Sun» деген қор ашып жатырмын. Онда кедей адамдарға көмектесу және жеткіншектердің сапалы білім алып, уақыттарын тиімді пайдалануына көңіл бөлінетін болады. Бізде Моңғолияда уақытын қалай өткізерін білмейтін балалар бар. Соның салдарынан да бұрыс жолға түсіп, зиянды әдеттерге әуестенетін жасөспірімдер көп. Сапалы білім алмаған соң, қара жұмыспен айналысуға мәжбүр. Тіпті жалақыларын да дұрыс алмайды. Сондай адамдарға қол ұшын беріп, білім алуына аз да болсын көмегімді тигізсем деймін. Спорт үйірмелері мен біліктілігін арттыратын қосымша курстар ашып, жастарды уақытын тиімді пайдалану жолдарына үйрететін жан-жақты бағыттағы әмбебап орталық ашу жоспарымда бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»