Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2018

«KEGOC» АҚ командасы жүлдегер болды

468 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таяуда Брест қаласында XY халықаралық электр энергиясы саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі жарысы өтті. Халықаралық жарысқа ТМД-ға мүше мемлекеттердің ірі компанияларының ең мықты деген мамандары қатысты. 

«KEGOC» АҚ командасы жүлдегер болды

Дәстүрлі жарыста Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің электр желілері компанияларының бригадалары жөндеу және қызмет көрсету бойынша шеберліктерін көрсетті. Командалар төрт күнге созылған сайыста 7 кезеңнен өтті. Әр кезең сайын мамандардың өз салаларына қатысты ережелерді, нұсқауларды қаншалықты білетіні, электр тоғынан зардап шеккен адамды құтқару, өрт шыққан аймақта жұмыс істеу шеберліктері назарға алынып, әрқайсысына тиісінше ұпай беріліп отырды.

Сонымен, төрт күн ішінде жинаған ұпайлардың қорытындысы бойынша Қазақстаннан барған «KEGOC» АҚ-тың бригадасы екінші орынға табан тіреді. Арман Әбілов, Алмат Шоқанов, Медет Мұқанғалиев, Николай Юденков және Юрий Филатовтан жасақталған қазақстандық бригада жарыс иелері «БелЭнерго» компаниясының бригадасына ғана есе жібергенін айта кетейік.

Электр энергиясы саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі сарапқа салынатын халықаралық жарыс 2004 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр. Аталған шара мамандардың шеберлігін тексеріп қана қоймай, олардың өзге елдердегі әріптестерімен өзара тәжірибе алмасуына да ықпал етеді.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»