Медицина • 27 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстанға биыл 700 отбасы көшіп келеді

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әзірге биыл оңтүстік өңірлерден теріскейге қоныстанғаны 277 отбасы.  Оларға барлық әлеуметтік жағдайлар жасалып, еңбекке қабілетті адамдар, білікті мамандар түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. 

Солтүстік Қазақстанға биыл  700 отбасы көшіп келеді

Солардың бірі Алматы облысынан көшіп келген Талғат Мұсабаев қазір  мал шаруашылығымен айналысады. Бағымында 20 шақты ірі қара малы бар. Көтерме ақыға баспана сатып алыпты.

«Бұл жақта күн райы салқындау болғанымен, табиғаты тамаша екен. Мал жайылымы шүйгінді. Мемлекеттің жеңілдікті бағдарламаларына қатысуды ойластырып отырмын», дейді малсақ жан.

Түркістан облысынан ат басын тіреген Мейірбек Әшірбеков жергілікті шаруа қожалығында еңбек етеді. Жалақысы жоғары тұрақты жұмыс тапқанына қуанулы. Шаруашылық жас отбасыны бірінші кезекте тегін баспанамен қамтамасыз етіпті.

Айта берсе, мұндай жағымды мысалдар көп. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Алма Махметованың айтуынша, оңтүстік аймақтардан көшіп келушілер экономикалық әлеуеті тұрақты 224 елді мекенге орналастырылып, 255 адам  жұмыспен қамтылған. Қалғандары өз істерімен айналысуда. Былтыр 203 отбасы қоныстанса, биыл қабылдау квотасы 4 еседей  көбейген. Жыл соңына дейін олардың қатары 700 отбасыдан асып жығылады деп күтілуде. Бағдарлама талаптарына сай отбасының әр мүшесіне 85 мың теңге көлемінде субсидия беріледі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы