Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2018

Н.Назарбаев: Шымкент - туристер үшін тартымды орталыққа айналуы тиіс

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына сапары барысында Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңеске қатысты.

Н.Назарбаев: Шымкент - туристер үшін тартымды орталыққа айналуы тиіс

Жиында Мемлекет басшысы Шымкент қаласын дамыту үшін жасалуы тиіс жұмыстарға тоқталып, шаһарды өркендетудің бірнеше бағытын атап көрсетті. Әсіресе, Шымкентті жаңа деңгейге көтеру үшін туризм саласына ерекше ден қою қажеттігін жеткізді.

«Мұнда опера және балет театры, дендробақ, зообақ, концерт залдары, театрлар, музейлер және тағы басқа қоғамдық орындар көп. Мұндай мәдени орталықтар көп жерде жоқ, ал Шымкентте бәрі бар», деді Н.Назарбаев.

Елбасы мұндай орталықтар шаһардың өркендей түсуіне оң серпін беретінін айтып өтті.

Сонымен қатар туризмді дамыту жол және көлік инфрақұрылымды жақсарту қажеттігін тапсырды.

«Туризм деген сөзді қазақ онша біле бермейді. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне жылына миллионнан астам адам келеді. Әлемде туризм – бизнестің ең үлкен саласы, ең табысты көзі. Біз де осыған ұмтылуымыз қажет. Қазақстанға келгісі келетін, көргісі келетін адам көп. Осыны ескеріп, әуежай, темір жол вокзалы, автовокзал секілді қоғамдық көлік жоғары деңгейге көтерілуі тиіс. Шымкент – туристер үшін тартымды орталыққа айналуы керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы аталған міндеттерді орындауға үкімет те, әкімшілік те көмектесетінін жеткізді. Былтыр Сочи қаласында өткен ТМД елдері басшылары кеңесінде 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД-ның мәдени астанасы атанады деп жарияланған болатын. Н.Назарбаев осыған назар аударып, дайындық жұмыстарын пысықтауды тапсырды.

Бұдан кейін Өзбекстанмен шекаралық форум өткізуді жоспарлауды тапсырып, отандық тауарларды көрші елдің нарығына шығарудың маңыздылығына тоқталды.

«Үкімет пен қала әкімшілігі бірлесіп, Шымкентте халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарларын әзірлеуді тапсырамын. Астана мен Алматыда түрлі халықаралық жиындар өтіп жатыр. Енді Шымкентті де сол қатарға қосып, халықаралық іс-шаралар өтетін алаңға айналуы керек. Ол үшін тиісті ғимараттар – конференц залдар, конгрес холл салыну қажет», деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы ауа райының қолайлы болуы қойылған тапсырмаларды жедел жүзеге асырып, Шымкент қаласын дамытуға оң серпін беретініне сенім білдірді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент қаласы

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51