Президент • 28 Қыркүйек, 2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шымкентке келді

598 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасының жұмыс сапары «ПКОП» ЖШС-і мұнай өңдеу зауытынан басталды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шымкентке келді

Жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында зауытта жаңғырту жобасы 2011 жылы басталған болатын. Инвестиция көлемі - 580  млрд. теңге болатын жобаның қуаттылығы – жылына 6 млн тонна мұнай өңдеуге жетеді. Жаңғырту және қайта құру жобасы екі кезеңде жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде, компания Кеден одағында қабылданған, К4 және К5 экологиялық класының (аналогы Еуро-4 және Еуро-5) бензин және дизель отынының өндірісін құрды. 15 тамызда жоғары сапалы өнім шығара бастады. Жылына қуаттылығы 2  млн тонна шикізат өндіретін RFCC каталитикалық крекинг қондырғысын орнату жоспарланып, UOP американдық компания технологиясымен жасалынды. Ал 28 қыркүйек күні RFCC кешені іске қосылды. Ол зауыт айналымын ұлғайтып, К-4 және  К-5 класты сапалы бензин мен дизель өндіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы жөнінде баяндалып, Қазақстанның мұнай нарығындағы қазіргі жағдай туралы мәлімет берілді. Баяндаманы тыңдаған соң Елбасы экологиялық тұрғыдан таза жанармай түрлерін пайдаланудың және оның тұрғындар үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтті.

– Біз газбен жүретін автобустар шығарып жатырмыз. Солардың өндіріс көлемін ұлғайту қажет. Бұл ұлттық экономиканы ынталандырып, экологияға келетін зиянды азайтады. Сонымен қатар, көлікті газға ауыстыру оның иелері үшін де ұтымды, – деді Мемлекет басшысы.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент