27 Қыркүйек, 2018

Өскеменге күл жауды ма, қар жауды ма?

642 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Өскеменге күл жауды ма, қар жауды ма?

Суреттер Экологиялық қауіпсіздік орталығынан алынды

Өскеменге күл жауды ма, әлде қар жауды ма? Бүгін шаһардың Питер Коммунарлары көшесінің тұрғындары Экологиялық қауіпсіздік орталығына телефон шалыпты. Сол көше тұрғындарының бірінің түсірген видеосы жергілікті сайттардың бірінде жарияланды да. «Өте ұсақ. Қар жауып тұр ма? Жоқ, қар емес, порошокқа ұқсай ма? Бұл қалай болғаны? Бізді тағы немен улап жатырсыздар. Меніңше, бұл - қар», - дейді көріністі іштен тамашалап аң-таң болып тұрған қала тұрғыны.

Тұрғындардың шағымынан кейін оқиға орнына келген экологтар қысқаша түсініктіме берді. «Біз облыстық Экология департаментінің мамандарымен бірге Питер Коммунарлары көшесіне барып, жағдаймен таныстық. Көше бойындағы мәшинелер мен ағаштарды күлге ұқсас дүние жауып тастапты. Департамент мамандары осы мәселе бойынша талдау жасайды. Бәлкім, «Май» АҚ мекемесіне жоспардан тыс тексеру жүргізілетін шығар», - дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы Елена Полянцева.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН