Қазақстан • 29 Қыркүйек, 2018

Қазақстанның Есеп комитеті ASOSAI Аудиторлық комитетінің мүшесі болды

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Есеп комитеті 2018-2021 жылдарға ASOSAI (Азия жоғары мемлекеттік аудит органдарының ұйымы) Аудиторлық комитетінің  мүшесі болып сайланды, деп хабарлайды Есеп комитетінің баспасөз қызметі. 

Қазақстанның Есеп комитеті ASOSAI Аудиторлық комитетінің мүшесі болды

Есеп комитетінің осындай жоғары лауазымға сайлануы ведомство қызметінің одан әрі жандануына және Қазақстан Республикасының халықаралық аудиторлық қоғамдастықтағы имиджін нығайтуға ықпал ететін болады.

Дауыс беру нәтижесінде Түркияның Есеп соты да Аудиторлық комитеттің мүшесі болып сайланды. Екі елдің жоғары аудит органдары (ЖАО) 2018-2021 жылдар ішінде ASOSAI қаржылық есептілігіне аудит жүргізуі тиіс.

Аудиторлық комитеттің мүшелерін және Басқарушы кеңесті сайлау Вьетнамның Ханой қаласында 14-ші ASOSAI Ассамблеясы шеңберінде өткізілді. Оған ASOSAI-ға мүше елдердің жоғары аудит органдарының (ASOSAI) 200-ден астам өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар қатысты.

Қазақстандық делегацияны Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан басқарды.

Ассамблея барысында ұйым қызметінің үш жылдағы қорытындысы шығарылды. ASOSAI-дың 2015-2017 жылдардағы қаржылық есептілігі қаралды, 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті бекітілді, Стратегиялық жұмыс жоспарын іске асырудың нәтижелері талқыланды.

Малайзияның бас аудиторынан Ұйым төрағасының өкілеттіктерін 2018-2021 жылдарға Вьетнамның бас аудиторына тапсыру салтанаты өтті. Қытайдың Ұлттық аудит офисі осы кезеңге ASOSAI Бас хатшысы болып белгіленді. ASOSAI құрамына жаңа мүше - Палестинаның ЖАО қабылданды. Келесі Ассамблеяны Таиландта өткізілетін болды.

7-ші ASOSAI симпозиумы барысында климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы және адамзат өміріне қауіп төндіретін басқа да жаһандық проблемалар аясында тұрақты даму мақсатында қоршаған орта аудитін жүргізудің өзекті мәселелері талқыланды.

Жұмыстың қорытындысы бойынша Ханой декларациясы қабылданды, оған сәйкес қатысушылар білім және тәжірибе алмасу, экологиялық аудит стандарттарын тарату, қарқынды оқыту курстарын ұйымдастыру, осы саладағы мәселелерді шешу үшін бірлескен тексерулер жүргізу арқылы ASOSAI қызметін жандандыру туралы уағдаласты.

Іс-шара шеңберінде Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан Вьетнам, Иран, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Түркия, Оңтүстік Корея және Жапония ЖАО-ларының басшыларымен және өкілдерімен кездесті.

Тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша ынтымақтастықты жандандыру және нығайту жолдарын талқылады. Вьетнам мен Таиланд ЖАО-ларымен ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумдарға қол қою туралы келісімге қол жеткізілді. Талғат Жақан әріптестеріне алғысын білдіріп, Аудиторлық комитеттің мүшесі ретінде Қазақстанның Есеп комитеті ASOSAI шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін әлеуетін және жинақталған тәжірибесін пайдалану үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.