Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2018

Бастауыш ұйымдарға баса мән беріледі

636 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары арнайы сапармен Қостанай облысына барды.  Сапар барысында Мәулен Әшімбаев партияның «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ» аудандық филиалына қарасты бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен және кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті.

Бастауыш ұйымдарға баса мән беріледі

Сондай-ақ партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобалардың аймақта жүзеге асырылу барысымен таны­сып, партияның облыстық акти­вімен жиын өткізді. Одан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы бойынша өңірлік жоба­лау кеңсесінде болды және облыс әкімі, партия облыстық фи­лиалының төрағасы Архимед Мұ­хамбетовпен бірге «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша бас­паналы болған жергілікті тұр­ғын­дарға пәтер кілтін тапсырды.

Елбасының Саяси партия кеңесінің кеңейтілген отырысын­да берген тапсырмасы бойынша соңғы айларда партия қызметін жаңғырту жұмыстары қарқын алып, бірқатар тың жобалар, жа­ңа бастамалар қолға алынғаны белгілі. Соның ішінде баста­уыш партия ұйымдарының рөлін күшейту ісі де бар. Бүгінде еліміз бойынша «Нұр Отанның»

6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы бар. 1 миллионнан астам нұротандық осы ұйымдарға топтастырылған. Биыл аталған ұйымдардың жұмысын жандандыру мақсатында партия тарихында алғаш рет еліміздің төрт аймағында арнайы форумдар өткізілді. Онда қатысушылар БПҰ қызметтерін одан әрі жан­дан­дыруға бағытталған тұжы­рымдамаға енгізу үшін өз ұсы­ныстары мен пікірлерін білдірді. Ең ірі және белсенді бастауыш пар­тия ұйымдарының мүшелері қа­ра­ша айында Астанада өте­тін республикалық форумға қа­тыспақ. 

М.Әшімбаев партияның «Со­ко­лов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ аудан­дық филиалына қарасты бас­тауыш партия ұйымдарының бас­шы­лығымен кездесуінде осы мәселелерге ерекше назар аудар­­ды. Аталған филиал 2007 жыл­дың сәуір айында құрылған. Бү­гін­де ол мүшелерінің саны жағы­нан Қостанай облысында ең ірі филиал болып саналады. Мұн­да қа­зіргі кезде 20 мыңнан ас­там пар­тия мүшесі және 31 бас­тауыш партия ұйымы бар. М.Әшім­­баев кездесуде баста­уыш пар­­тия ұйымдары жергілікті жер­лер­дегі барлық партиялық жұ­мыс­тың негізгі орталығы болуы керек­тігін айтты.

– Партиялық жаңғыру ая­сын­дағы басым бағыттарымыздың бірі – бастауыш партия ұйым­дарын жандандырып, олардың жұ­мыс тиімділігін арттыру. Со­ған орай Павлодар, Шым­кент, Қара­ғанды және Ақтө­бе қала­ларында аталған ұйымдардың ай­мақтық форумдарын өткіздік. Онда ұйым өкілдері партиялық жаңғыруға қатысты өз ойларын айтып, түрлі ұсыныстарын жолдады. Оның барлығы алдағы қараша айында Астанада өтетін республикалық форумда кеңінен талқыланып, пысықталады, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төр­ағасының бірінші орынбасары аталған филиалдың жұмысына ризашылығын білдіріп, алдағы міндеттерге де назар аударды.

– Елбасының тапсырмасы бойынша біз партия қызметін жаңғырту арқылы еліміздің заманауи, тиімді, жоғары технологиялы саяси ұйымы ретінде қалыптасуымыз керек. Бүкіл әлем өзгерістерге ұшыраған ке­зең­де біз де қазіргі заманның үрдіс­тері­не бейімделуге тиіспіз. Жақ­тас­­тарымызға өз идеяларымыз­ды тү­сіндіруде жаңа тәсіл­дерді қол­данып, озық халық­аралық тәжі­рибелерді ескеруі­міз қажет. Сол арқылы Елбасы­ның сенімді саяси тірегі және елі­міз­дің же­тек­ші сая­си күші болып қа­луымыз керек, – деді М.Әшімбаев.

Елбасы Саяси кеңес отыры­сын­да «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масы «Нұр Отанның» идео­ло­­гиялық платформасы бо­луы ке­рек­тігін айтқан болатын. Сондық­тан аталған бағ­­дар­ла­­маның партия үшін ма­ңы­зы жо­ғары. Осыған орай М.Әшім­баев Қостанай облы­сын­дағы «Рухани жаңғыру» бағ­дар­лама­сын жүзеге асыру жөнін­дегі өңірлік жобалық кеңсе­сінің жұмы­сымен арнайы танысты.

Жалпы облыста аталған бағ­дарлама аясында ауқымды жұ­мыстар атқарылғанын аңғару қиын емес. Соның ішінде «Туған жер» жобасы бойынша орнатылып, Қостанай қаласының рухын асқақтатып тұрған Шақшақ Жәнібек батырдың ескерткішін ерекше атап өтуге болады. 

Бұдан соң М.Әшімбаев Елбасының бес бастамасы ая­сында өңірде атқарылып жат­қан жұ­мыстармен танысу үшін Қос­танай мемлекеттік педагоги­калық университетіне барды. Оқу ордасының ректоры Еркін Әбілдің сөзіне қарағанда, бүгінде жоғары оқу орнында 2 804 студент білім алады. Университеттің 465 орындық 5 қабатты бір ғана жатақханасы бар. Дегенмен, тағы 344 орын қажет. Осы мәселені шешу үшін Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында үш қабатты, әрқайсысы 86 орын­дық 4 ғи­ма­рат­тан тұратын кам­пус салу жос­парланып отыр.

Бес әлеуметтік бастама ая­сын­дағы «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасы да Қостанай облысында табыс­ты жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде бірқатар қостанайлықтар осы бастаманың нәтижесінде тұр­ғын үйге қол жеткізіп, баспа­на­лы болуда. Атап айтқанда, жаңа­­дан бой көтерген «Алтын ар­ман» шағын ауданындағы бір­не­ше көп қабатты үй «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасы бойынша бері­луде. М.Әшімбаев осындай қуа­нышқа кенелген пәтер ие­лерін құттықтап, салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қатысты.

«Нұр Отан» партиясы Төра­ға­сының бірінші орынбасары облысқа сапары барысында партиялық жобалардың жүзеге асы­рылу жайымен де танысты. Атап айтқанда, ол пар­тия­ның IT-мамандар даярлау үшін «20 ІТ-орталық» және ба­лаларға арналған тегін «1000 IT-сынып» ашу жобаларын жүзеге асыруда көпке үлгі болып отыр­ған мамандандырылған «Озат» ли­цейінде, сондай-ақ Рудный қала­сындағы №2 гимназияда болды.

Сонымен қатар партияның об­лыстық активімен кездесті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы