Құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, жазушы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуэзов, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай және Ресейдің сарапшылары, философтары, саясаттанушылары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің, кафедраларының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, студенттер, ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, БАҚ өкілдері бар делегация Балқаштың маңындағы Бектауата шатқалындағы «Ұлы Дала өркениеті» этноауылына барып, «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы шеңберінде Қазақстанның халық ақыны және композитор Шашубай Қошқарбаевтың кесенесіне гүл шоқтарын қойды.
Бұдан кейін М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында жастарға арналған мәдени-танымдық «Рухани жаңғыру» коворкинг-орталығының салтанатты ашылу рәсімі болаы. Ал кешке таман шығармашыл жастардың «Балқаш күзі» I фестивалі өтті.
Бүгін Балқаш қаласындағы М.Хамзин атындағы Мәдениет сарайында «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар-2018: Ұлы Жібек жолы – тарих және қазіргі заман» халықаралық конференциясы өтеді.
Конференция барысында қатысушылар Ұлы Жібек жолының дәстүрлерін жалғастыруға байланысты өз ойларымен бөліседі, сондай-ақ оның жалпымәдени құндылықтарды, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықты қалыптастырудағы рөлін талқылайды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы