Медицина • 28 Қыркүйек, 2018

Тәжірибелік біліктілігіне басымдық берілген мейірбикелер даярланады

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов биыл денсаулық сақтау ұйымдарында мейірбике қызметінің жаңа моделін енгізу бойынша пилоттық жоба басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Тәжірибелік біліктілігіне басымдық берілген мейірбикелер даярланады

Мейірбике қызметінің жаңа моделін енгізу бойынша пилоттық жоба 31 пилоттық медицина ұйымы негізінде — ҚР жеті өңірінде жоғары медициналық колледждердің клиникалық базаларында (көпбейінді үлкен адамдар мен балалар стационарлары, емханалар, перинаталдық орталықтар) басталды.

«Жаңа модельдің мәні – егер осыған дейін күретамырлық қысым, гипертензия секілді көп таралған ауру түрлері бойынша медициналық көмек көрсету кезінде науқастарға қатысты шешімді дәрігерлер ғана қабылдайтын болса, енді мейірбикелер де тәжірибелік тұрғыдан дайын болуы керек», — деді Е. Біртанов.

Осы жоба аясында мейірбике қызметінің жаңа моделін енгізудің қағидалары мен әдіснамалық негіздері әзірленетін болады: ұйымның ұйымдастырушылық құрылымы және штаттық кестеге қойылатын талаптар, жалпы практикадағы қолданбалы бакалаврлар мен мейірбикелердің функционалдары қайта қаралып, жаңа мейірбикелік қызметтерді трафикациялау тетіктері және т.б әзірленеді.

Министр Қазақстанда орта буын кадрлары 76 медициналық білім беру ұйымдарында оқытылатынын атап өтті.

Сонымен қатар, мейірбикелерді даярлау сапасын арттыру үшін ҚР ДСМ оқу кезінде және оны аяқтаған соң колледж студенттерінің біліміне міндетті сырттай бағалау жүргізуді жоспарлап отыр. Оның нәтижелері бойынша, көрсеткіштер қанағаттандырарлық болмаған жағдайда, жұмыс істеуіне рұқсат етпей немесе осы колледждерді лицензияларынан айыру көзделген.

«Біз мұндай механизмді енгіземіз. Заң жобасы Парламент қарауына ұсынылған. Келесі жылдан бастап медициналық мейірбикелердің оқытылу сапасын қатаң қадағалайтын боламыз», — деді министр.

Бұған қоса, бүкіл мейірбикелер қызметі жүйесін Министрлік кезең-кезеңмен еуропалық үлгіге көшіруді жоспарлаған. Бұл бағыттағы жұмыстар 2014 жылы Финляндияның Қолданбалы ғылымдар университеттері федерациясымен бірге басталған. 2018 жылы «мейірбике ісінің қолданбалы бакалавры» біліктілігімен «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша алғашқы түлектер — 140 түлек бітіріп шықты. Жыл сайын олардың саны арта түсетін болады. Сонымен қатар аталған бағдарлама бойынша аккредитацияланған білім мекемелерінің саны артады.

Финляндияның Қолданбалы ғылымдар университетінің федерациясымен өзара серіктестік іс-қимылы аясында «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың білім беру бағдарламасы әзірленді. Аталған бағдарламаны іске асыру 2014 жылғы қыркүйек айында алты мемлекеттік медициналық колледждер базасында эксперимент режимінде басталған және практикалық біліктілігі мықты медициналық мейірбикелерді даярлауға бағытталған. Аталған бағдарлама Еуроодақ елдерінде кеңінен таралған.