Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2018

Анадолыға түскен Ай жарығы

16758 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Анадолыға түскен Ай жарығы

Бауырлас қазақ елінің «Рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламасы аясында өткен жылы Анкара қаласында түрік тілінде жарық көрген түгел түркі жұртына белгілі  жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» атты романын алғаш қолыма тигенде-ақ қызығып оқып шыққан едім. Кейінірек «Бенгу» баспасының директоры жинақтың бірінші таралымы таусылып кеткен соң, аталған жинақты екінші рет басуға да­йындап отырғандығын айтып, менен кітапты қайта редакция­лап беруді өтінді. Тұтас бір дәуірдің тағдырын қозғаған осындай үлкен шығарманың аудармасын қарап шығу үшін де автордың талғамындай талғам, талантындай талант керегі анық. Дегенмен сенім артылған соң бірден келісім бердім.

«Ай мен Айша» романы қазақ елінің тарихи мекендерінің бірі – Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылында туып-өскен Барсхан дейтін баланың өмірін арқау еткен. Кішкентай кейіпкер ав­тордың өзі екені бірден се­зіледі. Ал негізгі кейіпкер ба­ла­ның анасы Айша. 
Шығармада соғыс жылдарын­дағы аналардың, «41-ші жылғы келіншектердің» символына айналған Айшаның тағдырдың ауыр тауқыметін тартып, қиын­дыққа мойымай, Аллаға сиы­нып, айға сырын ақтарып, сыртқы жаумен емес, ішкі қас-дұшпанмен арпалысқандығы шебер суреттеледі. Қазақтың талантты жазушысы, «Менің атым – Қожа» повесінің авторы Бердібек Соқпақбаевтың «Соғыс – біреуге соғыс, біреуге – ырыс» деген сөзі айқындала түседі. 

Романның өзегінде басқа түскен қиындыққа үнсіз мойын­cұна салу емес, кез келген ты­ғырықтан алып шығар айқын мақсат, табанды мінез, батыл қайсарлық жатыр. Кейіпкерлер арасындағы эмоциялық бай­ланыс­тар мен диалогтар тұр­ғысынан қарағанда, бұл шы­ғарманы – шынайы «драмалық роман»; кейіпкерлердің бір қырымен немесе бір жақты мінезімен шектелмей, өзгеріп отыратын әр алуан мінезді шеберлікпен жеткізу арқылы айшықталған «классикалық және реалистік роман»; бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған қоғамдық мәселелерді арқау еткен «әлеуметтік роман» деп бағалауға болады. 

Күйеуі Мұртаза тұтқын­дал­ғаннан кейін үш баласымен қалған Айша ана колхоздас­тыру науқанының құрбаны болады. Жоқшылықтың азабын, жалғыздықтың зардабын шегеді. Арсыздықпен арпалысып, үш баланың болашағы үшін күреседі. Айшаға күш беретін – Жаратушы, ал оны жұбататын аспандағы Ай. Автор Ай мен Айшаның арасында тамаша рухани байланыс орнатқан. Осы себептен романның тақырыбы ішкі мазмұнына сай.

«Ай мен Айша» романында шындыққа жанаспайтын сәттер, болмысқа қарама-қайшы келетін факторлар жоқ. Керісінше, шы­ғармада шындықтың шынайы жүзін көруге болады. Қаламгер оқырманнан ештеңе жасырмай, бір дәуірдің трагедиясын қаз-қалпында суреттеп, тайға таңба басқандай ашып көрсетеді. Өйткені бала Барсханның басынан кеш­кендері – заманымыздан озған заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның өз өмірі. 
Романның көркем тілі және баяндау тәсілі бұрынғы дас­­­тан­дарға, сонымен қатар әлем әдебиетінің классикалық шығар­маларына келеді. Шығар­ма фольклорлық және этно­графиялық құндылығымен ерек­шеленеді және бір деммен оқылады. Автор сөзді орны-орнымен шебер қолдан­ғандықтан, шын мәні­сіндегі сөз зергері екені бірден байқалады. Кей оқиғаны бір ғана сөзбен баяндауының өзі шығарманың әуендік ырғағына қосылған нота іспеттес. Жазу стилі арқы­лы автор оқырманның назарын бірден өзіне қарай баурап әкетеді.  Сондай-ақ автордың өз көзімен көріп өскен, куә бол­ған оқиғалар мен кейіпкерлер алынғандықтан, шығарманың шынайы жазылғандығы сезіледі. Жазушының жан дүниесіне жылымық болып түскен кей сөз тіркестері де өз орнын та­уып баяндалғандықтан, оқырман еріксіз түрде сол бір тылсымға толы сәтті бастан кешіріп отырады. Бір мезетте дөп басып айтылған әлгі сөзден аттай алмай тұрады. 

Кейіпкерлердің образы, сөз­бен салынған суреттері көз ал­дыңнан кетпейді. Кей кейіп­керлермен сырласқың келіп тұрады, кейбіреуіне қол ұшың­ды бергің келеді. Енді бірінің тұрмыс­тық жағдайын көз ал­дыңа елестетіп, жылағың келсе, кей жағымсыз кейіпкерлерге ашуланасың. Ал Айшаның жөні бөлек, жаны басқа, болмысы мен мінезі ешкімге ұқса­майды. Атажұрттың әйелі тү­рік тіліндегі шығармада Ана­до­лының қаһарман әйел бей­несіне айналады. Иә, сөз шебе­рі Шерхан Мұртазаның көп­те­ген қаламгерлерге дары­ма­ған биік таланты мен тал­ғамы шығарманы өзі айт­қан «Тәңіртаудың шыңына» жеткізді. Оның тұлғалық бол­мыс-қасиеті шығармасынан анық көрінеді. Ол образдарды ашқан сайын, көкіректі кернеген сезімді оятқан сайын, өзінің қаншалықты терең ойшыл екендігін дәлелдей түседі. Осылайша роман жай ғана әдеби шығарма шеңберінен шығып, терең телегей теңізге айналады. Баланың көзімен, ересектің ойымен баяндаған жазушының оқырманның көңілін аулап, жүрегін тербеткен қабілеті оның қандай қалам шебері екендігін анық көрсетеді.  

Жазушы Шерхан Мұртаза оқи­ғаларды, кейіпкерлерді бұр­маламайды және өзінің ойын ашық білдіреді. Оқырман мен туындының арасында басқа нысана жоқ, оған жазушы жол бермеген. Өзіндік баяндау стилімен сөз сахнасын құрады, тіршілік пен өмірдің көрініс спектаклін ойнатады. Сондықтан романның ішінде орын алған әрбір әңгімесі бір-бір сурет болса, тұтас шы­ғар­масы қоғамды, заманды және табиғатты бейнелеген га­лерея. Мыңбұлақтағы суреттер, Барсхан мен Айшаның тір­шілігі киноның естен кетпес фрагменттері тәрізді қайта-қайта көз алдыңа тіріліп келеді. Қол бұлғасаңыз сізге де қол бұлғап, сәлем беретін тәрізді. Қолыңызды соза қалсаңыз Барс­ханның басынан аялай сипап өтетін сияқты сезінесіз.
«Судың дәмі – тамшыдан» дегендей, шығарманың әрбір сюжеті үлкен ойды арқа­лайды және әрбір оқиғасы образдармен қосып айтқанда ғұмыр­лы бір-бір шығарма болып шық­қан. Әрине барлық романдар қысқа әңгімелерден құралады. Дегенмен роман жанры­ның қаншалықты да­мы­ғанын Ш.Мұртазаның шығар­масынан байқау қиын емес. Жазушы кейде роман жазамын деп үстелге отырмайтыны сөзсіз. Яғни, жанрды таңдамайды. Әсіресе шығарма шынайы жазылған болса. Оның мақсаты – сөз арқылы санаға ық­пал ету. Бірақ мәселе жанрда емес, әдеби формада емес, туындының арқалаған жүгінде, өзегі мен мәнінде жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, Шерхан Мұртазаны түркі әлемінің ғана емес, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар талантты жазушы дер едім. Әзірге жазушының басқа шығармаларын оқығаным жоқ. Алайда оның қаламынан туған «Ай мен Айша» атты романы – әлем әдебиеті кеңістігінде өз орнын алатын шығарма. Әлем тілдеріне аударылатын шығар­малардың бірі. Өкінішке қарай, 1990-шы жылдардың аяғында жарық көрген бұл шығарма араға 20 жыл салып, түрік тіліне енді ғана аударылып отыр.
Мұртаза мен Айшаның ұлы Барсхан жетімдер үйінде туған Оливер Твист сынды әлемдік клас­сикалық әдебиетте өз орнын алу керек. Өйткені Барсханның жан дүниесі, Айшаға деген көз­­қарасы, Мұртазаға деген сағы­нышы, Батырхан мен Құр­маш­қа деген бауырмалдығы, ауылдағы бір елден шыққан ағайындарға деген құрметі, тіпті қырғыз туыс­­тарына деген адалдығы, сон­дай-ақ Барсханды қоршаған ел­дің жағдайы, тұрмыс-тір­шілігі, тартқан тауқыметі, со­ның бар­лығы оқырманның жүре­гінде өшпес із қалдырады. Қазақ елі­не деген құрметті арттырып, сүйіс­пеншілікті оятады. Қазақ дейтін халықтың қандай батыр халық екендігін Бауыржан Момыш­ұлы сияқты тұлғалар арқылы, мейірімді ел екендігін апа-әжелері арқылы, дана ұлт екен­­дігін ата-бабалары арқылы көр­сетеді. 

Романда орын алған оқиғалар тізбегі, осы тізбектің арқасында оқыр­манның ішінде оянған түрлі сезімдердің жалғасы шығар­маның қуаттылығын көрсетеді. Шығар­маны оқып отырып, сағы­ныш пен күйініштің, қуа­ныш пен өкініштің бірге іле­сіп жүретіндігін сезінесің. Ро­ман­ның соңына жеткенде, жалғасы болады деген сенім ұя­лайды. Барсханның өмірі жал­­ғасады деп сендіреді. Иә, бұл роман жалғасу керек дейді оқыр­ман ойы. Өйткені романды оқы­ған кез келген оқырман Айға да, Айшаға да, Барсханға да, Барс­хан­ның өміріне де жіпсіз байланады. 

Шығармадағы уақыт тек қана соғыс жылдарымен шек­тел­мейді. Сол кездегі әлсізге сес көрсету, күштіге жалтақтау сынды жағымсыз мінез кеше де болған, бүгін де бар. Ал шығармадағы жер мен мекенге келер болсақ, оны да Мың­бұлақпен шектеуге болмайды. Әрине ол жердегі теңдессіз таби­ғаттың суреттері, Тәңіртауы, суы мен нуы бөлек әңгіме. Бірақ оқиғалардың барлығы Айдың жарығында қазақ жерінде өте­ді. Атажұртқа түскен Айдың жарығы Анадолыға да түседі... Шығар­мадағы кейіпкерлердің жүріс-тұрысы, киген киімі, қы­лығы мен көрсеткен мінезі пси­хологиялық тұрғыдан әртүрлі хабар береді. Өмірде қаншалықты әртүрлі образ болса, шығармада да Тасбет пен Жуанқұл сынды жағымсыз бейнелер бар. Осы себептен бақыт пен бақытсыздық, сағыныш пен қауышу, мейірім­ділік пен қатыгездік, күш пен әлсіздік, қиял мен ақиқат ұғым­дары қат-қабат астасады және шығарманың өмірге қаншалық­ты жақын екендігін дәлелдейді. 

Аштықты сезбеу үшін ша­ра­сыз күйде ұйықтаған, әке­сіздіктің не екенін Айшаға сез­дірмеу үшін апасының тілін алған, сыныптас қызға ғашық болып сандуғаштай сайраған сандықты ашқысы келген, Ай­дың етегінен ұстаған Ай­шаны әлсіз қолыменен демеген, балалығымен апасынан ұрыс естіген, аяқ киімі бол­ма­ғандықтан күс-күс болып жарылған табанына Жуа­лының майлы топырағын жа­ғып жүрген, қиял мен қиянат әлемінде өмір сүрген бозбала еді Шерхан Мұртаза. Ал осындай қиындықтарға мойымай, талай белестерді еңсеріп, көсемсөзші және қаламгер, қайраткер және классик жазушы ретінде өз биігіне жеткен, сондай-ақ балалық шағына, өнегелі өміріне, анасына сөзбен ескерткіш тұрғызған Шерхан Мұртазаны әлем жазушысы деп қалай атамайсың?

Бүгінгі күнде теледидар­да көрсетілетін кейбір теле­хикая­ларға қарап қарным ашады. Осындайда «әттең!» деймін ғой. Сценаристер «Ай мен Айша» романын оқы­са екен, өздерінің жазған дүние­лерінің қаншалықты арзан екен­дігін түсінсе екен деймін. Өйткені телехикаядағы коттеджде әке-шешесінің ұрысын естіп өскен баланың өмірі мен Барсханның Айшаға болысып салған жерасты үңгіріндей үйшігінде өткізген тіршілігін салыстырғанда, Барс­ханның өмірі көрермен үшін әлдеқайда шынайы болып шығар еді. Жалған тіршілік, өтпелі өмір мен жаңылыстыратын жайсыз жағдайлар орын алған бүгінгі киноның қандай тәрбиелік мәні бар? Онсыз да өз-өзімізді алдап өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Ал шындық қалады, ақиқат ажарынан ажырамайды. Шерхан Мұртазаның Барсханы, Айшасы және қаламы сынды...

Шығарманы оқыған са­йын жүрегім шым ете қалады. Сөздің арасынан, шығарманың ішінен Барсханды суырып алып, құшақтағым келеді. Айшаның тізесіне жеткен шашын тарап, өріп бергім келіп тұрады. Башпайы құрттаған Батырханды, ойыншық іздеген Құрмашты ойнатып, өз қолыммен ас берсем ғой, шіркін деймін. Тасбет пен Жуанқұлға ашуланғаным соншалық, өшіргішті алып, романнан өшіріп тастағым келеді. Осыны сездірген биік талант иесінің қаламының күші мен қуаты. Сондықтан бұл шығар­маны бүкіл әлем оқуға тиіс, романның желісімен сценарий жазылып, кино түсірілуі тиіс. Балалықтың ауылынан келген Барсхан, мәңгілікке бала болып қала беретін ойлы Барсханның саяхаты жалғаса беруі керек.
Бала қанша қиындық көріп жүрсе де бәрібір ойыншық із­дейді екен. Түркияда ұлт-азат­тық соғыс кезінде аш жүр­ген балалар шалбарларын кесіп, балағынан доп жасайтын көрі­неді. Барсхандардың жүннен доп жасағанындай. Баланың көңілі таза. Ол дос пен қастың баласымен бір аулада алаңсыз ойнай бе­реді. Барсханның орыс баласымен ойнап жүргеніндей. Әлемге бейбіт өмір әкелетін де осындай мысалдар, осындай шығармалар. 
Жазушы Шерхан Мұртазаға осындай үлкен шығарманы сый­лағаны үшін шын жүректен басымды иемін.

Атаман КАЛЕБОЗАН,

жазушы 

ТҮРКИЯ