Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2018

Елбасы Шымкенттің құрылысы бойынша 2023 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылдауды тапсырды

507 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы Астана мен Алматы сияқты өзінің даму моделін өзгертіп, жаңа міндеттерді іске асыруы қажет. Осыған байланысты болашақ Шымкенттің стратегиясын әзірлеу керек

Елбасы Шымкенттің құрылысы бойынша 2023 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылдауды тапсырды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңесте осылай деді. Жұмыс сапары барысында таңертеңнен қаланы аралап, жасалып жатқан жұмыстармен танысқан Елбасы үшінші мегаполисті дамытудың нақты бағыттарын айқындап берді.

Біріншіден, қала Орталық Азияда қуатты экономикалық орталыққа, қонақтар үшін жайлы әрі тартымды мегопилиске айналуы тиіс. «Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, іргелес жатқан Ташкент қаласында халықтың саны екі жарым есе көп болғанына қарамастан, ол жақта бір адамға шаққандағы өнім көлемі бізден төмен. Ташкентте 3 500 доллар болса, Шымкентте - 5 100 АҚШ доллары. Көрдіңіздер ме? Екі есеге көп. Сондықтан қаланы ірі өнеркәсіптік, инновациялық, сауда-логистикалық орталық ретінде дамытудың стратегиясын әзірлеуіміз керек. Бұл бағытта инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамытқан жөн. Сондықтан мен Үкіметке де, әкімшілікке де Шымкент қаласының құрылысы бойынша 2023 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылдауды тапсырамын», - деді Н.Назарбаев.

Екіншіден, Шымкентте болашағы бар экономикалық салаларды дамыту қажет. Соның ішінде азық-түлік, тоқыма, құрылыс материалдары, фармацевтика және тағы басқа кластерлер бар. Үшіншіден, жас мамандарды даярлау жұмысына баса назар аудару қажет. Өйткені, Шымкент тұрғындарының 42 проценті - жастар. Яғни, жергілікті оқу орындарының мәртебесін арттырып, шетелдік университеттермен әріптестік байланыстарын күшейту маңызды.

Ал жергілікті мектептер зияткерлік мектептердің тәжірибесін кеңінен қолдануы тиіс. Әсіресе, ағылшын тіліндегі бағдарламаларды көбейткен жөн. Шымкенттегі университеттер халықаралық деңгейге көтеріліп, Орталық Азия мен Оңтүстік Азия елдерінің абитуриенттері келіп, осы жерде оқуға ынталы болуы қажет. Сондай-ақ Елбасы Шымкент қазіргі заманғы инновациялық орталығын құруға кірісуі қажеттігін атап көрсетті.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қала күнін белгілеу бойынша бастамасына Елбасы қарсы болмады.

«Тарихшылар қаланың іргесі қаланғанына 2200 жыл болғанын дәлелдеуде. Қазір ЮНЕСКО-ға да арнайы құжаттар дайындаудамыз. Бірақ қаншама ғасыр өтсе де, қаламыздың ресми күні әлі белгіленбеген. Қаламыздың ерекше мәртебесін өзіңіз арнайы Жарлықпен 19 маусым күні бекіттіңіз. Осыған байланысты, қала жұртшылығы қала күнін соған белгілеуді ұсынып отыр», - деді Ғ.Әбдірахымов.

Президент ондай бастамаға қарсы болмады. Алайда, қала күнін нақты тарихи деректерге негіздеп, содан бастауды ұсынды. «Шымкент Ұлы Жібек жолында тұрған көне қала. Шымкент, Тараз бар. Негізі, менің қарсылығым жоқ. Егер 2200 жыл деп айтсақ, солай атайық, содан бастайық. Бірақ оны дәлелдеу керек», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы мегаполистің тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты жоспарымен танысты.  Елбасына қаладағы нысандар құрылысы мен оларды реконструкциялау туралы ақпарат ұсынылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Халыққа қызмет көрсету орталығы, Жұмыспен қамту орталығы, Көші-қон қызметі және Азаматтардың хал актілерін жазу бөлімі (АХАЖ) орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығымен танысты.   Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Шымкент» ӘКК төрағасы Рашид Аюпов үшінші мегаполисті цифрландыру жобалары туралы баяндады.

Орталық қала тұрғындарымен қатар шетелдік инвесторлар үшін де цифрлық форматта мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған. Мемлекет басшысына экономиканың түрлі секторларын, соның ішінде агроөнеркәсіп кешені, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, көлік және қауіпсіздік салаларын цифрландыру жобаларының іске асырылуы жөнінде баяндалды.

«Шымкент ірі мегаполиске айналады. Мұнда жаңа жобалар іске асырылуда. Еңбекқор шымкенттіктер қаланы дамытудың кепілі саналады. Жұмыстың ең маңызды бағыты – шағын және орта бизнес. Оны дамыту үшін тиісті қолдау көрсету қажет» – дей келе Елбасы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету ісінің сапасын арттыру және жеделдету үшін цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды екенін  атап өтті.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент