Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары анықталды

803 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» дәстүрлі байқауының қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, сондай-ақ басқа да мемлекеттік орган, бизнес қауымдастық, үкіметтік емес ұйым өкілдері және Парламент депутаттары қатысты.     

Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары анықталды

Фото: nurotan.kz

Биылғы байқау алғаш рет «Нұр Отан» партиясының және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Биыл алтыншы рет өткізілген байқауға еліміздің әр өңірінен 318 автор қатысып, өз жобаларын ұсынған. Бұл былтырғы былтырғымен салыстырғанда екі есеге көп.

Облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткен аймақтық және аумақтық кезеңдерден кейін байқау комиссиясының шешімімен 55 жоба іріктеліп, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Олар 20 қыркүйекке дейін интернетте жүргізілген онлайн дауыс беруге қатысты. Ұйымдастырушылар онлайн дауыс беруге 56 мың қазақстандық қатысып, үздіктерді анықтауға үлкен үлес қосқнын айтады.

Марапаттау рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу – Елбасы анықтап берген еліміздегі ең басты басымдықтардың бірі екенін айтты. «Осы бағытта соңғы жылдарда мемлекеттік органдар тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Елбасы халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған өзінің бес әлеуметтік бастамасын жариялап, алдымызға жаңа міндеттер қойды. Осы ретте қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдармен бірге, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлер және саяси партиялар да белсенді әрекет етсе, көздеген межеге қол жеткізу жеңілдейтіні сөзсіз», деді М.Әшімбаев.

Жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтаған Мәулен Әшімбаев байқауға қатысқан барлық жоба авторлары жеңіске лайық екенін айтып, мұндай байқаудың әлеуметтік, рухани және тәрбиелік маңызы зор  екенін атап өтті. «Бұл біріншіден, әлеуметтік салада белсенділігімен танылған қоғамдық ұйымдар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созған жеке азаматтарға қолдау көрсетуге, олардың еңбектерін елеп-ескеруге мүмкіндік беретін болса, екіншіден, сондай бірлестіктерді көпшілікке үлгі-өнеге ретінде дәріптеуге жол ашады. Қазіргі таңда елімізде ондай ұйымдар мен азаматтар мыңдап саналады. Біз олардың жұмыстарын жоғары бағалай отырып, аталған ұйымдарға тиісті жағдай жасауды барлық мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және саяси партиялардың жауапкершілігі деп қабылдаймыз. Өйткені олар осындай игі істерімен қоғамымызда қайырымдылық мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершіліктің қалыптасуына үлкен үлестерін қосып келеді. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы осы дәстүрлі байқауға атсалысып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізіп отыр», деді ол.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бұл іс-шараның қоғамда тең мүмкіндіктер қалыптастыру жолында игі дәстүрге айналғанын айтты. Оның айтуынша, әлеуметтік жобалар байқауына қатысып отырған жүздеген авторлар өздерінің белсенді өмірлік ұстанымдарын білдіріп қана қоймай, мұқтаж жандарға қиындықты жеңуге, олардың өмірге деген құштарлығын арттыруға және қоғам өміріне белсене араласуға септігін тигізіп отыр. Министр биыл мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған жоспардың аяқталғанына тоқталып, аталған ведомствоның келесі 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлегенін айтты. «Биыл байқау алғаш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізіліп отыр. Соның нәтижесінде жоба жалпыұлттық деңгейге көтеріліп, қатысушылар саны рекордтың межеге жетті. Жалпы бұл байқаудың осындай биікке жетуі қоғамымыздағы бірліктің белгісі», деді министр.

Қатысушылардың өтініштері сәуір айынан маусым айының соңына дейін бес бағыт бойынша қабылданған. Оның 42-сі әлеуметтік мәселелерді шешудегі ақпараттық ілгерілеуге (13,1%), 53 өтініш әлеуметтік салада еріктілер қозғалысын дамытуға (16,7%) арналған. 116 өтініш тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету (36,5%), 47 өтініш мүгедектігі бар тұлғаларды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал ету (14,8%) бойынша болған. Ал 60 өтініш қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмек көрсету (18,9%) бағытымен қабылданған екен. Соңғы бағыт бойынша қабылданған өтініштер қатарына түрлі келеңсіздіктерге тап болған жандарға, соның ішінде адам саудасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, жазасын өтеп шыққан жандардың қоғамға бейімделуіне, үйсіз жандарға қолдау көрсетуге арналған жобалар да қатысқан.

Ұйымдастырушылар байқау танылмалдылығының күрт артуы және лайықты жобалардың көп болуына байланысты Орталық байқау комиссиясы биыл жүлделі орындардың санын көбейту туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Сөйтіп биыл үш қатысушы 3-орын, екі қатысушы 2-орын иеленсе, 1 жеңімпаз анықталды. Бұдан бөлек, комиссияның шешімімен 5 арнайы сыйлық пен онлайн дауыс беру кезінде ең көп «лайк» жинаған 3 жоба авторына да жүлде тағайындалды. Нәтижесінде салтанатты іс-шара кезінде әдеттегі үш қатысушының орнына 13 бірдей жоба авторы марапатталды.

Атап айтқанда, 1-орынды «Зейнеткерлерге тегін түскі ас» жобасымен қатысқан Рәсима Темірбаева алды. «Бұл менің ғана емес, барлық қайырымды жандардың жеңісі. Бұл көмекке мұқтаж адамдар бар, сол адамдарға көмекке келе алатын мейірімді жандар бар дегенді көрсетеді. Қарттарды сыйлау – атқарылған жұмыстардың ең абзалы. Бүгін мен үшін үлкен тосын сый болды», дейді жеңімпаз  Р.Темірбаева.

2-орынды «Арбадағы кедергісіз өмір» жобасымен қатысқан Нұрболат Қарабасов пен «Ел назы» арт-терапиямен дамыту орталығы жобасымен қатысқан белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов иеленді. «Ел назы» орталығы деп ашқан себебім – маған Алла үлкен сынақ берді. Үлкен ұлымның есту қабілеті төмен болып, қаншама жерді шарлап ем іздедім. Баламның болашағына қатты алаңдадым. Бәрібір менде үлкен үміт болды. Операция сәтті өтті. Қазір балам сөйлей де, жаза да, оқи да алады. Енді осындай балаларға арналған орталық ашып, өзімнің басымнан өткендей қиындықтары бар ата-аналарға көмектескім келді. Бұл жобама қолдау білдіріп, жұмыстың одан ары жүруіне серпін беріп отырған ұйымдастырушыларға үлкен рахметімді айтамын», деді әнші К.Жанәбілов.

Ал 3-орынға «Мейкатон «TOM: Kazakhstan» жобаларымен қатысқан Маржан Мәдиева мен Сәния Арапова лайық деп танылды. «Үміт сәулесі – тағдыр тауқыметін тартқан жандарға көмек береді. Оларды жұбатып, қуантып, үміттерін үздірмеуге тырыстық. Ең алғаш 2007 жылы қос қарияның тағдырын көрсеттік. Жанары суалған қосағын 20 жыл бойы өзі баққан ақсақалға үлкен қолдау бердік. Үйін жөндедік. Міне, осылай қаншама істің басы-қасында болдық. Еліміздің түкпір-түкпірінен қол ұшын созатын қайырымды азаматтарымыздың арқасында, мемлекетіміздің қолдауымен талай үмітке сәуле түсірдік», дейді 3-орын иегері.

Онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша Асхат Құсдәулетов, Жаннета Жазықбаева және Светлана Качура жүлдегер атанса, арнайы сыйлықтар Бибісара Бейсенбаева, Эмин Аскеров, Олжас Сыздықов, Ақбөпе Қаленова және Лейла Байрамоваға табысталды.

Марапаттау рәсімі өтуден бұрын республикалық байқауға қатысқан 55 жоба көпшілік назарына ұсынылып, мемлекеттік орган, үкіметтік емес ұйымдар, меценаттар мен инвесторлардың қатысуымен көрме ұйымдастырылды. Жобаларды көпшілікке өткен жылғы жеңімпаздар таныстырды. Мұны биылғы байқаудың басты ерекшелігі ретінде айтуға болады. Яғни былтыр осы байқауда топ жарып, көпшіліктің ықыласына бөленген тараздық данышпан Исаак Мустопуло, «Асар» оңалту фитнес-орталығының негізін қалаушы Елдос Баялышбаев, «Амазонка» онкологиялық дертке шалдыққандарды қолдау қорының директоры Анжелика Сарьян және тағы басқалары биылғы жеңімпаздарды марапаттауға арнайы қатысты.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»