Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Батыс Қазақстан облысында Зеленов ауданының атауы өзгереді

1453 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін кезекті 19 сессия отырысында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары осындай шешім қабылдады.

Батыс Қазақстан облысында Зеленов ауданының атауы өзгереді

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында сөз алған Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева Зеленов ауданындағы барлық 22 ауылдық округте және аудан орталығында осы мәселе талқыланып, қоғамдық тыңдау кезінде көпшілік тарапынан қолдау тапқанын айтты. Көпшілік ұйғарымы бойынша Зеленов ауданын Бәйтерек ауданы деп атау ұсынылған.

Шешім облыстық мәслихат сессиясына қатысқан депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Зеленов ауданы бөлек әкімшілік құрылым ретінде 1939 жылы құрылған, 1997 жылы аудан құрамына Приуральный ауданы кірді, жалпы аумағы – 7,4 мың шаршы шақырымды құрайды. Орталығы Переметный ауылы облыс орталығы Орал қаласынан 38 шақырымда орналасқан. Ауданда 22 ауылдық округ, 68 ауылдық елді мекен бар, онда 2018 жылдың 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 57,2 мың адам тұрып жатыр.

Айта кетейік, Зеленов ауданы Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын бойлай орналасқан. Ресей Федерациясының 3 облысымен – Орынбор облысының Первомай, Ташла аудандарымен, Самара облысының Большечернигов ауданымен және Саратов облысының Озинки, Перелюб аудандарымен шектеседі.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан