Өнер • 27 Қыркүйек, 2018

Иманжүсіп тұлғасы – қаһармандық үлгісі

1463 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Халық батыры, керемет композитор, ел ішіне кең тараған «Сарыарқа», «Сарымойын», «Ерей­ментау», «Бұғылы-Тағылы» сияқты көптеген әндердің авторы, көзі көрген адамдардың айтуы бойынша ән шырқағанда аспандағы құстардың өзі ғажап дауысын сілтідей тынып тыңдаған Иман­жүсіп туралы аз жазылмады да, айтылмады да. Тұңғыш рет 1913 жылы «Қазақ» газетінде фольклорист, ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Қоқан хандығы тұсындағы Түркістан билеушісі Тұрғанбай Сіргебаевтың ата-тегін, оның баласы, Кенесары Қасымовтың серігі Құтпан Дайрабаевтың немересі, қазақ өнері мен ұлт-азаттық көтерілісте жарқын із қалдырған Иманжүсіптің тарихын баян етеді.

Иманжүсіп тұлғасы – қаһармандық үлгісі

Мұхтар Әуезов Иман­жү­сіп­тің өмірі мен шығарма­шылығына айрықша назар аударған екен. Ол Иман­жүсіптің қазақ өнері тари­хындағы орнын белгіледі және бірінші болып әнші-ақынның шығармашылық мұрасын зерттеді деп еш күмән­сіз айта аламыз.

Иманжүсіп сауатты адам бол­ған. Ол Құранды өте жақ­сы білген. Жүз жастан асып барып қайтыс болған Име­кең атамыздың туған қызы Күлән­да және кенже баласы, менің әкем Нұрханның айтулары бойын­ша, үйде өте көп кітап, газет-журналдар болыпты. Біз­­дің заманымызға жеткен оның әндері – 1895-1906 жылдар аралығында Иманжүсіп түрме мен айдауда жүрген уа­қытта жазылған туындылар. Иманжүсіп ол уақытта 35-40 жаста. Негізі серінің аты жас күнінің өзінде елге таны­мал болады. «Сарыарқа» журналының арқасында бізге жеткен «Сейфүл-Мәлік» әні Иманжүсіп шығар­машы­лығының ерте кезеңіне жатады. Ән мәтінімен танысқанда, өзге ақындар секілді ол да шы­ғыс­тық сюжеттерді арқау еткендігін аңғарамыз. 

Халықтың әнші-ақындарға деген айрықша махаббатын Әуезов былай жеткізеді: «Соң­ғы болып саналатын қай-қай­сысы да бір мезгілде керемет әнші де, өзіндік сапасы асқақ музыкалық сарынға түскен қайталанбас, танымал, суырыпсалмалары бар ақын да бола білді». М.Әуезовтің бұл пікірін толығымен Иманжүсіптің шығармашылық мұрасына қатысты айтуға болады деп білемін.

1906 жылы айдаудан Ақ­молаға оралып, бас­тан кешкен қуғын-сүргін қасіре­ті­нен кейін ауыр күйзеліс үс­тінде Иманжүсіп қолына дом­бырасын алмайды, ал Сыр бойындағы туыстарына көш­кен соң мүлде тұйықталып қалады. Арасында тек елдің өті­ніші бойынша дау мәселесін шешуге, үлкен тойға құтты қонақ болуға ғана барады. Егер көпшілік одан осы кезде ән айтуын сұраған болса, сері келісімін бермейді. Осы бір жағдай, біздің шамалауымыз бойынша Иманжүсіпті әндеріне деген сара жолдардан адастырып тастады.

Ақын өлеңдерінің 31-тар­мағын «Ерейментау» деген бір тақырыппен топтау арқылы «Бес ғасыр жырлайды» жина­ғы­ның құрастырушылары зерттеушілер мен орындау­шыларға көп қиындық жасады. Әлі күнге дейін Иман­жүсіп әндерін орындау ба­ры­сында мәтінге жеңіл-желпі қарау үрдісі байқалады. Иман­­жүсіптің өмірі мен шығар­машылығын зерттеуші есебін­де, ақынның ұрпағы ретінде бү­гін және болашақта оның әндерін орындаушылардан өтінерім: 2000 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Иманжүсіп» атты кітапқа енген ән мәтіндеріне ғана жүгі­ніңіздер.

Қазіргі уақытқа дейін кейбір келте ойлы өнертанушылар Иманжүсіпке қазақ әні мен поэзиясы тарихындағы лайық­ты орнын алуына қарсы­лық білдіруде. Олардың пікірінше, Иманжүсіпте бір ғана «Ерейментау» деген әні бар, сондықтан оның қайдағы ән­шілік мұрасы туралы сөз қозғауға болады.

Бұл – үлкен қателік. Көр­­некті ғалым, мәдениет қайрат­керлерінің табанды да қажырлы еңбектерінің арқасында сақталған Иман­жүсіп әндерінің сарқыты ха­лық жадында өшпей келді. Қазақ әндерін адамзат баласына ортақ қазына етуді мақсат тұтқан Александр Затаевич 1925 жылы Иманжүсіптің алты әнін жазып алады. Сондай-ақ зерттеуші Иманжүсіп туралы: «Өз ортасының қаһарман батыры» деген пікір қалдырады. 

Өз басым үлкен ілтипатпен Сәбит Мұқанов пен Әлкей Марғұланның рухы алдында басымды иемін. Олар 1973 жылы Қытайдан туған жеріне оралған ешкімге белгісіз әнші Әмина Бапинаға Иманжүсіптің «Сарыарқа» деген әнін Қазақ радиосына жазғызады. Иманжүсіптің талантына тәнті болған әлемге әйгілі академик Қаныш Сәтбаев замандастарының айтуы бойынша Иманжүсіпке қарыздармын деп өткен. Академик Ахмет Жұбанов қатал тыйымға қарамай Хру­щев заманындағы жылымық кезіңіне дейін ел аралап, Иман­жүсіп әндерін хатқа түсірген. Біздің дәуірдің көр­некті композиторы Еркеғали Рахмадиевке мен жеке тоқтал­ғым келеді. Себебі 1958 жы­лы ол кісі тарапынан шын мәнін­д­е азаматтық ерлік жасал­ды. Талдықорған облысы Сарқан ауданы бойынша жасалған фольклорлық экспедиция барысында Т.Базарбаев, А.Темірбекова есімді адамдармен бірге Еркеғали Рахмадиев белгілі әнші-ақын Темірғали Юсуповтан Иманжүсіптің «Сарыарқа» атты әнін жазып алады.

Бұл – Иманжүсіп ақтал­ғанға дейін отыз жылдан аса уақыт бұрын болған жағдай. Сондықтан музыканттар тәуекелге барып, өздерінің бастарына үлкен қауіп төндірді. «Сарыарқа» әні жазылған үнтаспа зертханада жарты ғасыр жатты. Тек үшінші мың­жылдық адамдары ғана сақ­талып қалған осы әнді тыңдау мүмкіндігіне ие болды. 

«Сарыарқа» әнінің авторы қалайша Балқаш маңы­нан табылды? Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік ар­хи­вінде менің әжем Зейнеп Бұланқызы мен қатал Дала генерал-губернаторы фон Тау­бенің бір-біріне жазған хаттары бар. Бұл хат алмасу 1898 жылдың 22 тамызында басталып, 1906 жылдың 14 желтоқсанында аяқталады. Хаттардың көлемі 276 па­рақ. Осы хаттарда кезінде жа­был­ған жалаларға да, әлі күнге дейін сейілмей жатқан кейбір ұзын сөздерге де жауаптар бар. Архивтік құжаттарға назар аударсақ, 1895 жылы болыстыққа сайлауға түскен Иманжүсіптің кандидатурасы оның жас мөлшері сай бол­мағандықтан сайлаудан алынып тасталады (35 жас­қа толмағандар сайлауға тү­су құқығына ие болмаған). Сай­лауда жеңіске жеткен Рақымжан Жайықпаев халық­тың сүйікті ұлына қарсы күрес бастайды. Ол үшін кез келген әдіс пен тәсіл пайдаланылып, үстінен жалған арыз түсіреді, бір шағымның үстінен бір шағымды жіберіп отырады. Арада төрт жыл өткен соң Рақымжан өз дегеніне жетеді. 1899 жылдың ортасында Құтпан әулетінің еразаматтарын кісендеп Семей облысы Өскемен уезі Тарғын болысына жер аударады.

Екі жыл өткен соң, 1904 жылдың қазан айында Құтпановтар жаңа мани­фест бойынша ақталады. Бірақ оларға Ақмола болысына ора­луға рұқсат етілмейді. Осы уақытта алты жылда бірінші рет Құтпан әулеті толық бір жерге, Қапал уезі төменгі Қа­ратал болысындағы елді мекенге жиналады.

1964 жылы Жамбыл облысы бойынша жүргізілген фольклорлық экспедиция барысында Мақалы Қойшыбаев «Сарыарқа» әнінің жаңа бір нұсқасын жазып алады. Бұл әнді Талас ауданының тұрғыны Әлжаппар Әбдіхалықов орындайды. Ол бұл әнді Сәкен Сей­фуллиннің өзі айтқанын жеткізеді. Төрт жылдан кейін қазіргі Түркістан облысының бір ауылында композитор Әбілахат Еспаев әнші Бейісжан Қыстаубаевтың орында­уында Иманжүсіптің әнін естиді. Бейісжан Еспаевқа осы әннің екі нұсқасын орындап береді. Талас ауданындағы Әбдіхалықовтай Қыстаубаев та әнді Сәкен Сейфуллиннен естігенін айтады.

Иманжүсіптің аты халық жадын­да оны көзі көрген адам­дардың естеліктері арқылы сақталды. Олар белгілі журналист Жұмабай Орманбаев және ғалым Әуелбек Қоңыратбаев кітабында Иманжүсіптің 1913 жылғы оқиғалары былай баяндалады: «Салтанатты той төрт күн өтуге тиіс болды. Алғашқы үш күн Иманжүсіпті туған жеріне оралуы­на байланысты қошеметтеумен өт­ті. Төртінші күні атасы Тұр­ғанбайға арналған асы болды... Үстіндегі бұхарлық қым­бат шапанын шешіп, батыр әншілер қасына отырды. Жас­тық, көпшіктерді қажет санамады, иіні тік отырды, тұлғасы бейне бір ескерткішке ұқсап кетті. Жиналған қауым одан ән айтып беруін сұрады. Осы мезетте айдауда жүргенде туған «Ерейментау» әнінің әуені баяу естілді. Туған жерге деген перзенттік махаббатқа және қайғы-мұңға толы ол ән санада аспанда самғаған қыран құс бейнесін туғызды. Той үш күнге созылды, әңгіменің бәрі Иманжүсіпке арналды, оның әйгілі бабалары, өзі, ерлік істері туралы болды. Иман­жүсіп бірге болғандықтан, ха­лық өзін бақытты сезінді. Себебі оларда енді қиын-қыс­тау күндерде қорғаушы және қамқоршы бар».

Халық арасында Иман­жүсіптің ерліктері жа­йында көптеген аңыз әңгіме сақталған. Әңгімелерде ол халық батыры, ел қорғаны, қамқоршысы бейнесінде суреттеледі. Иман­жүсіп жайында айтылған әң­гі­мелер ішінде ең дәл әрі толық деп халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың сөзін айтуға болады: «Иманжүсіп – бертінгі тарихымыздағы романтикалық және қаһар­мандық тұлғалардың бірі. Ол табиғатынан суреткер, шығарма адамы, компози­тор, ұлы музыкант. Ол ха­лық жүрегінде жаңғырып тұра­тын қайталанбас, тең­десі жоқ ерліктер жасады. Өзінің адалдығымен, ешбір қатыгездікті мойындамау арқылы, кез келген әлеуметтік жауыздыққа қарсылығымен ол әр кезең адамдарын қызықты­рып тұрмақ» депті заңғар жазушы.

Раушан ИМАНЖҮСІП, 

философия ғылымдарының докторы

АСТАНА

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше