Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2018

Жадыны жаңғыртқан мәдени жоба

468 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Балқаш баурайындағы рухани тірлікке тың серпін берген «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар» халықаралық мәдениеттанушылық жобасы мәресіне жетті. 

Жадыны жаңғыртқан мәдени жоба

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен шара арнайы делегацияның Бектауата шатқалындағы «Ұлы Дала өркениеті» этноауылына барып, «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұрасы»  республикалық тарихи-экологиялық акциясы шеңберінде  Қазақстанның халық ақыны және композитор Шашубай Қошқарбаевтың кесенесіне гүл шоқтарын қоюымен басталып, «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар – 2018: Ұлы Жібек жолы – тарих және қазіргі заман» халықаралық ғылыми конференциясымен түйінделді.

Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар» халықаралық мәдениеттанушылық жобасы 2007 жылдан бастап Орталық Азия өңірі елдерінің қатысуымен жыл сайын өткізіліп келеді. Ондағы мақсат – Орталық Азия өңірі елдері мен халықтарының арасындағы жан-жақты байланыстардың жаңғыруына және нығаюына ықпал ету. Жобаға он жылдан астам уақыт бойы жазушы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов ұйытқы болып, жетекшілік етіп келеді.

Халықаралық ғылыми конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай және Ресейдің сарапшылары, философтары, саясаттанушылары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің, кафедраларының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, студенттер, ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Конференция жұмысын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев құттықтау сөз сөйлеп ашты. Одан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко сөз алып, шараның маңызына тоқталды. «Жібек жолы бойындағы сұхбат – бабалар еңбегіне жасалған құрмет. Балқаш – тарихқа бай өлке. Аңыз бен тағылымға толы қасиетті Бектауата – біздің мұрамыз. Бұл ұрпақ үшін үлкен аманат», – деді Л.Прокопенко. Сондай-ақ, ол Елбасының тапсырмасы бойынша Балқаш өндірістік орын ғана емес, туристік аймақ ретінде дамуы қажеттігін атап өтті.

Жиын барысында Ұлы Жібек жолының жалпыұлттық құндылық, этносаралық және конфессияаралық татулықтың қалыптасуына тікелей ықпал ететіні туралы айтылды.

Дөңгелек үстелге төрағалық еткен жазушы Мұрат Әуезов әрбір жасалған істе ұлттық құндылық бірінші орында тұру керектігіне ерекше екпін берді. «Түркітілдес елдердің ынтымағын қалай сақтап қаламыз? Міне, басты мәселенің бірі осы болуы керек. Мұнда тек ұлтын сүйген ұландар ғана жиналып отыр. Біз қасиетті мекенде бас қосып отырмыз. Балқаш көлі екіге бөлінген. Дәл ортасынан Ұлы Жібек жолының көші өткен. «Адам күбірін тау естиді, тау күбірін Тәңір естиді» деген тәмсіл қалған». Біз әу бастан мақсатымыз бен мұратымызды, жұлдызымды анықтап алғанбыз. Біздің мұрат – қазақ елі үшін, ұлт үшін аянбай еңбек ету. Қаншама қиын-қыстау кезеңнен өттік. Қырылдық, соғысты көрдік. Алайда рухымыз мұқалған емес. Осы рухымызды жоғалтпауымыз қажет», – деді Мұрат Әуезов

Онан әрі сарапшылар «Жаңа жібек жолы магистралінің Орталық Азия елдерінің бірлесу стратегиясы» тақырыбында баяндама жасады.

Мәдениеттанушы, өнертанушы, Өзбекстан Композиторлар одағының мүшесі Александр Жұмаев өз сөзінде Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Шыңғыс Айтматов секілді тұлғалар көп болғанда  біраз мәселенің басы қайырылар еді деген тұжырымын айтты. «Олар – Орталық Азия аумағына тұлға ретінде өнеге болады», – деді өзбек өнертанушысы.

Тарих және оның салдарын қарастыруға байланысты философия ғылымдарының докторы Альмира Наурызбаева өз ойын ортаға салды. «Біз тарихтың әдістемесін мүлдем өзгертуіміз керек. Мұнсыз сана жаңғырмайды», – дегенді алға тартты ғалым.

Ұлы Жібек жолы тақырыбында Ресейдің «Евразийский диалог» әлеуметтік-экономикалық әріптестік қорының президенті Айжан Түзелбекова баяндама жасады.

«Біз экономика арқылы мәдениетімізді енгіздік, енді керісінше мәдениет арқылы экономиканың кейбір түйткілді мәселелерінің түйінін  шеше аламыз. Этно-туризмді қарқынды дамытуымыз қажет», – деді ресейлік қандасымыз.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның, мәдениаралық диалог қалыптастыру тәжірибесімен алмасты.

Шара спикерлерінің бірі, тарих ғылымдарының докторы, жазушы Марат Сембин: «Кезінде Қазақстанға қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін қазақтар бауырындай қарсы алды. Содан олардың арасында ажырамас достық қалыптасты. Осыдан-ақ қазақ ұлтының ұлылығын көруге болады», – деп түйіндеді ғалым.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен қазақстан»

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы