Президент • 28 Қыркүйек, 2018

ТМД елдері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша жаңа шешімдер мен құжаттар қабылданды

825 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

ТМД елдері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша жаңа шешімдер мен құжаттар қабылданды

Отырыста Мемлекет басшысы ТМД аясындағы қарым-қатынастарды нығайтып, дамыту үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев ұйымды реформалау және Достастықтың тұжырымдамалық құжаттарын жаңарту жолында қолға алынып жатқан шаралардың тиімділігін атап өтті.

Қазақстан Президенті мемлекетаралық қатынастарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетін бірқатар перспективті бағыттарға назар аударды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ТМД-ның экономикалық негізін нығайту және елдер арасындағы сауда кедергілерін жоюға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігі туралы айтты.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту және ТМД-ға мүше барлық елдердің көлік-транзит әлеуетін пайдалану жөніндегі мәселелерге тоқталды.   

Қазақстан Президенті ғылыми-ғарыш, цифрландыру және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне назар аударды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп, ТМД-ға мүше елдердің бәрін Қаржы орталығының жұмысына белсенді атсалысуға шақырды. 

ТМД елдері басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша мынадай шешімдер мен құжаттар қабылданды:

1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласына қатысты қылмыстармен күрес жүргізудегі ынтымақтастығы туралы келісім;

2. Ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсаттарға пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің конвенциясы;

3. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық ету туралы;

4. 1941-1945 жылдардағы Ұлы отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге дайындық туралы;

5. 1948 жылы 10 желтоқсанда қабылданған Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 70 жылдығына байланысты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мәлімдемесі туралы;

6. 2021 жылы Тәжікстан Республикасында «Достастықтың мәдени астаналары» атты мемлекетаралық бағдарламаны жүзеге асыру туралы;

7. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде 2021 жылды Сәулет және қала құрылысы жылы деп жариялау туралы;

8. Қылмыстылықпен күрестегі бірлескен шаралардың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекетаралық бағдарламасы туралы;

9. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі жөніндегі ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;

10. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Террорға қарсы орталығы жөніндегі ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;

11. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Террорға қарсы орталығының басшысы туралы;

12. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің жанындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс мәселелері жөніндегі Үйлестіру комитетінің төрағасы туралы;

13. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің шешімдерінің күшін жою туралы;

14. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет басшыларының Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жөніндегі мәлімдемесі туралы;

15. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет басшыларының Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына байланысты мәлімдемесі туралы.