Спорт • 28 Қыркүйек, 2018

Райдер кубогы Францияда өтеді

336 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Гольфтан айтулы Райдер кубогы биыл алғаш рет Францияда өтеді, деп хабарлайды Euronews.

Райдер кубогы Францияда өтеді

АҚШ пен Еуропа құрамалары жұма күні Парижге жақын Сен-Кантен-ан-Ивелиндегі Golf National алаңында кездеседі.

Әзірге құрама капитандары тартысқа қатысатын ойыншылар тізімін жасақтауда.

Америка гольфшысы Фил Микелсон «Біздің алдымызда қиын міндет тұр. Бізге қарсы Еуропаның талантты командасы өнер көрсетпек. Олардың қатарында алғыр жас ойыншылар бар. Команда тәжірибелі, басшылығы мықты. Бұған қарамастан, мен өз командамды, жаттықтырушыларымды жақсы көремін. Екі құрама үшін де алдағы ойын қиын әрі тартысты болмақ. Егер осы жолы жеңіске жетсек, мен оны өмір бойы есімде сақтаймын», деді ол.

Сейсенбі күні алғашқы жаттығулар басталды. Еуропа құрамасының сапындағы Солтүстік Ирландиялық Рори Макилрой жарысқа әйгілі америкалық спортшы Тайгер Вудстың қатысуы туралы: «Менің ойымша, оның қатысуы АҚШ командасы үшін жақсы нәтиже алып келуі мүмкін. Біз тек Тайгер Вудсты емес, түгел Америка құрамасын жеңуге ниеттіміз» деді.

Жарыс жексенбі күні аяқталады. Ойынды тамашалауға 300 мыңға жуық көрермен келеді деп күтілуде.