Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Оралда дін мен зайырлылық мәселелері тақырыбында халықаралық форум өтті

600 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы» атты халықаралық форум өтті. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысқан жиынға Өзбекстан, Украина және Ресей Федерациясынан мәртебелі меймандар келді.

Оралда дін мен зайырлылық мәселелері тақырыбында халықаралық форум өтті

Фото: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов форумға қатысушыларды құттықтап, «Бүгінгі халықаралық форумның тақырыбы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылау және пікір алмасудың шынайы қажеттілігінен туындап отыр. Біз қазіргі таңда мәдени, рухани ақпараттың және саяси-философиялық құндылықтардың белсенді өзгеріп жатқан кезеңінде өмір сүріп келеміз. Уақыттың талабына сай, біз де жас мемлекет ретінде сол өзгерістер мен үрдістерге уақытылы жауап қатып, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізге кереғар дүниелерге дер кезінде зейін қоюымыз заңды. Ол үшін құқықтық талаптағы бағыт-бағдарымызды қайта қарауымыз да қажет болады. Сондықтан бүгінгі форум барысында зайырлы қоғам, ондағы дін мен құқықтың өзара байланысы, дін саласындағы заңнаманы жетілдіру тетіктерін жан-жақты талқыға салып, өзара пікір алмасатын боламыз», -деді.

Еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз өз баяндамасында Ақ Жайық өңірінде қазақтан шыққан тұңғыш мүфти, қази Ғұмар Қараш, ақын Кердері Әбубәкір сынды даңқты тұлғалар туғандығын айтып өтті.

- Халқымызда: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес ең әуелі терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. Бүгінгі таңда күш те, қуат та – білім мен бірлікте. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, жаһанның ең озық технологияларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе – елге қосқан үлес осы болмақ. Ұлттық тәрбие мен көркем мінез болмаған жерде асқан білімнен пайда аз. Алла Елшісі «Дін деген не?» деген сауалға: «Дін – көркем мінез», – деп үш қайтара жауап берген. Өзі де бұл ғаламға «Көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазір заманауи ғылымның оқымыстылары жетістікке жетудің төте жолы – көркем мінез, - деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Бас мүфти сонымен бірге зайырлылық пен атеизмнің арасы өте алшақ екенін айта келіп, еліміздегі зайырлылық ұстанымын кешегі коммунистік кезеңдегі атеизммен салыстыру өрескел қате екенін ескертті.

- Кешегі кеңестік идеология атеизмге негізделген секуляризм болды. Ол кезде кез келген таным, ғылым да өнер де, әдебиет пен тарих, пәлсапа да сол идеологияға қызмет етті. Сондықтан кешегі коммунизм зайырлы ел емес, ол атеистік мемлекет болды деп айтылады. Ислам әлеміне танымал ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды ел көзқарастарының төркіні», «Азаматтық қоғам» және «Дін кітабы» деп аталатын рисалаларында мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған. Бүгінгі таңда бізде қолданылып отырған зайырлылық ұғымы «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беру деген түсінікті қамтиды. Яғни, зайырлылық ұғымы «ар-ождан бостандығы» және «төзімділік», «толеранттылық» сынды ұғымдармен және түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. «Зайырлылық» ұстанымы – қоғамның кез-келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік береді. Бұл ретте Мемлекет азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз етеді, - деді Серікбай қажы Ораз.

Пленарлық мәжіліспен басталып, түстен кейін секциялық мәжілістермен жалғасқан форумға Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының халықаралық қатынастар бөлімі басшысы Мухаммад-Акмалхан Шакиров, Украина елінің Ұлттық педагогика университетінің доценті Денис Брилев, Башқұртстандағы Ресей ислам университетінің проректоры Мурсаль Ахметов, Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі Дінтану сараптамасы және діни білім беру ұйымдарымен байланыс басқармасының басшысы Мейрам Иманбаев, «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Батыс Қазақстан облысы прокурорының міндетін атқарушы Жандос Өмірәлиев, тарихшы және дінтанушы ғалымдар, теологтар, имамдар, медресе шәкірттері, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары, аудан әкімдері мен ішкі саясат бөлімдері мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.

Халықаралық форумға қатысушылар дінаралық сұхбаттың қазақстандық үлгісі әлемде діндерге деген құрметтің ерекше үйлесімді үлгісін қалыптастырғанын атап өтті. Түрлі дін өкілдерін дінаралық сұхбатқа шақыра отырып, күн тәртібіне қойылған мәселені бір қырынан ғана қарастырып қоймай, әр түрлі діндердің ұстанымы мен көзқарасын ескере отырып, шешім қабылдау – сарабдал саясаттың биік көрінісі екені даусыз.

Халықаралық форумға қатысушылардың арасында Башқұртстандағы Ресей ислам университетінің проректоры Мурсаль Ахметов те болды. Бүгінгі Ресей Ислам университеті Уфа қаласындағы тарихи ғимаратта, 1906-1919 жылдары әйгілі «Ғалия» медресесі болған жерде орналасқан. Осы тарихи ғимарат қабырғасына «Ғалия» медресесінде оқыған қазақ қазақ қаламгерлері Мағжан Жұмабайұлы мен Бейімбет Майлинге ескерткіш тақта орнатуға Мурсаль Альбертұлы қолдау білдіріп, көп көмек көрсеткен еді. Ресей ислам университетінің проректорының осы еңбегін жақсы білетін оралдық жастар Мурсаль Ахметовке үлкен құрмет көрсетті.

Дәл осы күні Орал қаласының іргесіндегі Серебряков ауылында жаңадан мешіт ашылды. Жергілікті мұсылмандар көптен күткен салтанатты оқиғаға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз бен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев қатысты. Бас мүфти мешіт салудың сауабы қасиетті Құран мен Пайғамбар хадистерінде ерекше бағаланғанын айтып, құлшылық үйін салған кәсіпкер Жұмабай Айтуев ақсақалға алғыс айтты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Соңғы жаңалықтар