Президент • 28 Қыркүйек, 2018

ТМД мемлекет басшыларының отырысында бірқатар құжаттар қабылданды

576 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Душанбеде өтіп жатқан Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) мүше мемлекеттер басшыларының кезекті отырысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

ТМД мемлекет басшыларының отырысында бірқатар құжаттар қабылданды

Жиын қорытындысы бойынша 15 құжатқа қол қойылды. Олардың екеуі – халықаралық келісім. Атап айтқанда, ұйымға мүше мемлекеттер Ақпараттық технология саласындағы қылмыспен күрес жөніндегі ынтымақтастық және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану және зерттеу жөніндегі ынтымақтастық конвенциясы бірауыздан қабылданды.

ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедевтің айтуынша, мемлекет басшылары ТМД-ны дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ Түрікменстанның келер жылғы төрағалығын қолдады. Әйтсе де, 2019 жылы ТМД-ға екі мемлекет төрағалық етеді. Оның екіншісі – Өзбекстан.

«Түрікменстанның ұсынысы бойынша ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысын 2019 жылы 11 қазанда Ашхабадта өткізу туралы шешім қабылданды. Кадрлық мәселелерден бөлек жиынға қатысқан мемлекеттер қалған құжаттарды талқылаусыз қол қоюға келісті», деді С.Лебедев.

Бұдан бөлек, ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімдеріне қатысты 13 құжат рәсімделді. Олардың қатарында Түрікменстанның келесі жылдағы төрағалығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына дайындық шаралары, 2021 жылы Тәжікстанда «Достастықтың мәдени астаналары» атты мемлекетаралық бағдарламаны іске асыру, 2019-2023 жылдар аралығында қылмыспен күрес шараларын бірлесіп жүргізудің мемлекетаралық бағдарламасы, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені толықтыру, кеңестің кейбір шешімдерін тоқтату, ТМД-ға мүше Мемлекет басшыларының Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы мәлімдемесі, жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған бірлескен мәлімдеме және тағы басқа құжаттар бар.

ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кезекті отырысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сонымен қатар жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Молдова Президенті Игорь Додон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Пурли Агамурадов келді.

Отырыстың алғашқы бөлігі шағын құрамда, жабық есік жағдайында өтті. Онда ТМД төрағалығы және ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кезекті отырысын өткізу мәселелері қаралды.

Кеңес барысында ТМД-ға төрағалық ету міндеті Түркіменстан тарапына ресми түрде тапсырылды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"

Душанбеден