Әлем • 27 Қыркүйек, 2018

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесте: ядролық державалар ядролық қарусыз әлем үшін күрестегі алдыңғы қатарда болуы керек

495 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау: жаппай қырып-жою қаруын таратпау» тақырыбында жоғары деңгейдегі отырыс өтті. Кездесу АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен және төрағалығымен өтті. Отырысқа Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің атынан Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбританияның Премьер-министрі Тереза Мэй, Ресей мен Қытайдың сыртқы істер министрлері Сергей Лавров және Ван И қатысты, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесте: ядролық державалар ядролық қарусыз әлем үшін күрестегі алдыңғы қатарда болуы керек

Іс-шараға сондай-ақ Польша, Экваторлық Гвинея, Боливия, Кот-д’Ивуар, Кувейт, Нидерланды, Эфиопия, Перу және Швецияның мемлекет басшылары, үкімет басшылары мен министрлері қатысты.

Қазақстанның атынан сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жаппай қырып-жою қаруын таратуға және пайдалануға қарсы күрес Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. «Біздің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық арсеналдан бас тарту және Семей ядролық полигонын жабу туралы батыл шешім қабылдады. Халықаралық қоғамдастық осы iс-әрекеттер бұрын-соңды болмаған және жоғары деңгейде қолдауға лайық деп танып, Семей полигонын жабу күнін 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күні ретінде белгіледі», - деп Министрдің сөзінде аталған.

2018 жылғы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазақстандық төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде таратпау саласындағы сенім шаралары жөніндегі кездесу болғаны мәлім. Президент Н. Назарбаевтың қаңтар айындағы кездесуінде, сондай-ақ «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде ірі ядролық державалар ядролық қарудан азат бейбітшілікті насихаттау бойынша бірінші қатарда тұрып, жаппай қырып-жою қаруын қысқарту үлгісін көрсете білу қажет екенін атап өтті.

Қазақстанның пікірінше, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) өзінің тиімділігі мен өзектілігін жоғалтпауы тиіс. Алайда, әлем үшін жаппай қырып-жою қарумен күресте мықты халықаралық-құқықтық негіз қажет. ЯҚТШ-ның асимметриялық емес түрде жүзеге асырылуы ядролық және ядролық емес елдер арасында сенімді нығайтуға кедергі жасайды. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың ертерек күшіне енуі жаһандық таратпау архитектурасының маңызды әрі қажетті құрылымдық элементтерінің бірі болуы тиіс.

Өткен жылы МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің іске қосылуы еліміздің таратпау режимін нығайтуға және уранды бейбіт мақсатта қауіпсіз пайдалануына қосқан қосымша үлесі болды. Қазақстан АҚШ-қа, Еуроодаққа, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Кувейтке, Норвегияға және Ядролық қатерді қысқарту жөніндегі бастамаға (NTI) жобаға қаржылық қолдау көрсеткені үшін, сондай-ақ Қытай және Ресейге төмен байытылған уран және жабдықтарды Банкке транзиттеу бойынша ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.

Министр өз сөзінде Қазақстан Президентінің ЯҚТШ-тан шығу жолын аса күрделі, мүмкін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарарын шығару бойынша және Шартты бұзғандар ауыр салдарға ұшырайтыны жөніндегі ұсынысы туралы ескертті. Қазақстан ядролық державалар, ядролық қарудан өз еркімен бас тартатын, сондай-ақ ядролық емес мәртебеге ие мемлекеттерге мұндай қаруды сатып алмауға ынталандыру ретінде заңды кепілдік беретін жүйені дамыту қажеттігіне сенімді.

«Ядролық қарудан азат аймақтар да таратпау жөніндегі саланың тиімді құралы болып табылады. Президент Н. Назарбаев қазіргі ядролық қарудан азат аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды және келесі жылы Астанада жоғары деңгейдегі кездесу ұйымдастыруды ұсынды. Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі осындай аймақтардың кеңейтілуін және оларға қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етілуін ынталандыруы тиіс», - делінген Қазақстан мәлімдемесінде.