Үкімет • 28 Қыркүйек, 2018

«Қазақстан-Испания» іскерлік кеңесінің кезекті 5-ші отырысы өтті

450 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласында «Қазақстан-Испания» іскерлік кеңесінің кезекті 5-ші отырысы болып өтті. Соңғы уақытта игі дәстүрге айналған бұл маңызды отырыстың басты мақсаты кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ отандық экономикаға испаниялық инвестицияларды тарту болып табылады.

«Қазақстан-Испания» іскерлік кеңесінің кезекті 5-ші отырысы өтті

Іс-шараға Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Kazakh Invest» АҚ, «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасы, Назарбаев Уни­вер­ситет, «Астана» халықаралық қар­жы орталығының ресми өкіл­дері, мемлекеттік сауда ұйым­дары­ның және екі елдің ірі компа­нияларының басшылары қатысты.

Отырыс барысында Кеңеске қатысушылар Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері туралы тәжірибелерімен және ой­ларымен бөлісті. Сонымен бір­ге Қазақстанның бизнесті қол­дауға, инвестицияларды қор­ғауға, отандық және ше­тел­­дік компаниялардың тең жағ­дай­­ларын қамтамасыз етуге арнал­ған қаржы құралдарын жетіл­діруге бағытталған саясатына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында Қазақстан тарапынан Іскерлік кеңестің тең төрағасы,  «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріп­­ханов атап өткендей,  «Қазақ­стан-Испания» Іскерлік кеңесі шеңберіндегі келіссөздерге 40-тан астам испаниялық және 60 қазақстандық компания қа­тыс­ты.

– Қазақстан нарығында көптен бері жұмыс істеп келе жат­қан бір­қатар испаниялық ком­па­ниялар бар. Біздің міндетіміз – Қазақстанға жаңа компаниялар тарту және сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар бір­лес­кен кәсіпорындар құру және бір­лескен жобаларды, әсіресе мем­лекет-жекеменшік әріп­тестігіне қатысты жобаларды жүзеге асыру болып табылады, деді Іскерлік кеңестің 5-ші отырысында Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы, Испанияның сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Ксиана Мендес.

Іскерлік кеңес барысында «Бәйтерек» холдингі екі мемо­ран­думға қол қойды. Оның бірін­шісі Испания Корольдігінің Сауда жөніндегі мемлекеттік хат­шылығымен индустриалдық және инфрақұрылымдық жоба­ларды қолдау, іске асыру және бірлесіп инвестициялау сала­сындағы ынтымақтастыққа бағытталған. Екінші меморандум, испаниялық компания тарапынан инфрақұрылым, телекоммуникация, туризм, агроөнеркәсіп және «жасыл энергетика» сала­ларындағы экспорттық шаралар ынтымақтастығына бағытталған COFIDES-ті дамытуды қар­жыландыру болып табылады.
Сонымен қатар форум шеңберінде «Kazakhstan Pro­ject Preparation Fund» ЖШС («Бәй­терек» холдингінің еншілес ұйы­мы») және «Э-Жасыл» ЖШС Қазақ­стан аумағындағы қоқыс өңдей­тін зауыттар құрылысы сала­сын­дағы испаниялық тараппен ынтымақтастыққа бағыт­тал­ған Өзара түсіністік туралы мемо­рандумға қол қойылды. Осы мемо­рандум аясында еліміздің аума­ғында жалпы құны 150 мил­лион еуро болатын қоқыс өң­дейтін 9 нысан салынбақ.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»