Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

«Өзен» фильмі Токиодағы Халықаралық кинофестиваль шеңберінде көрсетіледі

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отандық режиссер әрі сценарист Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі  25- қазан мен 3-қараша аралығында өтетін Токиодағы 31-Халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауына қатысады.

 

«Өзен» фильмі Токиодағы Халықаралық  кинофестиваль шеңберінде көрсетіледі

Фестивальдің негізгі байқауына 109 елден 1800-ден астам фильм келіп түскен. Нәтижесінде, негізгі байқауға отандық «Өзен» фильмінен басқа, Еуропа, Азия және Африка режиссерлері түсірген 15 фильм іріктеліп алынды. Фестивальдің ашылу салтанатында Брэдли Купердің режиссерлық дебюты – «Жұлдыз туылды» мюзиклы көрсетіледі.

Аталған халықаралық кинофестивальдің қазылар алқасының құрамына режиссер Брильянте Мендоса, продюсер Брайан Берк және Таране Алидости және Кахо Минами секілді актрисалар, режиссер әрі продюсер Стэнли Кван кірді.

«Эмир Байғазин – Қазақстан атынан ұсынылып отырған «Өзен» фильмінің режиссері. Бұл фильм ерекше көркем түсірілген. Эмир Байғазин – осы есімді естен шығармаңыздар», – деді фестивальдің директоры Ёси Ятабэ фильмнің таныстырылымында (РИА жаңалықтары хабарлауы бойынша).

«Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер атанды. Ал фильмнің Солтүстік Амирикадағы тұсаукесері үстіміздегі жылы қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында  көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингісі тізімінде алдыңғы қатардан көрінді. Одан бөлек, «Өзен» фильмі үшін Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына ие болды.

«Өзен» фильмі өркениеттен алыс жерде тұратын, үйіне қаладан қонақ келген кейін өмірі күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндайды. Аслан туралы трилогияның алдыңғы екі бөлімі 2013 және 2016 жылдары Берлин кинофестивалінің негізгі бағдарламасына қатысқан болатын. «Асланның сабақтары» фильмі «Күміс аю» және Morgenpost неміс газетінің жүлдесімен марапатталған.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»