Теннис • 27 Қыркүйек, 2018

Дэвис кубогында кімдер қарсылас болады

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық теннис федерациясының (ITF) Лондондағы штаб-пәтерінде 2019 жылы өтетін Дэвис кубогының іріктеу турнирінің жеребесі тартылды.  

Дэвис кубогында кімдер қарсылас болады

Айтулы жарыста Қазақстанның теннисшілері Португалия мен ОАР немесе Словакия мен Беларусь құрамалары арасындағы бәсекенің жеңімпазымен кездеседі. Осы төрттіктің арасынан ең қауіпті қарсылас – Словакия. Себебі, бұл елдің Марк Клижан (№49), Лукаш Лацко (№77) және Йозеф Ковалик (№84) сынды үш сайыпқыраны АТР рейтингіндегі «ТОП-100» ойыншының қатарына еніп отыр. ОАР-дың сапында да өте азулы теннисші бар. Ол – әлемнің тоғызыншы ракеткасы Кевин Андерсон. Португалия Жоао Соузаға сенім артады. Ол үздіктер тізімінде 50 орынды иеленуде. Ал Қазақстанның ең мықты ойыншысы Михаил Кукушкин АТР рейтингінде 87 орынды еншілеуде.

Осы командалар арасынан нақты кіммен күш сынасатынымыз қазан айының аяғында анықталады. Бәсекелердің өзі келесі жылдың 1-2 ақпан аралығында өтеді. Егер жерлестеріміз шешуші матчта жеңіске жететін болса, онда Дэвис кубогының негізгі додасында күш сынасу құрметіне ие болады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»